ДӘМЕШ ТІККЕН КӨРПЕЛЕР…

0
1752

БҮГІНГІ ТАҢДА ӨЗ КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТКІСІ КЕЛЕТІНДЕРДІҢ ҚАТАРЫ ҚАЛЫҢ. ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ДЕ АЗ ЕМЕС. ТЫҢ ИДЕЯНЫ ҚОЛҒА АЛЫП, ЫНТА-ЖІГЕРІН ЖАНЫҒАН МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРДЫҢ КӘСІП БАСТАҒАН БІРҚАТАРЫ ГАЗЕТІМІЗДЕ АРНАЙЫ АШЫЛҒАН “ІСКЕ СӘТ!” ЖОБАСЫНЫҢ КЕЙІПКЕРІНЕ АЙНАЛДЫ. АЛ БҰЛ ЖОЛҒЫ АЙДАРДЫҢ КЕЗЕКТІ ҚОНАҒЫ – КӨРПЕ ТІГІП, ҚЫЗ ЖАСАУЫН ЖАСАУДА ШЕБЕРЛІК ТАНЫТЫП ЖҮРГЕН ДӘМЕШ САРЫМСАҚОВА.

Қандыағаштық Дәмеш Сәуірбайқызы өзге мамандық иесі атанса да, бала күнгі тігіншілік саласында өзін көру арманына араға жылдар салып жеткен. Біздің газетке сұхбат берген ол өз кәсібін бір ғана тігін машинасымен бастағанын жеткізді.

– Өзім мамандығым бойынша мұғаліммін. Қазір бала күтімі бойынша үйдемін. Негізі кәсібімді өткен жылы үйде отырып бастадым. Ал биыл арнайы ғимарат жалдап, “Алтын сапа” атты тігін шеберханасын ашып, кәсібімді үлкейтуге шешім қабылдадым. Қазір қарамағымда ақылы қоғамдық жұмыс арқылы 4 тігінші-жұмысшы алдым. Бүгінде кәсібімді жүргізіп отырмын. Қажет құралдардарды, маталарды Ақтөбе қаласынан алдырамын. Барлығын өзім үйрендім. Көрпенің барлық түрлері, оның ішінде келін көрпесі, шәй көрпе, қонақ көрпе, қоржындар, тойта – бақтар , сәукелелер, той жарақтарын жасаймыз . Мақта және синтепон материалдарынан көпшіктер тігеміз. Кейіпкеріміздің қарап отырғысы жоқ. Еңбекқорлығының арқасында “Аула клубында” қолөнер сабағынан үйірме жетекшісі болып жүргенде, оның қолынан шыққан дүниелер “EXPO” көрмесіне қойылып, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда орын алған. Республикалық деңгейдегі көптеген тігін курстарына қатысқан Дәмештің айтуынша, құрақ көрпелердің құны матасы мен қиындығына қарай есептеледі.

– Тапсырыс беруші өзіне қажет дүниесін, яғни оның түсіне, матасына – барлығына өзі таңдау жасайды. Сұранысына қарай қалаулары бойынша тігіп береміз. Бүгінде тапсырыс жақсы түседі, сұраныс бар. Алдағы уақытта ісмер жамылғыларға тапсырыс қабылдап, таза қойдың, түйенің жүнінен көрпелер тігуді қолға алмақ. Жүнді жуып, түтетін арнайы станок сатып алуды жоспарлап отыр. Балалар киімін тігу де ойға алған істің бірі. Шағын шеберханасын аралатқан шебер алдағы уақытта аудандағы мекемелерден, бала-бақшалардан тапсырыс алуға мүмкіндіктері жететінін, сол мақсатта мемлекеттік сатып алу байқауларына қатысып, мемлекеттік гранттарға да ұсыныс тастағысы келетіндігін жеткізді.

Бүгінде кейіпкеріміз жолдасы екеуі 4 ұл тәрбиелеп отыр. Қазіргі таңда мұнай саласында қызмет ететін жолдасының өзінің әр ісіне барынша қолдау көрсететінін айтқан Дәмеш алдағы уақытта мата дүкенін де ашқысы келетінін жеткізді.

– Кәсіп бастарда ең қажетті нәрсе – қорқынышты жеңу. Қалай да алға қойған мақсатқа жетуге ұмтылу қажет. Көбі алғашқы уақытта кездескен қиындықтарды, кедергілерді көріп, өз кәсібін тастап кетіп жатады. Ол дұрыс емес, бастаған істі міндетті түрде аяғына дейін жеткізуге тырысқан жөн. Сол кезде нәтиже болады, – дейді ісмер Дәмеш.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ