«Қазгидромет» РМК синоптиктері 31 мамырда еліміздің кейбір өңірінде қатты ыстық, ал кейбірінде жаңбыр мен бұршақ жауатынын ескертті, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақтөбе облысында дүйсенбіде ауа температурасы +38 градусқа дейін көтеріліп, жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Синоптиктер мәліметі бойынша, өңірде өрт шығу қаупі сақталады.
31 мамырда Қарағанды облысы мен Жезқазғанда ауа температурасының көтерілуіне байланысты ескерту жарияланды. Кей жерлерде +38 градусқа дейін ыстық болады. Кей жерлерде найзағай болуы мүмкін.
Қызылордада және Қызылорда облысында термометр +43 градусқа дейін көтеріледі. Облыс бойынша кей жерлерде найзағай ойнап, құмды дауыл соғуы мүмкін.
Метеорологтар мәліметіне сүйенсек, Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтанда найзағай ойнайды. БҚО-да кей жерлерде бұршақ жауып, күн күркірейді. Қостанай облысында дауыл, бұршақ және найзағай күтіледі.
Павлодар облысында дүйсенбіде қатты жел соғып, екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді, кей жерлерде найзағай ойнайды.
Түркістан облысының тауларында құмды дауыл соғады, кей жерлерде найзағай күтіледі.
СҚО-ның басым бөлігінде қатты жаңбыр жауып, дауыл, бұршақ және найзағай болады деп күтіледі.