«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

С.Еңсепов: «Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!»

Кеңестер Одағының ыдырау процесі қазіргі ТМД аумағындағы көптеген мемлекеттердің Тәуелсіздік алуына жол ашып, дербес ел атануына едәуір мүмкіншіліктер туғызды. Бодандықтың бұғауын үзіп, егемендікке ұмтылғандар қатарында Қазақ елі де ғасырлар бойы жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етілген бабалар арманын асқақтатып, еркіндікке қол жеткізді. Кеңестік дәуірдің қыспағынан енді ғана азаттық алып, етек-жеңін жаңа жинап жатқан Қазақстан бастапқыда небір аумалы-төкпелі кезеңдерді өткергені белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында белең алған тоқырау кезеңінде бұрынғы Октябрь ауданында мәслихат хатшысы болған, бүгінде Қандыағаш қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Еңсеповпен сол бір жылдар жайында әңгімелескен едік.

 «МҰҒАЛЖАР»: Сөзіміздің басын еліміздің тәуелсіздігі жарияланған кезде өзіңіз атқарған қызметіңізден бастасаңыз…

 С.ЕҢСЕПОВ: Мен өзім Қызылорда облысы, Арал ауданының тумасымын. 1967 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық институтының механика факультетін инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шыққаннан кейін, оқу ордамызды тәмамдаған жас буынды еліміздің әр өңіріне жолдамамен жұмысқа жіберген еді. Сөйтіп, сол жылы Ақтөбе облысына келдім. Әр жылдары білім саласында қызмет етіп, 1989 жылы Октябрь аудандық Шилісай комбинаты кәсіподақ ұйымының төрағасы болып тағайындалдым. КСРО кезінде екпінді құрылыс ретінде салынған «Шилісай» фосфорит өндіру зауыты аудандағы 3000 қызметкері бар бірегей жұмыс орны атанған болатын. Мұнда қызмет ететін жұмысшылардың қатарында өзге ұлт өкілдері де жетерлік еді. Еліміздің тәуелсіздігі жарияланған кезде де осы Шилісай комбинатында қызметте жүрдім. 1991 жылы 1 желтоқсанда тұңғыш рет жүзеге асқан бүкілхалықтық республика басшысының сайлауы өткізілгенде, Октябрь қаласындағы №2 мектепте сайлау комиссиясының төрағасы болғаным есімде. Жалпы 88,23 пайыз сайлаушылар қатысқан бүкілхалықтық шарада Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев 98,78 пайыз дауысты иеленіп, Елбасы атанған еді. Осылайша, еліміздің тізгінін ұстап, халықты жарқын болашаққа жетелейтін басшымызды тағайындадық.

«МҰҒАЛЖАР»: Ел басына орнаған бейбіт кезеңге халықтың көзқарасы қалай болды?

 С.ЕҢСЕПОВ: Бұл еркіндікті біздің ата-бабамыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандап келді. Азаттықтың жолында халқымыз небір нәубет кезеңдерді басынан кешіргені де тарих қойнауында сақтаулы. Біз сол асқақ арманның жолында сарп етілген батыр бабаларымыздың өшпес ерліктерін айқын сезіне білдік. Себебі, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, ақыл-парасаттылығымен қорғалған қазақтың дархан даласын тәуелсіз етуге дер кезінде қадам жасап, еңсемізді тіктей алдық. Тәуелсіздік алып, ел басына басшы келген кезде кеңестік идеология халықтың санасына әбден сіңіп қалған болатын. Шыны керек, басында халық бұл саяси өзгерісті түсіне қоймады. Сондықтан, халыққа ертеңгі күннің шапағатын ұғындыру үшін мемлекет ішінде түсіндірме жұмыстар көптеп жүргізіле бастады.

 «МҰҒАЛЖАР»: Жалпы тәуелсіздік алғаннан кейінгі бұралаң жылдардың халықтың тыныс-тіршілігіне тигізген әсері қандай?

 С.ЕҢСЕПОВ: Кеңес үкіметі ыдырап, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін аласапыран кез басталды. Қиын жағдай қалыптасып, елді жаппай жұмыссыздық жайлады. Зауыт-фабрикалар жабылып, мемлекеттік салада қызмет ететіндердің жалақылары, қарттарымыздың зейнетақылары да кешіктіріліп беріліп жүрді. Қай салада болмасын, тоқырау белең алды. Осылайша, біздің қоғам әлеуметтік қопарылыстарға бетпе-бет келді. Осы тұста, мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын, қоғамдық қатынастарды жүзеге асыратын сан салалы маңызды құжаттар дүниеге келді. Солардың бірі 1993 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заңы болатын. Осы Заңды негізге ала отырып, 1994 жылы елімізде тұңғыш рет мәслихаттар институты енгізілді. Осы жылдың наурыз айында жалпы еліміз бойынша сайлау өтіп, Октябрь аудандық мәслихат хатшысы болып сайландым. Бұл кезде ауданымызда телевидение жұмыс істеп тұрды. 1992-1997 жылдар аралығында Октябрь ауданының әкімі қызметін атқарған Павел Хохловпен бірге халықпен байланыс орнатып, телевидение арқылы еліміздің әлеуметі жақсара түсетінін айтуды дағдыға айналдырдық. Расымен де, солай болды. Көптен күткен арманымыз орындалып, ел басына бейбіт күн орнады. Әлеуетіміз артып, ел экономикасы дами түсті. Қазір бір тамаша уақыт. Елбасының халқына арнаған риясыз құрметі мен толассыз қызметінің арқасында соңғы 27 жыл тың өзгерістерге толы болды. Тіпті дүниежүзінің мәдениетінде де өзіндік орнымызды қалыптастыра алдық. Сондықтан, Тәуелсіздігіміз Қазақ елінің құлаштап дамуына үлкен серпіліс әкелді деп айтуымызға толық негіз бар.

 «МҰҒАЛЖАР»: Елдің елдігі мен еркіндігінің мәнін жоғалтпай, маңызын одан әрі арттыруда өскелең ұрпақ нені ұғынуы керек?

 С.ЕҢСЕПОВ: Бабалардың ерлігімен рухтанып, болашақ ұрпаққа жол ашқан Тәуелсіздік – қазақ халқының ең басты құндылығы саналады. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстанның аты алты Алашқа асқақтап, төрткүл дүниеге танылды. Себебі, егемендігіміз нығайып, «Мәңгілік ел» болуға нақты бағдар ұстандық. Бұл аңсарлы мақсат – сонау бағзы замандарда қалыптасып, біздің ұрпақты ұлы жеңіске жетеледі. Бұл жолда тарих толқынындағы бабалар өнегесінен тәлім алған халқымыздың парасаттылығы айрықша. Сол себепті, халықтың жарасқан бірлігі мен тынбас еңбегінің арқасында ғана шырағын сөндірмейтін еліміздің елдігі мен еркіндігінің маңызы тереңде жатыр. Әрбір қазақ оны жіті ұғынуы тиіс. Ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп қалдыру – бүгінгінің еншісіндегі ең маңызды міндет болып тұр. Өйткені, оған қиянат келтіру – тарих шындығына қарсы келумен бірдей. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіз Қазақстан – біздің үлкен отбасымыз және ортақ шаңырағымыз» деген мәнді сөзі бар. Демек, ортақ үйіміздің беделін арттыру арқылы ғана тұғырлы тәуелсіздігімізді мәңгілік етуге жол ашамыз. Лайым Қазақстанымыздың Тәуелсіздігі мәңгі болғай!

«МҰҒАЛЖАР»: Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан:

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбеде Абайға және Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш орнатылады

admin_mugalzhar

Алдағы күндері аяз болады — Қазгидромет

admin_mugalzhar

БАСШИЛІ АУЫЛЫНА ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУ КЕЛЕДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.