«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жазға арналған жайлы шаруашылық

Ақкемерлік бағбан Орынбек Қуантаев жергілікті тұрғындарға қолайлы жоба ұсынуда. Жеті жыл қатарынан бау-бақша шаруашылығымен айналысып, жергілікті рынокты көкөніс өнімдермен қамтамасыз етіп отырған ол биылғы жылы тұрғындарға шаруашылыққа орай жалға алған жер учаскесіне картоп егуге мүмкіндік беріп отыр. Ал егілген өнімнің күзге дейінгі күтімін шаруаның өзі жасайды. Түсінікті болуы үшін, түсіндіре кетейік.

Ақкемер ауылының кәсіпкері Орынбек Қуантаев жайында газетімізге бұған дейін жазған болатынбыз. Тамшылатып суару технологиясымен көкөніс күтімін кәсіп қылған ауыл азаматы бау-бақшаның қыр сырын әбден меңгеріп алған. Жерден несібесін айырып отырған ол жуырда ватсап әлеуметтік желісі арқылы жергілікті тұрғындарға тиімді жобаны жүзеге асырып жатқандығын хабарлады. Яғни, кез келген аудан тұрғыны 20 000 теңгемен жобаға тіркеліп, бабы жасалған жерге экологиялық таза картоп өнімдерін еге алады. Оның ала жаздай күтімін бағбанның өзі жасап, тұрғындар күзде тек қазып алуға ғана келеді.

-Негізі бұл тәжірибені еліміздің Оңтүстік өңірі тиімді пайдалануда.  Жақсы істі аудан көлемінде жүзеге асырмақ болып,  жоспар әзірлеп, әбден жетілдіріп биыл қолға алуға кірістім. Небәрі 20 000 теңгемен жобаға тіркелуге болады. Оның ішіне 50 келі картоп тұқымы кіреді, қалған ақшасы күзге дейінгі күтіміне, қарауына, шөптеуіне  жұмсалады. Жобаға қатысушылар мамырдың 10-30 аралығында арнайы белгіленген, құнарланған, жыртылған жерге тұқым салып кетеді. Әзірге 60-қа жуық учаске белгіленді. Айта кетейін, бір қатысушы бірнеше қап салуына рұқсат. Әлі де болса жобаға қатысуыға ниеттілерді қабылдаймыз.  Картоп тұқымын арнайы тексерістерден өткізіп, сақтау қоймасына сақтап қойдық. Тұқым салатын уақытта бақшаның басына жеткізіп береміз. Қатысушылар сол уақытта егіп кетеді. Содан соң күзге дейін жүргізілетін жұмыстарды үйінде отырып ватсап желісі арқылы немесе бақшаның басына келіп тексеріп кетулеріне болады. Ал күзде өз қолдарымен қазып алады. Біздің жоспарымыз бойынша, бір учаскеге егілген бір қаптан 10-15 қап картоп шығады. Өте тиімді деп ойлаймын, — дейді бізбен тілдескен Орынбек Қуантаев.

Оның айтуынша, учкелерге картоптың әр түрлі тұқымын егуге рұқсат берілмейді. Себебі, түрлі тұқым егілген жағдайда картоптың сапасын өзгертіп, жұмыстың нәтижесін көрсетпей тастайтын көрінеді. Сондықтан да жеке кәсіпкер бүгінде сақтау қоймасына картоптың «Королева Анна» деген сортының үш түрін жеткізіп қойған. Барлығы тиісті жерлерден тексерістен толыққанды өткізілген.

-Бұл жоба арқылы біріншіден адамдар жұмыспен қамтылады. Әрине, жұмыстың көп бөлігі техниканың күшімен атқарылады. Екіншіден тұрғындар сырттан келген картоп өнімдерін сатып алмай, жергілікті жердің топырағында өскен экологиялық таза өз картоп өнімін тұтынады.  Сондықтан, жобаны құптауға құлықты, тіркелуге ниетті тұрғындар болса қабылдаймыз. Аталған шаруашылықтың барлығы Ақкемер ауылдық округінің тереториясында жүргізіледі, — дейді кәсіпкер.

P.S. Ауыл азаматының жүзеге асырғалы отырған жобасы тұрғындарды көкөніс шаруашылығына баулумен қатар, жергілікті бау-бақша өнімін көбейтуге бағытталады. Кәсіпкердің бұдан да ауқымды жоспарлары бар. Оның барлығы бастапқы ісінен кейін ғана іске аспақ.

Әнуар ЕСҚАРА

 

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тапты

admin_mugalzhar

ПРИВЛЕЧЕНО К ОТВЕТСТВЕННОСТИ 143 ЧЕЛОВЕКА

admin_mugalzhar

Пожарные спасли 85 человек из горящей многоэтажки

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.