«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Құрал БАЙСҰЛТАНОВ: ЖУРНАЛИСТИКА — ӨМІРІМДЕ ӨЗ ҚОЛТАҢБАСЫН ҚАЛДЫРДЫ

БИЫЛҒЫ ГАЗЕТІМІЗДІҢ МЕРЕЙТОЙЫ АЯСЫНДА АРДАГЕРЛЕРІМІЗ БЕН КЕШЕГІ ӘРІПТЕСТЕРІМІЗ ТУРАЛЫ ҚАЛАМ ТЕРБЕП КЕЛЕМІЗ. БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРІМІЗ ДЕ ЖУРНАЛИСТИКА САЛАСЫНДА ЕҢБЕК ЕТІП, «МҰҒАЛЖАРДА» ҚОЛТАҢБАСЫН ҚАЛДЫРҒАН ЖАН.

Қарақалпақ еліндегі Қоңырат ауданы Арзымбетқұм ауылында 1953 жылы дүниеге келген Құрал Байсұлтанов әкеден алтау. Әкесі Байсұлтанның қазақ жерінде, оның ішінде Ақтөбенің Байғанин ауданында дүниеге келіп, 5 жасында Қарақалпақстанға көшкенін айтады кейіпкер. Қызылорданың педагогикалық институтын бітірген әкесі мен анасының жолын қуып, мұғалімдік мамандықты таңдаған Құрал аға Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетін филология факультеті бойынша бітірген. Оқуды аяқтап, әскери борышын өтеп келгеннен кейін, 1978 жылы медициналық институт тәмамдаған. Мария жеңгеймен отау құрып, сол жылы Қоңырат қаласындағы теміржол мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасады. 1992 жылдан 2001 жылға дейін теміржол бойындағы қазақ тіліндегі кластары бар мектептердің методисі болып қызмет атқарады. 2001 жылы ақпан айында Бейнеуге келіп, сол жерде орта мектепке жұмысқа тұрып, 2004 жылға дейін Қоңыраттан қатынап жұмыс жасайды. — Әкем Арзымбетқұмда ұзақ жылдар мектеп директоры болды, анам бастауыш класта сабақ берді. Менің әкем Байсұлтан, інісі Бексұлтан — осы екі ағайынды жігіттің отбасынан 17 педагог шығыппыз. Менің де еңбек өтілімнің 34 жылы осы салада өтті, — дейді өзі. 2003 жылы Қазақстан азаматтығына құжат тапсырып, 2004 жылы азаматтығын алғаннан кейін Құрал Байсұлтанов сол жылы отбасымен Қазақстанға қоныс аударады. Өзінің айтуынша, оған себеп болған — тарихи отанға деген сағыныш. Балаларының қазақ елінде білімін жетілдіріп, осы елде тұрғанын қалағанын айтады ол. Сол мақсатта 2002 жылы ұлын, 2003 жылы қызын Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орындарына оқуға түсірді.

— Қазақстанның кез келген қаласына көшуге, балаларымды да оқытуға болар еді, әрине. Бірақ өзімнің атабабамның топырағына, әкемнің туған жеріне — Ақтөбе өңіріне бүйрегім бұрды. Содан қолдағы қаражаттың, алған квотаның жеткеніне қарай осы Қандыағаштан үй алып, өз үйімізді салғанша сонда тұрдық. Осында сонау Қоңыраттағы ағаштан салған үйімді бұзып, пойызбен жеткізіп, қайта көтердім. Себебі, бұл үй менің әкемнің өзі баптап өсірген ағаштардан тұрғызылған еді. Сонысымен де мен үшін ерекше ыстық ұя, — дейді Қ.Байсұлтанов. Үйді бұзып, оны тиеп әкелем дегенше, уақыт өткізіп алып, бұл жаққа қыркүйекте оқу жылы басталып кеткеннен кейін бір келген Құрал ағаға мектептен жұмыс табыла қоймайды. Содан қазан айында жергілікті газеттен «тілші қажет» деген хабарландыруды көзі шалып, сол кездегі газеттің бас редакторы Қуаныш Кенжеғалиевтен жұмыс сұрап келеді. Құрал ағайдың 7 жылға созылған «Мұғалжардағы» еңбек жолы осылай басталады. — Өмірде бұрын жасамаған салаға келіп, журналист болу әрине, оңай бола қойған жоқ. Қолымыздан келгенше еңбек еттік. Қоғамның тынысын тыңдауға тырыстық, үніне ден қойдық, барын қуана айттық, жоғын мұңдана жаздық. Журналистика жолында Роза Сүйіншалина, Мұханбеттула Кемер, Салиха Букеева, Ізгілік Тағановалармен әріптес болдым. Ол кезде газет өзімізден шығады. Газетті түнімен басамыз, беттейміз, буамыз, поштаға тапсырамыз. Таңертең газетті оқырман қолына алуы үшін тынбай еңбектендік. Журналист ретінде ең алғашқы жазған — музыкалық мектеп туралы материалы да әлі есінде екенін айтады кешегі әріптесіміз. Уақыт өте іссапармен ауданның барлық округін аралап, тұрғындармен тілдесіп, мекемелердің мәселесіне мән артып, кез келген тақырыпта қалам тербей аларлық тәжірибе жинаған журналист Құрал Байсұлтановтың өз оқырмандары қалыптасты . Қыз — мет барысын — да басынан өткен қиындығы мен қызығы қатар орын алған оқиғалар легі де өз жылдар жылнамасына өшпестей ізін қалдырды. — Журналистика саласында жүрген жылдары алғысын айтқан жандармен бірге, мәселені ашып жазғанымызды қаламаған жандардың тарапынан неше түрлі дөрекілік те, жағым- сыз әрекеттерді де көрдік. Журналист те адам. Әрбір мақала жүректен өтеді, көңілге бекиді. Сол мақаланың артында адам тағдыры, шешімін табуды күтіп тұрған маңызды мәселе, көпке үлгі боларлық ер-лік тұруы мүмкін. Соны түсініп, біліп тұрып, қолға қалам алу — үлкен жауапкершілік Өткен күннің елесін жадыда жаңғыртқан кейіпкер аудандық баспасөзде өткен жылдарын жылылықпен айтады: «Ол кезде әр сала өкілдері ауылдарды аралап шығатын еді. Оның ішінде әкімдік қызметкерлері, мәдениет саласының мамандары дәрігерлер, шаштараздар, т.б. — бәріміз бір газель көлігіне мініп, ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесіп, еріп шыққан түрлі сала қызметкерлері халыққа қызмет көрсетіп, әншілер концерт қойып беретін. Содан ауылдарды аралап келе жатып, қараңғы түсе кенет күн бұзылып, жаңбырдың жауғаны бар. Дала тастай қараңғы, жаңбыр құйып тұр, бәріміз күн ұзағына шаршаған, жартымыз ұйқыда, енді бір жартымыз ұйқылы-ояу, сөйтіп келе жатқанда, мінген көлігіміздің жолдан тайып шығып кеткені бар. Әзер деп ес жиып, жабылып жүріп, көлікті итеріп, жолға шығарып, одан ұялы телефон ұстайтын жерге жеткесін, Ембіден көлік шақыртып, шақ жеткеніміз бар. Сөйтсек, келе көрдік, үстімізден, бетаузымыздан дым жоқ, балшыққа батыппыз әбден. Әйтеуір, аман қалғанымызға қуандық. Бір қыстағы кезекті іссапардың кезінде мықтап салқын тиіп, екі ай орнымнан тұра алмай, аяқтан жүре алмай қалғаным бар». Құрал аға 2011 жылдың аяғында аудандық мұрағаттар бөлімінің басшысы қызметіне ауысып, сол жерден зейнеткерлікке шығып, бүгінде 4 баласынан тараған 14 немеренің атасы. Жуырда шөбересінің де дүниеге келгенін айтып мақтанып алды ағай. Зейнеткерлікте жүрсе де Құрал Байсұлтанов ауданның қоғамдық жұмысынан тысқары қалған емес. Бүгінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Мұғалжар аудандық ұйымының төрағасы, аудандық қоғамдастық кеңесінің мүшесі, аудандық «Қазына» тобында ән салып, баян тартады. — Елге, оның ішінде осы Қандыағашқа келген жылдар ішінде бәлендей тындырып тастаған көп нәрсе болмаса да, аудан тынысында өз қолтаңбамды қалдырдым деп ойлаймын. Ал, журналистика — менің өмірімде өз қолтаңбасын қалдырды, — деген Құрал Байсұлтанұлы Қандыағашта еңбектенген 14 жылдың ішінде ел Президентінен бастап облыстық, аудандық деңгейде алған 17 алғыс хаттары мен мерекелік медальдарын еңбегінің жемісі деп біледі.

ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫ ТУРАЛЫ…

— Шыншылдық — мен үшін адам бойында ең бірінші болуы тиіс қасиет. Сондықтан да өмірлік ұстанымыма айналған осы қағиданы балаларымның да бойына сіңіріп өсірдім.

ЕҢБЕК ТУРАЛЫ…

Бала кезімнен еңбекке жақын болып өстім. Мен мектепке 5 жасымнан бардым. Үй мен мектептің ортасында мақта жинайтын пункт бар. Соған мақта әкел- генде, ол желмен ұшып, жолда аппақ қардай болып жатады. Сол жолдың бойына әр жерге арнайы жәшік қойылған. Бірінші кластың балалары мектепке бара жатып, жол бойы мақтаны теріп, сол жәшіктерге салып отырады. Міне, осылай 5 жасымнан бастап еңбекке үйреніп өстім. Былайғы күндері де таңмен таласып тұратынбыз. Таңғы 6-да тұра сала, біріміз қораға мал жайғауға, біріміз баққа, енді біріміз далаға мал айдауға жүгіретінбіз. Еңбектің дәмін ерте татқаннан жаман болмадық. Өмірде қол жеткізгеніміз сол еңбекқорлықтың арқасы деп білемін.

АҚЫН АҒА ТУРАЛЫ…

— Төлеген Айбергенов менің өз ағам. Қайта-қайта ізденіп, жазып, сұраудың арқасында бүгінде Қандыағаш қаласындағы өзім тұратын «Газовиктер» көшесі «Т.Айбергенов» көшесі болып өзгертілді. Қазір көшеге ас- фальт төселіп, жаңарып жатыр. Соған қуанып отырмыз. Көше жақ бетке жеміс ағаштарын егіп қойдым. Енді рұқсат берілсе, сол көшенің бойына бір тақтайшаға болса да Т.Айбергенов туралы мәлімет жазып қойсам деймін. Себебі, бүгінгі жастар ақынды біле бермейді. Төлеген — Мұқағали мойындаған ақын. Кейінгі ұрпақ отыз жасында жұлдыздай ағып өткен ақынды танып-білсе деймін.

ҚАЛА ТУРАЛЫ…

— Біз осында келгенде, қаланың ең бір қиын кезеңі еді. Үйлердің бәрі қаңырап жатқан уақыт. Сонда кейде «қайда келдім» деп ойлаушы едім. Сол кезде Ақтөбеге шақырған адамдар болды. Бірақ, Қандыағаш өзімнің балалығым мен жастығым, азамат болып қалыптасқан саналы өмірім өткен Қоңырат сияқты шағын қала. Содан болар, осы қаланы таңдауымның бір себебі де. Ақтөбеге барған күні басым ауырып, осы Қандыағашыма қайтқым келіп тұрады. Осында келіп, еркін демаламын. Әрбір адамын танимын, көшесі ыстық. Бүгінде қала мен көшіп келген 16 жылда адам танымастай өзгерді. Суымыз ағып тұр, жарығымыз келіп тұр, көше асфальтталып, тротуар салынды. Қалада көрікті жерлер де көбейді, ескерткіштер бой көтерді. Қандыағаш қаласының ертеңі бұдан да жарқын боларына сенемін.

Б.ӘНУАРБЕК

Ұқсас ақпараттар

ЖЫЛЫЖАЙ 5 ТОННА ҚИЯР БЕРЕДІ

admin_mugalzhar

Жаңбыр, найзағай, 41 градус ыстық: Алдағы демалыс күндері елімізде ауа райы қандай болады

admin_mugalzhar

Биыл елдегі колледждерге 31 мың грант бөлінеді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.