«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ОЙЫНШЫҚ ТОҚЫП, ІС АШҚАН ІСМЕР

«ІСКЕ СӘТТІҢ» КЕЛЕСІ КЕЙІПКЕРІН ІЗДЕП БАРЫП, ҚЫЗЫЛДЫ-ЖАСЫЛДЫ ОЙЫНШЫҚТАР ӘЛЕМІНЕ ТАП БОЛДЫҚ… БӘРІМІЗДІҢ БАЛА КЕЗІМІЗДЕ ОЙНАҒАН ҚУЫРШАҚТАР МЕН МАШИНАЛАРДАН ӨЗГЕШЕЛЕУ ОЙЫНШЫҚТАРДЫ КӨРДІК. ӨЗГЕШЕЛІГІ СОНДА, БҰЛ ОЙЫНШЫҚТАР ҚОЛДАН ТОҚЫЛҒАН. ЕШҚАШАН АЙНАЛЫСЫП КӨРМЕГЕН ІСТІ ҚОЛҒА АЛЫП, КЕЙІН ОНЫ КӘСІПКЕ АЙНАЛДЫРҒАН ҚАНДЫАҒАШТЫҚ АЙГҮЛ ИСМАҒАМБЕТОВА. ҚАЙ ІСТЕ ДЕ БАТЫЛДЫҚ ПЕН ТИЯНАҚТЫЛЫҚ КЕРЕКТІГІН АЙТАДЫ.

Кейіпкеріміздің ойыншық тоқуына дүниеге келген кенжесіне сапалы ойыншық іздеудегі қиналысы түрткі болыпты. Баласының денсаулығын ойлаған ана өз баласына ойыншықты өзі дайындап беруге шешім қабылдаған екен. Бұрын жалпы тоқудан хабары болғанымен, ойыншықты да тоқуға болатынына мән бермегенін айтады өзі. Содан ізденіп, ғаламторды ақтарып, тоқудың техникасын тереңдеп үйреніп, оның ішінде ойыншықтың түр-түрін тоқуды қолға алады.

— Ойыншық тоқуды 3 жыл бұрын қолға алдым. Кенже баламыз өмірге келгенде небір зияны көп ойыншықты сатып алмай, өзім жасап көрсем деген ой келді. Содан қолға алған іс еді. Әрине, бұрын-соңды айналыспағасын, бәрі бірден керемет болып шықпады. Біраз үйренуге тура келді. Кейін мен тоқыған ойыншықтарымды ұнатқан жақындарым, таныстарым, достарым маған тапсырыс бере бастады. Бүгінде сол жандардың жарнамасымен өзгелерден тапсырыстар түсуде, — дейді Айгүл Исмағамбетова.

Бүгінгі таңда 5 бала тәрбиелеп отырған Айгүл шебер зейнетке шығып, сүйікті ісіне алаңсыз ден қойыпты. Ол жұмыс істеу барысында қиыншылықтардың да кездесетінін жасырмады. Тоқу бір көрінгенге оңай сияқты болғанымен, уақытты, сабырлықты, шыдамдылықты талап етеді. Себебі ойыншық тоқудың өзіндік формалары мен есепке салатын математикалық тұстары да бар.

Педагогика саласында білім алып, мұғалімдік қызметте 8 жыл жүрген тоқымашы апа кейін қызметтен кетіп, уақытын тек отбасына арнаған.

— Бүгінде ерінбеген жанға айналысатын іс жетеді. Ол істі кәсіп көзіне айналдыру да адамның өзіне байланысты. Қазіргі заманның артықшылығы сол — әлеуметтік желі дамыған. Ғаламторды ақтарып отырып, өзіңізге ұнаған, қолымнан келеді-ау деген істі көрсеңіз, соны үйреніп, неге шұғылданбасқа?! Неге сол арқылы отбасын асырамасқа?! — деген кейіпкеріміздің өзі де сол әлеуметтік желіге ойыншықтарын жүктеу арқылы тапсырыс алып отыр.

— Кез келген жіп ойыншықтарды тоқуға жарамайды, иірілген жіптің белгілі бір түрін таңдау керек. Ойыншық тоқу үшін иірілген жіптен басқа, арнайы инелер немесе ілмек, материалдар, көзге, мұрынға, ауызға арналған керек-жарақтар, сондай-ақ шаш, қажет болса, киім-кешек те керек. Ойыншық ішіне салатын қажетті заттардың да сапалысын қолданамын. Материалды Ақтөбе қаласынан аламын, себебі біздің ауданнан оның бәрі табыла бермейді. Ойыншықтарды тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасаймын. Әр адам әртүрлі машина, қуыршақ, мультфильм кейіпкерлеріне, тағы да басқа ойыншықтарға тапсырыс береді. Соның арқасында мультфильмдердің кейіпкерлерін жақсы білемін (күліп. ред.). Тіпті, қырқынан шығару, шілдехана, қыз ұзату секілді тойларға да тапсырыстар түседі. Сонымен қатар ерекше балалардың ата-аналары тоқылған ойыншық қауіпсіз болғандықтан менен алып жатады. Көбіне атаулы мерекелерде тапсырыс өте көп түседі, бірақ тапсырысты шамама қарап қабылдаймын. Себебі бір өзім физикалық тұрғыдан үлгере бермеймін, — деген Айгүл Исмағамбетова болашақта қасына өзі секілді үйде отырып, түрлі іспен айналысатын жандардың басын қосқысы келеді. Ондағы мақсаты — көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсіп бастап кетулеріне себепші болып, білгенін үйретсем деген ниет.

4 қыз 1 ұл тәрбиелеп отырған шебердің балалары да қолөнерден қара жаяу емес. Үлкен қызы өзі секілді ойыншықтар тоқып, сатылымға шығарып отыр. Екінші қызы сурет салудан шеберлік танытса, кенже баласы пластилиннен неше түрлі бейнелер жасауды әдетке айналдырған.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ҚАРАҒҰЛ ТАМЫ — ТАРИХИ ОРЫН

admin_mugalzhar

Ақтөбелік ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілеріне 5,7 млрд теңге субсидия бөлінді

admin_mugalzhar

В семи регионах Казахстана продлили время работы ЦОНов

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.