Ерік БҰХАРБАЕВ, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
-Мемлекетіме қызмет ету мен үшін зор құрмет. Әрбір мемлекеттік қызметші әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, өз жұмысының маңыздылығын сезінуі және өз елінің патриоты болуы керек. Халық алдындағы жауапкершілікті сезіне білу, мемлекеттік қызметтің беделін көтеру үлкен жауапкершілік деп түсінемін. «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер», – деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосу – менің басты мақсатым. 2004 жылы жоғары оқуды бітірген соң екі жылдай Ақтөбе қаласында жеке меншік компанияда жұмыс жасадым. Сол кезде мемлекеттік қызметке қызығушылығым болып, 2006 жылы туған ауылыма келіп, Құмсай ауылдық округі әкімі аппаратында жетекші маман болып бастадым. 2007 жылы сол кездегі Мұғалжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы болған Аманкелді Шунимов ағамыздың ұсынысымен Мұғалжар аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы қызметіне ауысу тәртібімен ауыстым. 2014 жылға дейін осы бөлімнің бас маманы қызметін атқардым. 2014-2019 жылдары Қандыағаш қаласы әкімінің орынбасары, 2019-2020 жылдары Мұғалжар аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы қызметтерін атқардым. 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметіндемін.
Мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты деп ойлаймын. Мұғалжар аудандық ішкі саясат бөлімі аудандағы ішкі қоғамдық саяси тұрақтылыққа жауапты бірден бір мемлекеттік мекеме болып табылады. Аудандағы болып жатқан барлық саяси, рухани-мәдени түрлі іс-шаралар ішкі саясат бөлімі арқылы талдалып, өткізіледі. Елімізде бүгінде мемлекеттік органдардың үкіметтік емес сектормен ынтымақтастығын дамытуға да айрықша назар аударылды. Тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту үшін жергілікті мемлекеттік мекемелер арқылы әлеуметтік тапсырыстар қалыптастырылып, жұмыстарөз нәтижесін беруде. Ішкі саясат саласының маңызды қызметіндегі мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды түсіндірудегі бағыттың бірі — идеологиялық жұмыстар. Идеологиялық жұмысты жүйелі жүргізуде ақпараттық-насихаттық топтардың рөлі зор. Облыстық әкімдіктен келетін түрлі бағыттағы ақпараттық насихаттық топ өкілдері қалалық және ауылдық округтерде кездесулер өткізу арқылы жүзеге асырылады.
Толық мәнінде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен аудандық ішкі саясат бөлімі тығыз байланыс орнату арқылы маңызды идеологиялық жұмыстарды атқарады. Мемлекеттік ақпараттық саясатты қамтамасыз ету, мейлінше маңызы зор қоғамдық-саяси, мәдени, экономикалық оқиғаларды жария ету жергілікті және облыстық БАҚ-мен мемлекеттік тапсырыс аясында және тақырыптық медиа-жоспарлар аясында жүзеге асырылуда.
Мұғалжар ауданында дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар жұмыстарды орындаймыз. Аудандық, облыстық ақпараттық насихат топтары аудандағы үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға, нығайтуға, халықтың діни сауатын арттыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырып келеміз.
Жалпы қоғамдық-саяси жағдайларда тұрақтылықты нығайту және маңызды құжаттарды түсіндіру, халық пен жергілікті билік арасындағы қатынасты қалыптастыру — аудандық ішкі саясат бөлімі қызметінің негізінде осы және өзге де міндеттер жатыр.
Жалпы мемлекеттік қызмет жүгі ауыр, талабы қатал қызмет. Себебі әрбір мемлекеттік қызметшінің артында тұрғындарымыздың өтініш-тілектері, ұсыныспікірлері, мұң-мұқтаждары тұр. Мен мемлекеттік қызметкер болғаныма мақтан етемін. Осы қызмет арқылы көптеген адамдармен таныстым, адамдарды да таныдым. Үлкен, орта, буынқ ызметкерлерімен қызметтес болдым. Еңбек жолымда жақсы тәжірибемен тәрбие алып келемін.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ