Ұстаздықтан ұлылық таныған

687 0

Жаны нәзік, мінезі қайсар парасатты тұлғалардың ұшан теңіз ұстаздығы мен ғибратты ғылым жолы бейнебір тау іспетті — жақындаған сайын алыстап, ал үңіле қалсаң тереңдей түсесің. Мұндай даралық сипат адам бойына туған жерінің ыстық топырағынан ғана дарып, оның бүтін бір саналы ғұмырына рухани азық сыйлай алады. Осынау дара қасиетімен бекзат болмысын қалыптастыра білген мұғалжарлық жерлесіміз Жанна Азатқызы — өз білім-біліктілігін қатар ұштастырып, ғылыми бағыттағы іздемпаздықты берік ұстанып қана қоймай, педагогика саласына да бар ерік-жігерін сарп етіп келе жатқан тағылымды тұлға. Ол бүгінде  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің педагогика факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі.

 Өлшеусіз еңбектің иесі Жанна Жүсіпованың бұл күнде жеткен бар жетістігі оның біркездегі бала арманының тәтті жемісі секілді. Себебі, арман жетегінде, қиял ететінде жүрген кезінен-ақ оны ұшқыр ойы сан-тарапқа жетелеп, алдына айқын мақсаттар қоюға үйретті. Бұл бағытта ол ең әуелі тәуелсіздіктің тірегі, ақыл-ой азаттығының алдаспаны саналатын терең білімнің қажет екендігін де жіті түсінді. Осы бір дұрыс ұстанымның, бедерлі бағыт-бағдардың түп негізі ата-анадан алған өнегелі тәлім-тәрбиенің септігімен, өсіп-өнген өңірде сусындаған білім нәрімен етене байланысады.

Жанна Азатқызы 1973 жылы Мұғалжар ауданы Жұрын кеңшарында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, әке өнегесі мен ана мейіріміне мейлінше қанығып өскен ол жасынан аса зеректігімен әрі алғырлығымен өз қатарынан ерекшеленген. Ынтасы тек оқу-білімге ғана құмарлықпен шектелмей, өнерпаздыққа да біртабан жақын болды. Онысы ірілі-ұсақты талай бәсекеде бірден байқалып, көшбастайтын белсенділігімен айқындалып жүрген. Оның осынау талмас талабы мен озық білімі Жұрын кеңшарындағы Жданов атындағы орта мектептің тоғыз жылдығын үздік куәлікпен бітіруіне зор ықпалын тигізе білді. Орта білімінің оңды нәтижесі осылайша Жанна Азатқызын жарқын болашаққа нық бастап, келелі келешегіне кемел жолын ашып берді. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде сахнаны әрлеген әсем әнін енді ол бос уақытындағы сүйікті ісіне ғана айналдырып, жасында білім көкжиегіне қарай ұмтылуға деген нақтылы бір шешімін қабылдады. Сөйтіп, 1988 жылы орта білімін аяқтаған кезінде Ақтөбе педагогикалық училищесіне (қазіргі Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжі.Ред) оқуға түсіп, онда педагог мамандығына машықталады. Білім ордасын 1992 жылы үздік дипломмен бітіріп шыққаннан кейін, Байсұлтан Мамыров басшылық еткен Жданов атындағы орта мектепте өзінің алғаш еңбек жолын бастайды. Осы жерде бір жылдай уақыт ұстаздық қызмет еткен соң, 1993-2003 жылдары Шеңгелши ауылындағы Қазақ ССР-ның 30 жылдығы атындағы негізгі мектебінде ұстаздық жолды жалғастырып, бастауыш сыныптың мұғалімі болды. Асқан жауапкершілігімен, біліктілігімен көзге түсіп, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. «Жас келсе іске» демекші, ол оқу-білімнің әдістемелік-ғылыми жағына да  өте жақын болады. Аудандық тамыз конференцияларында танымды ашық сабақтар өткізіп, аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің түрлі марапаттарын да еншілеген. 2003 жылдан бастап Ақтөбе педагогикалық институтына қызметке келіп, әдістемелік бағытын ғылыммен байланыстыруға ерекше ынтызарлық танытады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша аспирантураға түсіп, ғылымға деген алғашқы қадамды жасайды. Ұстазы С.Е.Қаңтарбай  жетекшілігімен жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика бойынша «Оқу әрекеті барысында бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастырудың дидактикалық негіздері» тақырыбында диссертациялық жұмысын жазып, оны 2010 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде сәтті қорғап шығады. Бұл оның ғылымға ғалым ретінде қосқан сүбелі үлесінің бір үзігі ғана. Себебі, осы сәттен бастап Жанна Жүсіпованың іздемпаздығы одан әрі артып, ой-өрісі кеңейіп, танымы да молая түсті. Ғылыми арнасы тың тәжірибемен толысып, қабілетіне тағы бір мәрте қарымды қарқын қосылды. Қызмет бабында да еңбегі еселеніп, академиялық ұтқырлық бөлімінің басшысы, кафедра меңшерушісі, факультет деканы қызметтеріне дейін көтерілді. Ол ұлағатты ұстаз, тағылымды ғалым ретінде, сонымен бірге педагогика саласындағы оқытушылық қызмет барысында да пісіп-жетіле түскендігінен, енді өзі бастауыш сынып оқушыларын білімге қызықтыруға, әдістемелік тұрғыдан мектеп және колледж, жоғарғы  оқу орындарының мұғалімдеріне оқушы мен студентке дұрыс білім беруге арналған сапалы дүниелерді тудырсам деп алдына межелі мақсат қоя білді. Осы орайда, бүгінде Жанна Азатқызының педагогика мен білім беру саласына арнаған 100-ге жуық ғылыми еңбектері жарыққа шықты. Соның ішінде  2 оқулық, 2  оқу құралы, 1 монография, 2 электронды оқу құралы, 4 әдістемелік құралдары: «Бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалар жинағы», «Оқушылардың оқу әрекетіне танымдық қызығушылығын қалыптастыру негіздері» арнайы курсының бағдарламасы, «Оқу әрекетіне танымдық қызығушылықты  қалыптастыру: теория және әдістеме» монография, «Педагогикалық шеберлік», сонымен қатар ғылыми жетекшісі С.Қаңтарбаймен авторлық бірлестікте жарық көрген «Ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістемесі» еңбектері жас ізденушілердің үздіксіз қолданысында жүр. Ал «Педагогика»  деп аталатын оқу құралы жоғарғы оқу орындарында педагогикалық мамандықта оқытылатын міндетті пәннің біріне айналған. Айта кетейік, бұл еңбек орыс тілінде Lambert Academic Publishing Неміс ұлттық кітапханасы қолдауымен электронды оқу құралдары мен халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми-практикалық конференцияларда, ғылыми басылымдарда жарияланған. «Педагогикалық шеберлік» атты оқулығы да республика көлемінде оқыту үдерісінде кеңінен қолданылып келеді. Оның бір дәлелі – айтулы еңбектің республикалық жоғарғы оқу орындары аралық электронды кітапханасында (РМЭБ) ТОП 100 көбірек таңдалған ресурстардың ішінде бірінші орында тұрғандығы. Еңбекте бүгінгі күнгі мұғалім шеберлігінің мәні мен оны қалыптастыру жолдары толық түсіндірілген. Сонымен бірге, білім мен білік дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететін кәсіби дайындық түрлері терең талданады. Бұдан бөлек, педагогикалық қарым-қатынастың ең қажетті элементтері – педагогикалық этика мен такт айтылады. Яғни, сабақ барысында немесе тыс уақытта мұғалім мен оқушы арасындағы белгілі бір әдептік нормалардың басшылыққа алынуы, жалпы педагогикалық қарым-қатынастың формасы мен коммуникативтік іс-әрекеті нақты беріледі. Ғылыми бағыттағы ізденісін тоқтатпай, бұл жолда әлі де талаптанып келе жатқан автордың алдағы уақытта жаңартылған білім беру мазмұны бойынша мектеп пен жоғары оқу орындарының байланысы турасында жұмысын жалғастырсам деген ізгі ниеті мен жүйелі жоспары бар.

Мұғалім үшін оқушымен педагогикалық қарым-қатынас жасаудың маңыздылығын терең түсінетін Жанна Азатқызы әрбір педагог маманның ең бірінші кезекте болашақ жас мамандарға жеке тұлға ретінде қарағанын дұрыс деп есептейді. Жастарды мәдениетті сөйлеуге үйретуді де – маңызды міндетке жатқызады. Субординацияны ұстана отырып, олармен тек гуманистік тұрғыда байланыс жасағанды жөн көреді. Бұл ретте оның өз шәкірттеріне қоятын талабы жас маманның адами және кәсіби қасиеттерінің жетілуіне септігін тигізбей қоймайды. Бір қызығы, ол өз шәкірттерін тек есімдерімен атауға ғана тырысады екен. Егер тегімен атай қалса – ескерту жасағаны, ал аты аталса – сабақ барысындағы оң көзқарас болып есептеледі. Бұл – аяулы ұстаздың озық тәжірибесіндегі ерекшеліктердің бірегейі десек артық айтқандық болмас. Бәсекелестікке ұмтылған заманда жас ұрпақтың бойына білімнің нұрлы шуағын шашып, сәулесін түсіріп келе жатқан ұлағатты ұстаз жаңа технологияларды жіті меңгерген, үш тілді жетік білетін саналы жастың мемлекет атын төрткүл әлемге таныта алатындығына кәміл сенеді.

Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде педагогика факультетінің деканы қызметін абыройлы атқарып жүрген педагог басшының жылдар бойғы ерен еңбегі жеткізген жетістіктері де бір төбе. Атап өтсек, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне 50 жыл мерекелік медалімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы — 2017» мемлекеттік грантының иегері атағымен және тағы да басқа мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі ана отбасында өмірлік серігі Қайрат Әбдіұлымен  үш бала тәрбиелеп өсірді. Балаларына аналық махаббатын барынша төксе де, талап пен тәртіпті мейірім жылуымен тең ұстанды. Әкенің қайратынан оқ жонып, ананың ықыласынан тон піше білген балалары Манас (Ішкі істер саласында), Гаухар (инженер) өмірде өз жолдарын тауып, әр саланың білікті мамандары атанып отырса, кіші ұлы  Мирас А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің (академиялық орындау, жетекшісі М.Әйтімов) 4 курс студенті. Үлкен ұлы Манас пен келіні Анельден тараған немерелері Диас пен Аминаның орындары бір бөлек.

P.S. Киелі Мұғалжардың топырағы — талай ел мақтанышының мекені. Көптеген талант иесі, әйгілі композитор да, әнші де, ғалым да шыққан жер бұл. Сол тектілік әлі де «Мен» деген түлектеріне тіреу болып келеді. Ал мұғалжарлықтар осындай жерлестерімен мақтанады.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

 

 

 

Оқи отырыңыз

Жаңа спорт зал берілді

30.11.2017 0
ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ембі қалалық №4 орта мектебі жанынан спорт зал ашылды. Көлемі 507,4 метр шаршы метрлік жаңа…

Денсаулықты сақтандыру маңызды

23.01.2018 0
Биылғы медицина саласына енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, Ақтөбе облысы бойынша 30-ға жуық жеке медициналық орталықтар халыққа тегін қызмет көрсетеді. Олардың…

Алда межелі міндет көп

19.01.2018 0
Кеше Мұғалжар ауданында Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында Ақтөбе облыстық ақпараттық-насихат…

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *