«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Мәжілісмендер Мұғалжарда

Кеше ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Глеб Щегельский, Бақытбек Смағұлов, Құралай Қарекен, Дания Еспаева Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауданында болды. Халық қалаулылары аудан орталығы Қандыағаш қаласы мен Ақкемер, Жұрын ауылдық округтерінде болып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, мектеп мұғалімдерімен кездесті.

Бүгінде жаһандағы бәсекелестікке қабілетті мемлекеттер қатарынан көрінуіміз үшін, олардың қатарында өзіміздің ұлттық болмысымызды жоғалтып алмауымыз керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының дүниеге келуі де бекер емес. Саяси-экономикалық тұрғыда өркенеттілікке көзсіз өрлеп, бағытымыздан жаңылатын болсақ өкпеміз өшеді. Сондықтан, бұл жолда етек-жеңімізді әбден жинақтап алу абзал. Әрине, бұл орай да жайбасарлыққа салынсақ, ілескен көштің соңында қаламыз. Жаңғыру кезеңіне қарымды қадам басқан елдің жас буынына артылатын үміт көп. Еліміздің өткен тарихын ұғынған ұрпақ мұның қаншалықты маңызды екендігін жақсы біледі. Бүгінгі қарқыны күшті заманның талабына ілесіп жас буынның сіңіріп жатқан еңбектері де көп. Мұның тамаша көрінісін мәжіліс депутаттары ауыл мектептерінің жас мамандарымен кездесу кезінде орынды суреттеп берді. Әсіресе, депутат Бақытбек Смағұлов елдің рухани ұлттық болмысының қаймағы бұзылмай тұрған мекені –ауыл екендігін сөз етіп, ондағы әрбір жастың бойында елге деген жанашырлықтың барлығына риза болды. Сол себепті, ұлттық құндылықтарымыздың салмағы сақталған алтын бесік ауылдың бүгінгі ахуалы жақсарту жолында тынымсыз тірліктер атқаратындықтарын да айтып кетті.

Депутаттар сондай-ақ, соңғы уақытта мектеп формасына қатысты туындап отырған үлкен дау-дамай туралы да өз ойларын білдірді. Олар Қазақстан Республикасы зайырлы-құқықтық мемлекет болғандықтан, заңға, тәртіпке бағынудың маңыздылығын түсіндірді. Ұлтқа, дінге бөлінбей мектептің ішкі тәртібін сақтау керек деді. Себебі, мектеп – келешек ұрпақтың сапалы білім алатын ордасы. Сондықтан әрбір ата-ана баласының болашағына алаңдаса, ең әуелі оның білім алуына жағдай жасау керектігін тілге тиек етті.

Бұдан кейін халық қалаулылары Қандыағаш қаласында Ұлттық қордың қаражатына өткен жылы салынған қалалық №1 орта мектебінің құрылысымен және «Достық» мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты.

Әнуар ЕСҚАРА

Ұқсас ақпараттар

Мұғалжарға жаңа серпіліс берген медорталық

admin_mugalzhar

Қазақстан құрамасының Токио Олимпиадасына арналған киім үлгісі ұсынылды

admin_mugalzhar

АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСТІН ДӘМІ ӘЛІ ЕСІМДЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.