«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МАМАНДЫҒЫ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛҒАН ЖАН

ГИПОКРАТТЫҢ АДАЛ АНТЫН АРҚАЛАП, АДАМ ЖАНЫНА АРАША ТҮСІП, ЖҮРЕГІНЕ ЖЫЛЫЛЫҚ ПЕН МЕЙІРІМДІЛІКТІ СЫЙҒЫЗҒАН АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАРДЫҢ БІРІ — ДӘРІГЕР МҰСТАФИН ТАБЫНБАЙ ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ. ДЕРТКЕ ДАУА, ЖАНҒА САЯ ҚАСТЕРЛІ МАМАНДЫҚТЫ БАЛА КЕЗІНЕН АРМАНДАП ӨСКЕН БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІМІЗ «МАМАНДЫҒЫМ-МАҚТАНЫШЫМ, АҚ ХАЛАТЫМ-АДАЛДЫҒЫМ, ЖЫЛЫ СӨЗІМ – ЖАН ЖАДЫРАТАР ШИПАЛЫ ЕМІМ» ДЕП БІЛЕДІ. ОЛ ҚЫЗЫҒЫ МЕН ҚИЫНДЫҒЫ ҚАТАР ЖҮРЕТІН, ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ

ТАЛАП ЕТЕТІН, ЖҰМЫСЫ ДА АУҚЫМДЫ МЕРЕЙЛІ МАМАНДЫҚТЫ АБЫРОЙМЕН АТҚАРЫП, САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНА АРНАП КЕЛЕДІ.

35 жылдан астам еңбек өтілі бар Табынбай Қыдырбайұлының еңбек жолының алғашқы сапары қазіргі Еңбек ауылдық округі Сағашилі ауылында (бұрынғы Победа ауылы) ауылдық дәрігерлік амбулаторияның табалдырығынан басталды. 1986 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық университетін бітірген жас маман, ауылда үш жылдан астам учаскелік-бала дәрігері қызметін атқарды.1990 жылы Қандыағаш аудандық ауруханасына

ауысып, балалар бөлімінде дәрігер болып жұмыс жасады. Өзін нағыз маман екенін танытып, дәрігер ретінде мойындата білген Табынбай Қыдырбайұлы бір жылдан кейін ауданның бас педиаторы қызметіне тағайындалды. Ұзақ жылдар осы салада елеулі еңбек еткен ол, бала денсаулығы үшін аянбай тер төкті. 1997 жылы Еуропалық«Тасис» бағдарламасы бойынша Финляндия мемлекетінде екі апталық қайта даярлау курсын аяқтап, тәжірибе алмасып, Ақтөбе облысы бойынша ең ағашқы жалпы тәжірибелік отбасылық әрігердің бірі болды. Шетелде жинаған әжірибесін елге келіп дамытып,отбасылық жеке клиника ашып, аудан медицинасының дамуына өз үлесін қоса білді.

—  Бүгінде  Қазақстан  аумағында енгізіліп жатқан науқастың электронды амбулаториялық картасы сол жылдары Финляндия елінде әлдеқашан дамып кеткен екен. Ол жақтан жалпы тәжірибелік отбасылық дәрігерлердіңжұмысы турасында көп нәрсе үйрендік. Жалпы тәжірибелі дәрігердің атқаратын қызметінің қандай күрделі екеніне көзіміз жетті. Науқастар барлық шағымын отбасылық дәрігеріне баяндайды.

Дәрігер шамасы келмеген жағдайдағана профилді дәрігерлерге жолдама береді. Бүгінгі таңда біздің елімізде де осы тәжірибе енгізілді. Болашақта өз жемісін беретініне сенемін,- деді білікті маман.

Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халаты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан жоқ шығар, сірә… Өз ісінің нағыз шебері бола білген біздің кей-іпкеріміз талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Аудандық перзентханада бірнеше жыл-дан бері педиатор-неонатолог қызметін қоса атқарып жүрген Табынбай Мұстафин, шырылдап дүние есігін ашқан кішкентай мұғалжарлық сәбилердің денсаулығын тексеріп, шала туған немесе ауыр жағдайда дүниеге келген балалардың өмірін сақтап қалу жолында елеулі еңбек етіп келеді.

— Дені сау болып дүниеге келген балалар үшін шын қуанамыз. Ал қиын жағдайда туылған балалардың өміріне ата-анасымен бірге қиналып, өмір сүріп кетуі үшін, бар біліміміз бен жылдар бойы жинаған тәжірибемізді саламыз. Бүгінгі таңда медицина саласы үлкен жетістіктерге жетіп, қарқынды дамып келеді. Шала туған балаларға жасанды дем беретін құрылғылардың арқасында бала шетінеу дерегі азайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын денсаулығы өте ауыр жағдайда бір шақалақ дүниеге келді. Ол баланың өмірін тек қана жасанды дем беретін аппараттың көмегімен ғана алып қалатынымды түсіндім. Содан сатылып әкелінгеніне екі жыл болған, бірақ қосатын маман табылмай сүр болып сақталған жасанды дем беретін аппаратты қалай да қосуым керек деп шештім. Күн-түн демей, аппараттың барлық техникалық кітабын парақтап, іске қалай қосылатынын толыққанды оқып шықтым. Діттеген мақсатым орындалып, қосымша дем беретін жасанды дем алдыру аппараты іске қосылды.  Сөйтіп,  шала  туылған  әлгі нәрістені құрылғыға жатқызып, беті бері қарап, анасымен бірге үйіне шығарып салған болатынбыз,- дейді бір жұма үйіне бармай, шақалақ үшін тер төккен педиатор-неонатолог.

Табынбай Қыдырбайұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындыққа мойымай, аудан аумағында денсаулық сақтау саласына аянбай қызмет етті. Осы жылдар аралығында емдеу саласы бойынша бас дәрігердің орынбасары, емхана меңгерушісі, аурухананың бас дәрігері қызметтерін атқарған ол, бүгінде аудандық ауруханада емхана меңгерушісі қыз-метінде.

Өз ісінің нағыз маманы, үлкен жүрегі және адал қызметі үнемі елеп-ескеріліп, түрлі марапаттарға ие болды. Ол Халық денсаулығын қорғау саласына сіңірген еңбегі үшін«Медицина саласының үздігі» құрметті атағымен марапатталып, Пирогов атындағы төс белгісінің иегері атанды. Республикалық, облыстық деңгейдегі түрлі марапаттар мен құрмет грамоталарына ие болды.

— Ел медицинасының мүмкіндігі мол. Барлық аппараттар бар. Ал біздің міндет халықтың өмір сүру ұзақтығын жоғарылату және денсаулығын арттыру. Маған марапаттың қажеті жоқ. Мен үшін ең үлкен бақыт – науқасымның аяғынан тұрып, қуанып үйіне қайтқаны, — дейді абзал жан. 

Оның айтуынша, бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті, өмір бойы ізденіс пен талмай оқуды  талап етеді. «Бұл мамандыққа келген соң, кез келген жанға қол ұшын созып қана қоймай, олармен тіл табысып, тәнін ғана емдемей, жанына да демеу бола білуіміз керек» деген Табынбай Қыдырбайұлы жас дәрігерлерге білікті маман атану үшін, тек жоғары оқу орнын бітіру аздық ететінін айтады. Үнемі жас мамандарға сезімталдық пен жауапкершілікті толыққанды сезіну, ұқыптылық пен әр күн сайын таныс емес нәрсені білуге, үйренуге тырысу- дәрігерлік мамандықтың шыңына шығатын баспалдақтың алғашқы сатысы екенін айтып отырудан жалыққан емес.

Адам денсаулығының сақтаушысы бола білген Табынбай Қыдырбайұлы өзінің адал еңбегімен көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген мәртебелі мамандық иесі, білікті дәрігер. Үш ұл тәрбиелеп өсірген асқар тау әке. Балдай тәтті немере сүйген ардақты ата.

Ұқсас ақпараттар

Дала заңын жаңғырту — бәрімізге ортақ іс

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКТЕР ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРДЫ ИЕЛЕНДІ

admin_mugalzhar

Тегеранда құлаған Украина ұшағындағы жолаушылардың барлығы мерт болды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.