Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды. Енді ішкі істер министрлігінің бірқатар өкілеттігі еңбек және денсаулық сақтау министрліктерінеберіліп, олар қайта ұйымдастырылады. Құжатқа сәйкес, ішкі істер министрлігінің халықтың көші қоны саласындағы, сондай-ақ босқындар мәселелері жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі. Бұл ретте заңсыз көшіп келудің жолын кесу, заңсыз көшіп келушілердің реадмиссиясы, Қазақстаннан кетуге және Қазақстанға келуге визалар беру, халықты және азаматтықты құжаттандыру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер сол күйі ішкі істер министрлігінде қалады.
Сондай-ақ ішкі істер министрлігінің медициналық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері денсаулық сақтау министрлігіне өтті. Президент үкіметке қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдар арасында штат санын қайта бөлуді тапсырды.