«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жолақы: бағаны реттейтін нарық

Келесі жылдан бастап Қандыағаш қаласындағы қалаішілік маршрут автобустарында жол жүру ақысы 60 теңгеге өседі. Жолақысының 40 теңгеден бірден 60 теңгеге көтерілуіне не себеп және оны жергілікті тұрғындар қалай қабылдады? Мәселенің мәнісін қаузап көрдік.

 «Жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды». Жолақысының қымбаттауы бұған дейін тұрғындар арасында желдей есіп жүргені рас. Бақсақ, қаладағы қалаішілік маршрут автобустарының жүріп-тұруын бақылап, жөн сілтеп отыратын жауапты мекеме «Фин-люкс» ЖШС-і жолақысын өсіруді жергілікті әкімдікке ұсынып келген-ді. Өйткені, «Фин-люкс» ЖШС-нің басшысы Азамат Адаевтың айтуынша, нарықтағы қымбатшылықтың қалтаны қысуына байланысты қала тұрғындарын тасымалдап жүрген автобустардың иелері үшін 40 теңгемен күнелту мүмкін болмай отыр. Жыл сайын жанар-жағармай бағасы, көліктердің қосалқы бөлшектері, айта берсең бәрінің бағасы аспандап барады. Ал қалаішілік маршрут автобустарының жол жүру ақысы 2011 жылы 20 теңгеден 40 теңгеге қымбаттағаннан бері, әлі күнге дейін сол бағамен келеді.

-Қандыағаштағы қалаішілік маршруттардың жолаушыларды тұрақты түрде тасымалдау жұмысы 2006 жылы қолға алынды. Қарап отырсақ, қала ішінде жолаушыларды тасымалдайтын маршрут автобустары облыстағы өзге аудандарда жоқ. Ал жолақысына төленетін 40 теңге деген баға Қазақстан бойынша тек Қандыағашта ғана. Жеті жылдан астам уақыт біз осы бағаны ұстап келдік. Бірақ, бүгінгі нарықтың сұранысы мен талабы бойынша жолақысының құнын көтермеске болмай отыр. Өйткені, жергілікті бюджеттен субсидия берілмейді. Біздің және бізбен жұмыс істеп жатқан «Газель» көліктерінің иелерінің күнделікті табысы осы қала тұрғындарының жол жүру ақысынан түсіп отыр.  Өздеріңізге белгілі, қазір бәрі қымбат. Бұрын жолаушылар тасымалдайтын бір көлігіміз істен шықса, әрі кеткенде бір-екі күнде жөндеп шығарып алатын едік. Ал қазір аз дегенде бір-екі апта тұрып қалады. Себебі, ол көліктің иесінің жөндеп шығарып алуға қаражаты жетпейді. Салдарынан, пайда болмаған соң көп көліктің иелері жұмыстан кетіп жатыр. Мәселен, биылғы жылдың басында жолаушылар тасымалдайтын көліктің саны 30 болса, қазір 25-і ғана 3 маршрут бағыты бойынша қатынап жүр. Осыдан-ақ, біздің жай-күйімізді аңғаруға болады. Ішкі шығынымызды есептеп шығарғанда жалпы бір жолаушының жол жүру ақысы 100  теңгеден асып кетеді. Бірақ, біз небәрі 60  теңгеге өсіріп, бұл ұсынысымызды әуелі Қандыағаш қаласы әкімдігіне, кейін аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жеткіздік, — дейді  «Фин-люкс» ЖШС-нің директоры Азамат Адаев.

 Қала тұрғындарын елең еткізген бұл мәселеге байланысты аудан әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылып, аталмыш мекеменің кірісі мен шығысын байыптады. Кейін аталған комиссия мүшелерінің хаттамасына сәйкес, Қандыағаш қаласы әкімі жанындағы қоғамдық келісім отырысында тағы қаралды. Алайда, онда ақсақалдардың көбі жолақысының бірден 60 теңгеге қымбаттауын құп көрмеді. Кейін дауыс беру арқылы бір келісімге келді. Дегенмен, жолақасын қымбаттатқан жағдайда қызмет көрсету сапасына кепілдік берулерін сұрады.

-Егер жолақысын өсірмесек, «Фин-люкс» ЖШС-нің қарамағындағы «Газель» көліктерінің иелері бірте-бірте тарай береді. Сөйтіп, 2 және 3 бағыттағы автобустарды тоқтатуымызға тура келеді. Ал 1 маршрут өзінен-өзі тоқтап қалады. Себебін тағы да айтам, қазіргі таңда, қалаішілік маршрут өзін-өзі ақтамай отыр. Маршрут автобустары болмаса, ертеңгі күні жолаушылар тасымалдайтын көлігі қолайлы жүргізушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жолақысының бағасын өз қалауынша өсіріп тасымалдайтын болады. Сондықтан, біз осыған жол бермеудің қамын жасап отырмыз. Көпшілік түсіну керек, таңнан кешке дейін алақандай қаланы шыр айналып жүретін жүргізушінің, кондуктордың да нәпақа табуы керек. Олардың кейбіреулері жалақыға қарап жалданып жұмыс істеп отырғандар. Ал тапқан-таянғандарын ескі көліктерінің салдырлаған жерлеріне салатын болса, бұл кәсіп кімге пайда әкеледі? Қызмет көрсету сапасына келетін болсақ, жақсартамыз. Әрбір маршрут көліктерінің жүру арақашықтығын созбауға тырысамыз. Онсызда жүйелі түрде, белгіленген тәртіппен жүргізіліп келеді. Олардың уақытылы жүруін мекеме қарамағында 4 диспетчер үйлестіріп отыр, — дейді Азамат Адаев.

Аудан әкімінің өкімімен құрылған жұмыс тобы мәселені мақұлдап, келесі жылдан бастап жолақысының бағасын 60  теңгеге өсіруді құптап отыр.

Тұрғындар не дейді?

Мақпал Оразова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

-Жолақысы көтерілгеніне қарсылығым жоқ. Дегенмен, қоғамдық көліктердің қызметін дұрыстау қажет. Автобустарды да көбейтсе дұрыс болар еді. Тұрғындар «Газель» көліктеріне сыймайды. Әсіресе, жаз бен қыс мезгілдерінде өте қиын. Мәселен, қыс айларында маршруттың уақытын жиі қылғаны дұрыс. Қазір күні қызмет сапасы төлейтін ақшамызға сай келмейтіні жасырын емес. Егер 60 теңгеге көтерілетін болса, онда халыққа ыңғайлы, сапалы қызмет көрсетіледі деп ойлаймын.

 Ғалия Жанесова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

-Жолақысының көтерілуін қолдамаймын. Мен зейнеткермін. Көбісі зейнеткерлер көп жол қатынасын жасамайды деп ойлайды. Негізінде олай емес, біз де немерелерімізді балабақшадан, мектептен алып, апарып тастаймыз. Күнделікті қатынағандықтан қомақты қаражат кетеді. Көліктердің жағдайы көңіл көншітпейді. Жасымыз бірталайға келсе де көлікте тұрып тұратын жағдайлар болады. Олай тұруға менің денсаулығым келмейді. Сондықтан да таксимен жүруге тура келеді. Менің бір ғана ұсынысым бар: егер 60 теңгеге көтеретін болса, онда көлікке жолаушыны орын-орнымен алсын. Қаншама адам 60 теңге төлеп мінеді, бірақ тұрып тұрады. Әрбір қызмет өз бағасына лайықты болуы керек.

Үміт Ахметова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

-Күнделікті жұмысқа қатынау үшін маршрутпен жүреміз. Қазір қызметкерлердің жалақысы аз, көлікпен тек мен емес үйдегі балалар да қатынайды. Шамалы тиын болып көрінгенімен, бір айда қомақты қаражат шығады. Маршруттың ең қолайсыз жері, әрине, адамды үсті-үстіне ала беретінінде. Басарға жер таба алмай тұрғанда, артымыздан итеріп, әйтеуір, қалай болса да аялдамада тұрған адамдардың бәрін мінгізеді. Бағаны көтеретін болса, халыққа соған лайықты қызмет көрсетілуі тиіс.

Манарбек Ибраев, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

-Қазір алатын жалақым 40 мың теңгеге де жетпейді. Әрине, бағаның қарапайым қызметкерлерге қиындық тудыратыны сөзсіз. Күнделікті жүретін маршрутымыз қарттар мен денсаулығы нашар адамдарды былай қойғанда, сау адамның өзіне қолайсыз. Көліктің іші адамға толы, аяғыңды қоярға орын жоқ. Амалсыздан діттеген жерімізге бару үшін мінеміз. Жолақысының бағасы көтерілгендіктен, болашақта көліктердің сапасы жақсарады деген ойдамын.

Жамила Базарова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

-Қандыағаш Ақтөбе сияқты үлкен қала емес. Мен өзім көпбалалы анамын. Балаларымның күнделікті жүріс-тұрысының өзіне  қомақты қаражат кетеді. Маршруттың да жағдайы мәз емес. Адамдарды орынға қарамай ала береді. Осы жағына баса назар аударуы қажет. Бір жағынан оларды да  түсінуге болады. Қазір ай сайын жағармай бағасы көтеріледі. Жүргізушілерге төленетін жалақы бар. Дегенмен де жалақысын жолақы жалмайтын халыққа да жағдай жасау қажет.

Жұлдыз Елболсынова, Қандыағаш қаласының тұрғыны

Мен өзім зейнеткер болғандықтан, ойымша зейнеткерлерге жеңілдік жасау керек. Қаламыздағы тасымал көлігі төлейтін ақшамызға сай келмейді. Үнемі адам толып тұрады. Ал мейрам күндерін айтпасақ та болады. Жасым егде тартса да кейде маршрутта тұрып тұратын жағдайларым болады. Кейде тіпті сыймай да қаламыз. Бұл күннен күнге дамып келе жатқан қалаға үлкен сын. Әрине, түсінем, қазір барлығы қымбаттап жатыр, олардың бағаны қымбаттатқаны бір жағынан түсінуге болады. Бірақ, сол төленген ақшаға сапалы қызмет көрсетілуі керек. Газелдерді азайтып, көлемді автобустарды көбейтсе жақсы болар еді.

 P.S. Кез келген бағаның бағы нарыққа тәуелді. Жолақысының қымбаттауының да себеп-салдары сол болып отыр. «Фин-люкс» ЖШС-нің басшылығы бағаға лайықты қызмет сапасын да арттыруға мүдделі екендіктерін білдіреді. Тіпті, аталмыш мекеменің жағдайы бұдан жақсарса, үлкен автобустарды да шығаруға құлықты. Бәрі уақытымен белгілі болар, бәлкім…

 Алтын СҮЛЕЙМЕН

Ұқсас ақпараттар

Жамбыл облысындағы жарылыстан төрт әскери қызметкер қаза тапты

admin_mugalzhar

Қазақстан халқы желтоқсан айында қанша күн демалады?

admin_mugalzhar

35445 АДАМ ВАКЦИНА АЛСА, 18350 АДАМ РЕВАКЦИНАДАН ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.