«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ядролық сынақтан зардап шеккен ардагерлерге ескерткіш орнатылды

Ақтөбе қаласында Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен ардагерлердің құрметіне ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бекет, сондай-ақ бірқатар басқарма басшылары мен Семей ядролық сынақтарына қатысушы ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері, қала тұрғындары қатысты. 

Қаланың Маресьев көшесі мен Бейбітшілік даңғылы қилысында орналасқан бұл ескерткіштің құрылысына «Парыз» қоғамдық қорынан 4  миллион теңге бөлінген.

Ескерткіштің дизайны мен архитектурасын сәулетші Бақтыгерей Жапар жүзеге асырған.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент мәліметтері бойынша бүгінде аймақта Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтарға қатысқан 1800-ден астам адам тұрады. Оның  268-і — мүгедек, 40-ы — ядролық сынақтарға қатысушылардың жесірі.

— Біздің мемлекетіміздің күш-қуаты ядролық қарудың күштілігін көрсетуде емес, оны қолданбай, біржола бас тартуымен дәлелденді. Бұл  халықтың болашағы үшін дана шешім болды. Әлемдегі төтенше ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан Қазақстанның бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялауы мұның маңызды айғағы бола алады. Дүниежүзілік тарихта бірінші рет ядролық сынақ полигоны халықтың қалауына сәйкес жабылды. Осылайша Қазақстан әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналды. 1949 жылдан 1991 жылға дейін Семей ядролық полигонында 11 мыңнан астам ақтөбелік азамат өздерінің әскери қызметтік міндеттерін атқарды. Облыста осы санаттағы адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары әрі қарай да өз жалғасын табатын болады, — деп, шараға жиналғандарды ескерткіштің ашылу рәсімімен құттықтаған Руслан Хамбаров өз сөзінде Семей ядролық полигоны сынақтарына қатысқан жерлестерге ескерткіш қою мәселесі көп жылдан бері көтеріліп жүрген әлеуметтік проблема болғанын, алайда бұл мәселенің демеушілердің арқасында оң шешімін тапқанын айтып өтті.

Сондай-ақ ол аталған ескерткіш полигоннан зардап шеккен ақтөбелік ардагерлердің бірігіп бас қосатын, салтанатты шаралар өткізетін, қасіреттің құрбаны болған жерлестерді еске алатын, ұрпаққа өнегелі әңгіме айтатын орынға айналатынына сенім білдірді. «Жарқын болашаққа үлкен үмітпен және төзімділікпен қарап, мақсаттарыңызға жетіңіздер», — деп сөз соңында жылы лебізін білдірген Р.Хамбаров ядролық сынаққа қатысушылардың деніне саулық, отбасыларына амандық тіледі.

Бүгінгі күні аймақта халықты әлеуметтік қорғау мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Оларды техникалық және көмекші сауықтыру құралдарымен қамту, санаторлық-курорттық сауықтыруға жіберу, Жеңіс күні қарсаңында материалдық көмек көрсету, коммуналдық шығындарды өтеу, арнайы әлеуметтік және инватакси қызметтерін ұйымдастыру жақсы жолға қойылған.

Жергілікті атқарушы органдардың шешіміне сәйкес ядролық сынақтарға қатысушыларға жыл сайын Жеңіс күні қарсанында 100 мың теңге мөлшерінде біржолғы материалдық қаржылай көмек те көрсетіліп жүр.

Салтанатты шарада облыстағы Семей полигонының ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Қамысбаев сөз сөйледі.

— Семей ядролық сынақ полигоны — ел тарихының қайғылы парақтарының бірі. Қаншама қазақ жұрты өз елінде мылтықсыз майданның құрбаны болды. Полигон сынақтары елімізге ұшан-теңіз зардабын тигізді. Семей полигоны — ұлттың ұмытылмас қасіреті. Қаншама жылдар өтсе де бұл оқиға қазақстандықтардың есінде мәңгіге сақталады. Семей ядролық сынақ полигонына қатысушы ақтөбелік ардагерлердің құрметіне ескерткіш орнату ісі  көптен бері шешімін таппай жүрген мәселе еді, — деген ол шарада ескерткіштің бой көтеруіне ықпал еткен бір топ азаматтың есімін ерекше атап, бірлестік атынан құрмет көрсетті. Алғысқа бөленгендердің қатарында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, еңбек ардагері, «Парыз» қоғамдық қорының жетекшісі Есімхан Есенбаев, сондай-ақ сынақ полигонына қатысқан ақтөбелік ардагерлердің ең үлкені — 85 жастағы

Алғазы  Райхановтар бар.

Тек Семей жері ғана емес, облыстың Байғанин аймағы да ядролық жарылыстардың қасіретін көрген өлке. Сол өңірдің перзенті, «Қалдайбек қасіреті» өлеңінің авторы Жанұзақ Талдыбаевтың есімі де шара барысында ерекше аталды.

Сонымен қатар ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінде «Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан филиалының төрағасы Ізімғали Көбенов:

— Былтыр «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына 30 жыл толды. Бұл — сол отыз жылдықты қорытындылау шарасы іспетті. Осыдан екі-үш жыл бұрын ақтөбелік кәсіпкерлердің демеушілігімен Нұр-Сұлтан қаласының төрінде жалпы сомасы 1 миллиард 200 миллион теңгеге «Бейбітшілік қабырғасы» ескерткіші орнатылды. Ескерткішке Елбасы жоғары баға берді. Сол сияқты биыл Ақтөбеде Семей өлкесінде туған ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнатылды. Мұның өзі ядролық сынақ полигонына қатысқан, бүгінде өмірден озған ардагерлеріміздің отбасы мүшелерін рухани қолдау деп түсінеміз. Ал осындай тарихи, халықаралық дәрежедегі ескерткіш тек Семейде ғана бар. Енді, міне, мұндай ескерткіштің облыс орталықтарының ішінде алғашқылардың бірі болып Ақтөбеде орнатылғаны  көңілге қуаныш ұялатады. Сондықтан әрдайым осындай істің басы-қасында жүріп, қолдау танытатын облыс әкімі Оңдасын Оразалинге айтар алғысым шексіз, —  деген І.Көбенов өз сөзінде «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының президенті, ақын, дипломат Олжас Сүлейменовтің ақтөбеліктерге айтқан жалынды сәлемін жеткізді. Сондай-ақ ол салтанатты шарада О.Сүлейменовтің авторлығымен жарыққа шыққан «Невада-Семей» қозғалысының 25 және 30 жылдығына арналған альбом кітаптарды облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаровқа естелік сыйлыққа ұсынса, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері, осы тақырыпта тынбай еңбек етіп жүрген  Алмагүл Сарыбайға және сынақ полигонына қатысушы белсенді ардагер Оразбай Шымақовтарға  қозғалыс президентінің атынан Құрмет грамотасын табыстады. Сонымен қатар  ескерткіш құрылысына үлес қосқан азаматтарға арнайы сертификаттар берілді.

— Біз «Невада-Семей» қозғалысының өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Осы қозғалыстың белді мүшесі Жанұзақ Талдыбаев «Қалдайбек қасіреті» өлеңін жазған болатын. Қалдайбек — Байғанин ауданының Жарқамыс жеріндегі елді мекен. Сол жерде 11 рет жарылыс болған. Жарқамыстың халқы да жарылыстың зардабын тартты. Бұл — соған байланысты туған өлең. Осы тақырыпта музейде көптеген іс-шаралар өткізіледі. Осындай шаралардың бірінде «Қалдайбек қасіреті» әнін музейде тұңғыш орындаған әлемдік деңгейдегі әншіміз Димаш Құдайберген еді. Ол кезде Димаш музыкалық колледжде оқитын, — деп А.Сарыбай бүгінде жан-жақтан келетін Димаштың фанаттарына музейде ядролық полигонға қатысты жасақталған бұрышты көрсетіп, ондағы фотосуреттермен таныстырып, әншінің  бұл іске осылайша өзіндік үлес қосқанын үнемі айтып отыратындарын жеткізді.

Темір өңірінен түлеген академик дәрігер Сайын Балмұхановтың есімі көпшілікке мәлім. Ол полигон зардаптарын батыл әшкерелеуде үлкен еңбек етті. Оны «Атом полигоны менің көзіммен» деген еңбегінен оқуға болады. Шара барысында Ізімғали Көбенов Ақтөбе қаласында академиктің атына бір көшенің берілетінін, қазір осы бағытта жұмыстар жасалып жатқанын тілге тиек етті.

Салтанатты шарада Семей ядролық сынақ полигонына қатысқан Кеңес Сұлтановтың жесірі Ақжарқын Сұлтановаға сөз берілді. Көзіне жас ала сөйлеген  кейуана елімізде бейбіт күн орнап, ешқандай қасірет-қайғының болмауына тілектестік білдірді.

Шара соңында ескерткіштің ашылу рәсімі жасалып, гүл шоқтары қойылды.

Арайлым НҰРБАЕВА, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбе облысында жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің қатысуымен 37 жол-көлік оқиғасы болған

admin_mugalzhar

Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды

admin_mugalzhar

ГАЗИФИКАЦИЯ: РАБОТЫ В СЕЛЕ ИДУТ ПОЛНЫМ ХОДОМ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.