«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚИЛЫ ЗАМАНДАҒЫ ТҰЛҒА ТАҒДЫРЫ

Елбасының 1997 жылдан бастап 31 мамыр күнін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялағаны белгілі. Биыл Жарлықтың қабылданғанына 24 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде нәубет құрбандарына арналған мұражайлар, ескерткіштер бой көтеріп, солақай саясаттың құрбаны болған Алаш зиялылары мен қарапайым халықтың көрген қасіреті жайлы тың деректер ашылып, бейнефильмдер түсіріліп, конференциялар мен танымдық шаралар өткізілуде.

Ата-бабамыз тәуелсіздік жолында талай қан төгіп, азапты күндерді бастан өткерген. Солардың ішіндегі нәубетті жылдар — қазақ халқының ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңі. 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшылығына Мәскеуден Голощекин келіп, қазақ даласына екінші қазан төңкерісін жасап, жан түршігерлік билігін жүргізді. Қазақстанда жүргізілген голощекиндік реформаның саяси бағыты — шаруалардың жекеменшігін тәркілеу, салық салу, қазақты күштеп отырықшыландырып, халықтың төрт түлік малына ауыз салу болды. Бұл дүркін ұзақ жылға созылып, малдан айырылған халық жаппай аштыққа ұшырап, қырыла бастады. Ата-бабамыз шекара асып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Ол кезде қазақ даласында болып жатқан ашаршылық сойқаны туралы баспасөз бетіне жазуға, айтуға қатаң тиым салынған болатын. Алаш арыстарының жан айқайын үкімет басшылығы құлақтарына да ілмеді. Халықтың қырылуы аздай, енді 1928-1939 жылдары жаппай қазақтың бас көтерер зиялы қауымы мен Алаш асылдары, әр саладағы білікті мамандары және қарапайым шаруаларына ауыз салып, келмеске айдатты. Қайтпас сапардың құрбаны болғандардың бірі — жерлесіміз, қазақ арасынан шыққан тіл ғылымының алғашқы профессоры, ғалым, ұлағатты ұстаз Құдайберген Қуанұлы Жұбанов. Арда тұлға ойлаған мақсатына, аңсаған арманына жете алмай, 37-ші жылдың күзінде ұсталып, 38-ші жылдың ақпанында қырыққа да жетпей, атылып кете барды. Сондағы келеңсіз КСРО жоғары соты әскери алқасының 1938 жылдың 25 ақпанында профессор Құдайберген Жұбановқа шығарылған жалған өкімінде «Кеңес үкіметін құлатуды, Қазақстанды КСРО-дан қарулы күшпен бөліп алуды алдын ала мақсат етіп қойған, революцияға қарсы буржуазиялық ұлттық көтерісшіл-террористік және диверсиялық-зиянкестік ұйымға белсенді қатысқаны үшін қылмыстық айыптаудың жоғарғы шегі — атылуға барлық өзіне тиесілі мүлкін тәркілей отырып, бұйырылды» деп жазылған екен…

Музей қорындағы деректерде ғалым Құдайберген Жұбановпен бірге бір күнде қоғам қайраткерлері – Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Сүлеймен Есқараев, Тел Жаманмұрынов, Ұзақбай Құлымбетов, Сейтқали Меңдашев, Сәкен Сейфуллин, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжановтардың да атылғаны жайлы айтылады. «Қайран ерте сөнген асылдарым-ай!» деп өзегің өртенеді… Ғалым Құдайберген Жұбановтың есімі және азаматтық құқығы арада жиырма жылдай уақыт өткеннен кейін ғана қалпына келді. Ғалымның атылғаны туралы сол кездегі үкімет 20 жыл бойы жақ ашпады, не өлгенін, не тірі екенін айтпады. Тіпті, «қайтыс болды» деген анықтама да бермеді. «Сібір жаққа айдауға жіберілген болар, әйтеуір келеді» деп үміттеніп жүрген отбасы мен бауыры ғалымның атылғанын естігенде, жүректері сыздап жылағанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл туралы жазушы Ертай Ашықбаевтың: «37- ші жылы Құдайберген Жұбанов халық жауы ретінде ұсталып кеткеннен кейін жас Ахметтің сырты бүтін, іші түтін қандай үрейлі күй кешкенін болжаудан ауыр мұң бар ма?!» деген сөзінің өзі асыл ердің жан қиналысын көрсеткендей… Ағасы ұсталғаннан кейін Ахмет атамыз да қудалануға түседі.

Алға бастырмас кертартпалардың, екіжүзді әпербақандардың кесірінен маңдай терімен өзі ұйымдастырған ұлт-аспаптар оркестрінің дирижерлығынан босатылып, филармониядағы жұмысынан шығарылып, партия қатарынан аластатылады. Қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың: «Ахаңның қол астында ұзақ жыл еңбек еткен домбырашы ақсақал көзіне жас алып, «Құдайберген ұсталғаннан кейін бұрын сүттей ұйып отырған оркестр ұжымы да бүйі тигендей бұзыла бастады. Әшейінде ерқара боп, топқа әзер ілесіп жүрген құба төбе біреулер ешкімқия басып алдынан өтіп көрмеген ардақты адамның жағасына жармасатынды шығарды. Бірнеше күнге созылған талқылауда ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Талайымыз оны іштен аяп, шығарға жанымыз басқа болып отырса да, ауыз ашарға дәрмен таппай, көзімізбен жер шұқып қалдық. Сонда сағаттар бойы салғыласта сабадан аспай, сабырын шашпай, талай нақақты қасқая тойтарып баққан сабаз еді…» деп еске алған еді» дегені бар. Ахмет атамыз да сол кезде қамауға алынуы мүмкін еді. Осы тығырықтан құтқарған «Амангелді» фильмі болатын. Себебі фильмнің музыкасын композитор Михаил Гнесинмен бірлесіп жазып, 1938 жылы аталмыш фильм үлкен жетістіктерге ие болған. Осыдан кейін Ахмет атамыз редактордың орынбасары ретінде жұмысқа қайта тағайындалды. Алайда, алда тағы да әділетсіздіктің зардабын күтіп тұрғанын қайран кемеңгер қайдан білсін! 1948 жылы азаматтық идеологиясының саясаты қайта басталып, 1951 жылы Ахмет атамыз ұлтшылдық қақатысты айыптауға қайта ілінді. Композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова өз естелігінде: «Әкемнің жаулары осыны пайдаланып, ағасының «халық жауы» болғанын алға тартты. «Қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы» деген кітабында жарияланған Абылайдың тұқымы Кенесары Қасымов туралы жазылған әуенді еске алады. Осы мәліметтің өзі әкемді ұлтшыл деп айыптауға жеткілікті еді. Сөйтіп консерваторияда, Композиторлар Одағында, Ғылым академиясында жиналысқа салу басталды. Әкем қайтадан жұмыссыз қалды. Көре алмаушылардың көзіне күйік болмау үшін Мәскеуге кетіп тынды» дейді естелігінде. Әрине, мұның бәрі Ахмет Жұбановқа оңай болған жоқ, денсаулығына да көп әсерін тигізгені аян. Филармониядан жұмыстан шығарылып, өзі ұйымдастырған ұлт-аспаптар оркестрінің дирижерлығынан босатылып, партия қатарынан аластатылса да, қайран кемеңгер қарап отырмады, бойындағы табиғат берген дарынын жаңа арнаға салып, қазақ өнерінің дамуына өз үлесін қоса берді.

Қазақтың маңдайына біткен ғылым мен өнердің қос жұлдызының зобалаң жылдары бірі көз жұмып, ерте сөнсе, бірі жапа шегіп, тауқыметті бастан өткергенін бүгінгі ұрпақ түсініп, қастерлеу керек екені анық.

Ұлболсын МҰХАМБЕТОВА, Ағайынды Жұбановтар музейінің директоры, Ембі қаласы

Ұқсас ақпараттар

Жыл басынан бері 69,8 млн тонна көмір өндірілді

admin_mugalzhar

ЖОЛҒА ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

admin_mugalzhar

ОБЛЫС ӘКІМІ ГАЗОБЛОК ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТҚА БАРДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.