ҚОҒАМНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ – ЕЛДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ

5023 0

Дүрбелеңге толы дүние долданып, әлемдегі алпауыт мемлекеттер бір-бірлеріне азуларын қайрап тұрған шақта бізге бастысы бейбітшілік, бөліну емес – бірігу, алауыздық емес – адамгершілік ауадай қажет болып тұр қазір. Онсыз да бүгінде бұғанасы қатайып, бәсекелестікке қауқары қарқынды Қазақстанның ырыс-несібесіне төрткүл дүниеде көз тігіп отырғандар аз емес. Сол үшін ішкі тұрақтылығымыздың маңыздылығына мән артылып отыр. Бұл – ел Тәуелсіздігін баянды етіп, бабаларымыздың аңсаған арманы мен аманатына қиянат жасамау жолындағы жасалып жатқан қарекет.

 Қауіп – іштен

 Осы уақытқа дейін небір сойқын саясат қазақты руға бөлді, жүзге бөлді, рухани құндылығынан ажыратпақ болды. Соған қарамастан, талай қилы кезеңді бастан өткерген ел елдігін сақтап қала алды. Алайда, ескірмейтін бір ақиқат бар – заман көші жаңарғанмен, тарихтың қайталанар тұстары көп. Мұны Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «…Тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды. Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз», — деген болатын. Демек, бүгінде дін атын жамылған келімсек кері ағымдар да – дәл осы революцияның бір көрінісі деуге толық негіз бар. Ең өкініштісі, аталмыш революцияның өз елімізде өз ұл-қызының қолымен жүзеге асып, ел ішіне іріткі салынуында болып отыр. Өткен жылдың жазында орын алған террорлық актілерде қол бастап, қандасына қару кезеніп, ұлты бір бауырын оққа ұштырғандар өзіміздің қарагөздер еді. Себеп – сенімінде. Алланы таныдым, ақиқатты таптым дегенімен, олардың таңдағаны тура жол емес, түбі тығырыққа апаратын адасу болып шықты. Намаз оқымағанның бәрін кәпірге шығаратын шикі түсінік. Мұндай санасы уланғандар Мұғалжар өлкесінде де бар. Дін мамандары олармен дамылсыз түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Басты мақсат – теріс идеологиядан қайтарып, шынайы исламға бет бұрғызу.

Өткен жылы да Елбасының тапсырмасымен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елдің Бас прокуроры Жақып Асанов бастаған жұмыс тобы өңірге келіп, 8 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіп, қоғамның бұл жанды жарасын жазудың жолдарын салып кеткен болатын. Содан бері өңірде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен, әрі тапсырмасымен бұл жұмыс үздіксіз жалғасын тауып келеді. Өткен аптада облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов бастаған жұмыс тобы сол бағыт бойынша ауданда үш күн болып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Теологтар мен облыстағы дінтану пәнінің үздік мұғалімдері аудандағы іссапар барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, мешіт имамдарымен, мектеп оқушылары және колледж студенттерімен, ата-аналармен семинарлар, жеке кездесулер өткізді. Ембі қаласы, Жұрын, Бірлік, Жағабұлақ, Саға, Сағашилі ауылдарында да болып, аталған бағытта жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар, аудан орталығындағы «Нұртай» мешітінің жамағатымен де кездесулер ұйымдастырылды. Жамағатпен кездесуге дін саласының майталманы, Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешітінің бас имамы, ұстаз Қабылбек Жұмабеков шақырылды.   Ол «Мұсылман деген кім?» тақырыбында уағыз айтып, шын мұсылманның бойынан табылу тиіс сипаттарды сөз етті. Жамағаттың қойған сауалдарына жауап берді.

-Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұл жұмыстың алғашқы кезеңі Бас прокурордың бастауымен жүргізіліп, қалған үш кезеңі облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асып отыр. Жұмыс нәтижессіз емес. Теологтардың ұзақ мерзімді түсіндіруінен кейін радикалды көзқарасынан қайтып жатқандар қатары толысуда, — дейді Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы.

Дінсіздік те, асыра діншілдік те – қоғамға жат

«Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» демекші, мұсылманшылығы мәміле жасау мәнерімен де, ісімен де үлеспей, дінді ұстануымен дүйім жұртты үркітетіндер көбеюде қазір. Ал асырасілтеушіліктің ақыры қоғамдағы түрлі кикілжіңдерді үдетуде. Бұл жағдайға байланысты облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов былай деп пікір білдірді.

-2011 жылдан бастап Қазақстанның аумағында бірнеше рет террорлық сипаттағы оқиғалар тіркелді. Адам өлімі орын алды. Ең сорақысы, дінбұзарлардың дүмпуінен бастау алған бұл жағдайлардан кейін  ислам терроризмі, діни экстремизм, діни радикализм сынды ұғымдар пайда болды. Себебі, мұндай бүліктерді ұйымдастырушыларға тән ортақ сипат – олардың ілімсіз «діндарлығы». Ал ең өкініштісі сол, бәрінен бұрын ата дініміз жапа шегуде. Кейінгі кездері намазы бүтін адамға бұрынғыдай құрметпен емес, күдікпен қарайтынымыз рас. Сақалының өзінен сезіктенеміз. Бүгінде кәмелет жасына толмаған балалардың ғибадат орнына ата-анасынсыз баруына рұқсат етілмейді. Ал кешегі бабаларымыздың «…баламды медресеге біл деп бердім..» деп жырлағанындай,қазақ халқы баласына кішкентайынан қырық парызын жаттаттырып, жақсы мен жаманды, ұят пен обалды үйретіп өсірді емес пе?!

Қазір жат ағым жетегінде жүргендер мектепте орамал тағу, екпе алмау мәселелерінде бүлік тудырып, қарсылық білдіруде. Екі ортада баланың балғын психологиясы бұзылуда. Қазір осыған байланысты жаңа заң жобасы Парламент депутаттарының талқылауына берілді. Көп ұзамай осы келеңсіздіктерге қатысты заң талабы өзгереді. Сәйкесінше, жағдай реттеледі деп сенемін, — деді Жолдас Нұрланұлы.

Кез-келген жат түсінікке қарсы тұра білу үшін – төл тарихымызды, түп-тарымызды білуіміз қажет. Осы ретте басқарма басшысы баһадүр бабаларымыз жүрген сара жолмен жүрсек, діңгегі дәстүрімізбен сабақтаса өрілген ата дінімізді ұстансақ деген тілегін жеткіздіді.

-Ұрпақ ұлттық құндылықтарымызды үлгі етіп өссе екен деймін. Себебі бүгінгі көпшілік жастар еуропаға еліктегіш келеді. Қарагөз қыздарымыздың бір бөлігі қолаң шашын жайып, көшеге шықса, енді бірі қара жамылуды дін бұйыртқан қатаң талап көреді. Екеуі де – қазақы түсінікке кереғар. Қазақ қызы ешуақытта шайтанша шашын жаймаған. Қара жамылу тіркесін де қайғы мағынасында астарлап айтады. Бірақ дінімізде орамал тағу балиғат жасына толған қыз балаға ғана парыз етіледі.  Егер, кейбір азаматтарымыз мектеп табалдырығын жаңа аттаған қыз баласынан орамал тағуын талап етпей, түсіністік танытып, мектеп басшылығымен ортақ бітімге келе алса, бұның өзі қарсылық танытушылардың қатарын сиретіп, бүліктің сейілуіне себеп болар еді. Біле білсек, білім алу да – балаға міндет. Ендеше, балғынның болашағына балта шауып, білім алуына кедергі келтірмеуіміз керек, — деді дін басқармасының басшысы.

Жастарымыздың, түбі терроризмге апарар, адасушы жат ағымдарға кіріп кетуінің ең бірінші себебі – діни білімнің аздығы. Егер де әрбір мұсылман өз дінін үйреніп, одан кейін балаларына үйретсе, бұндай теріс ағымдарға кету жағдайы жиі тіркелмес еді дейді Төлеби Оспан.

-Діни сауаттылықты арттырудың бірден-бір жолы – бұл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу. Бұл әрі теріс ағымның таралуына да тосқауыл болады. Соның бір айғағы – жуырда екі бірдей намазхан бауырымыз өзінің радикалды көзқарасынан қайтып, оның біреуі бүгінде мешіттегі сауат ашу курсынан, имам-ұстаздардан сабақ алып жүр.  Ал екіншісі – сотталған азамат, Ембідегі түзеу мекемесінде жазасын өтеуде. Жыл басынан бері облысымызда екінші мәрте іске қосылған «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы да нәтижелі болады деп сенеміз. 

Осы жерде және бір ескере кететін жайт, баланың өзге ағымға кетіп қалмауына бірінші кезекте ата-аналар жауапты. Алайда, діни сауаттылықтың аздығынан көпшілік ата-ана баласына бұл тұрғыда бағыт-бағдар бере алмайды. Бір тобы жаңадан намаз бастаған баласын мүлдем бақылаусыз қалдырады, діни ілімді қайдан алады, намазды кімнен үйренді, қалай оқып жүргендігі туралы сұрап-білмейді. Ал екінші жартысы керісінше, шектен тыс күдікшілдікпен баласын мешіттен тыйып тастайды. Бұл дұрыс емес. Әрбір бала өзі қызығушылық танытқан нәрсеге қанағаттанарлық жауап алмайынша тыншымайды, сөйтеді де, мешітке жібермесеңіз, ғаламтордан-ақ қажет ақпаратын іздеп тауып алады. Бірақ бұл ақпараттың сенімділігіне ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан, екі жағдайдың да емі діни сауаттылық екендігін ескере отырып, ата-аналар, орта буын ағым мен ата дініміздің ара жігін ажырата алатындай дәрежеде болсын діни сауаттануға көңіл қою керек.

Мешіттерімізде қазан айында діни сауаттылықты арттыру бағытында тоғыз айлық діни сауат ашу курсы тағы да өз жұмысын бастады. Өткен жылы сауат ашу бұл курсты толық меңгерген 113 шәкіртке арнайы сертификат табысталған болатын, — дейді облыстың өкіл имамы Төлеби Оспан.

Тұрақсыздық орын алмау үшін жұмыссыздық болмау керек

Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобасы аясында осы аптаның басында тағы бір жұмыс тобы келді. Жобаның 8 бағытының 2  бағыты бойынша келген топ құрамында Ақтөбе облысы прокуратурасының өкілі Жұмабек Изгалиев, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев, облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Абтиев және «Жилстройбанк» АҚ, «ГЧП» ЖШС-нің, Ақтөбе ауыл микрокредит, «Атамекен» ҰҚП-нің, «Халық банк» АҚ-нің, «Даму» АҚ АФ-нің, «КазАгроФинанс» АҚ АФ-нің, Аграрлық кредиттік корпарация мамандары болды. Бұл жұмыс тобы жаңадан кәсіп ашуға ниет қылған немесе кәсібін әрі қарай дамытқысы келетін тұрғындарға кәсіби кеңес берді. Мәселен, алғашқы күні Қандыағаш қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорт клубтарын ашу жөнінде, «Қарлығаш» балабақшасында, «А-студиясы» сән салонында мастер-кластар өткізілді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға ауданда сұранысқа ие ашуға тиімді кәсіп түрлері таныстырылды. Ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді.

Мақсатты түрде ауданға келген жұмыс тобы аудандағы бірқатар ірі кәсіпкерлік нысандарда болып, ондағы шығарылып жатқан өнімдермен танысты. Ембі, Жем қалалары мен Ақкемер ауылдық округінде де болып, аталған бағытта тұрғындарымен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндірді.

Әнуар ЕСҚАРА

 

 

Оқи отырыңыз

Жем қаласының әкімі белгілі болды

07.12.2017 0
Бүгін Мұғалжар аудандық мәслихаттың депутаттары Жем қаласының әкімін сайлады. Бұған дейін белгілі болғандай Жем қаласы әкімі қызметіне үш үміткер түскен…

Әйелдердің зейнетке шығу жасы артады

16.11.2017 0
Елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасына қатысты әлі де болса түсінбеушілік байқалады. Өзгерістің сүзгісінен өтіп, мақұлданған жаңа Заң жобасының талабына сәйкес,…

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *