Биыл жалпы құны 48 млрд теңге болатын 20 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл туралы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуандық Қасымов «Өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы» тақырыбында өткен тікелей эфир барысында айтты.
— 20 жобаның қатарында «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қожасай» кен орнында сағатына 40 мың текше метр газ өндіретін кешенді дайындау қондырғысын қайта жаңарту жобасының екінші кезеңі, «Бенқала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің темір кендерін құрғақ магнитті бөлу фабрикасы, «Akva Max» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бөтелкедегі су өндіретін зауыты, тағы басқалар бар. Ал «Зерде-Керамика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің керамогранит және керамикалық плиткалар шығаратын зауыты еліміздегі автоматтандыру үдерісімен заманауи италиялық жабдықтармен қамтылған бірегей жоба болмақ. Зауыттың өндірістік қуаты Қазақстанның батысын қамтамасыз етіп, Ресей мен көрші елдерге экспортталатын болады, — деді Қ.Қасымов.
Оның айтуынша, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша арнайы жоспарлар бекітілген. Жоспарға сәйкес 2022-2025 жылдар аралығында облыста 10 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, 1,5 трлн теңгеден астам қаржыға инвестициялық жобалар пулы құрылады.
Өткен жылы бұл бағытта өңірде жалпы сомасы 80 млрд теңгеге 23 жоба іске асырылып, 1,2 мың жұмыс орны құрылған. Аталған жобалардың бесеуі өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде жүзеге асырылған.
— Бүгінде облыстың өнеркәсіп саласында 868 кәсіпорын бар. Оларда 40 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Егер өнеркәсіптің өсу серпініне қарайтын болсақ, соңғы 5 жылда тұрақты өсу байқалады.
Қазіргі таңда өңір экономикасының одан әрі өсуін тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін инвестицияларды тарту ең басты басымдықтардың бірі болып отыр. Сондықтан
алдағы жылдары экономиканың металлургия және мұнай-химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, ірі қара мал терісін өңдеу және тағы басқа негізгі секторларда 852 жұмыс орнын құру, жалпы құны 30,8 миллиард теңге болатын 12 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні «Ақтөбе» индустриялық аймағын дамыту, шетелдік инвесторларды тарту және жаңа өндірістер құру мақсатында шетелдік әріптестердің қатысуымен индустриялық аймақ құру мәселесін пысықтап жатырмыз.
Облыс әкімдігі ерекше индустриялық аймақты орналастыру үшін ауданы 450 гектар жер учаскесін бөлді және жобаны табысты іске асыру үшін нормативтік-құқықтық актілерге барлық қажетті өзгерістер енгізді. Бұл ерекше индустриялық аймақты құруда күтілетін нәтиже — импортты алмастыру шеңберінде жаңа өндірістер құру үшін жетекші халықаралық компанияларды тарту, 20 мыңнан астам жұмыс орнын құру, экспорт көлемін ұлғайту, — деді басқарма басшысы.
Тікелей эфир барысында Қуандық Қасымов өңірдің сыртқы сауда айналымындағы жетістіктеріне де тоқталып өтті.
Оның айтуынша, облыстың 2021 жылғы қаңтар-қараша айындағы сыртқы сауда айналымы көрсеткіші 3,1 млрд АҚШ доллара жеткен.
Тікелей эфир соңында басқарма басшысы әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан түскен сауалдарға жауап берді.
Д.АЙДАР, «Ақтөбе» газеті.