«Мұғалжар» басылымы биыл 90 жылдығын атап өтпек

0
349

Сонау 1930 жылдың 20 қазанында ең алғашқы нөмірі жарық көрген «Мұғалжар» биыл жылдар жылнамасындағы 90 жылдығын атап өтпек.
Ақтөбе облыстық газеті «Кедейден» бастау алып, «Социалистік майдан», «Коммунизм жолы», «Жаршы», «Октябрь туы-Знамя Октября», «Қандыағаш» болып аталып, 1997 жылдан «Мұғалжар» деген атпен жарық көріп келеді. Басылым республика бойынша ең алғашқы шығарылған аудандық газеттердің бірі.

Сауат ашу жылдарында «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» аудандық газет ел басынан өткен қилы заман райына қарамастан уақыт үніне құлақ түріп, оқырманының жанынан табылып, елжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеп, айнымас серігіне айналды. Бұның бәрі – «Мұғалжардың» ақтаңдақ беттерінен өз орнын ойып алды, кешегі тарихынан бүгінге жеткен тәбәрікке айналды.

Аймақтағы айтып ауыз толтырар қаншама іргелі істер мен тынымды еңбек жемістері, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, мұғалжарлықтардың еліміздің алға басуы жолындағы өз үлестері, толағай табыстар мен жүлделі жеңістер, бейбіт күн мен еңбек майданының батырлары – барлығы тоқсан жыл бойы аудандық басылым бетінде талмастан жарық көріп келеді.

Тереңнен тамыр тартқан «Мұғалжардың» шекпенінен талай есімі елге аян қаламгерлер шықты. Жиенғали Тілепбергенов пен Хамит Құрмашевтардың алғашқы редактор болғаны, лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановтың газетте қызмет еткені кейінгі «мұғалжарлықтар» үшін зор мақтанышқа айналды. Арқалы ақын Есенбай Дүйсенбаев пен сатирик жазушы Табыл Құлиясов та, Амантай Өтегенов пен Әмір Оралбай да, Зейнолла Құлжанов пен Жақып Тоқтағұловтар да осы басылымда еңбек еткен. Соғыс өрті шарпыған зұлматты жылдары майданға аттанған ер-азаматтың орнын басып, қағаз бен қаламды қару етіп қолдана білген газеттің алғашқы әйел редакторы Жаңылша Балмағамбетованың еңбектері біз, яғни бүгінгі тілшілер үшін құнды еңбек. Өз уақыттарында Қарағұл Латыпов, Башар Хайруллин, Қазтуған Ботағарин, Нұрғали Тастанбаев, Елубай Қодаров, Жолдымұрат Сегізбаев, Бақытжан Неталин, Қуаныш Кенжеғалиев, Нұргүл Қалиева, Әнуар Искарин газет редакторлары болды.

Нағашыбай Балмаханов, Әдемі Сағымбаева, Қалима Әлімшина, Роза Сүйіншалина, Әдина Тайымова, Ғазиза Егізбаева, Зауреш Талпақова, Смағұл Құдабаев, Клара Ниязбекова, Бойжеткен Ахметова, Хамит және Қапиза Темірхановтар, Жайна Сарбасова, Малика Абдуллина, Людмила Дербенева, Абылай Камалов, Жұмабике Шотова, Тілек Садуов, Галина Жанбауова, Шахарбек Нұрсейітов, Гүлжәмила Құлманова, Гүлжан Қойшығұлова, Гүлзада Тоғызбаева, Бақытжан Әбілова, Гүлзира Адаева, Мұхаметолла Кемер, Гүлсім Балғабаева, Күнжамал Темірбаева, Ізгілік Тағанова, Салиха Букеева, Гүлсара Алматова, Серік Құлманов, Құрал Байсұлтанов, Рая Жалғасова және т.б. «Мұғалжарда» өз қолтаңбасын қалдырды.

Аудандық басылымда еңбек еткен әрбір буын алдыңғы лек қаламгерлерінің тәжірибесін басшылыққа ала отырып, өз қолтаңбасын қалыптастыра білді. Олардың арасында газетте жұмыс істеген, бірқатары бүгін де еңбек етіп жүрген Гүлзира Наурызова, Айгүл Кенжеғалиева, Бану Жартина, Әсел Абданбаева, Нұрғаным Кесікқұл, Қайрат Сарқұлов, Ботагөз Мұхамбетова, Анар Абубакирова, Мейрамгул Жұманбетова, Жандос Айтжанов, Лариса Жұмағазы, Индира Ізбасқан, Диляра Смагулова, Ардақ Абитова, Алтын Сүлеймен, Нұрсұлу Төлегендерді атауға болады.

Бұл есімдердің барлығын жайдан жай атамадық. «Мұғалжарында» аттары аталсын дедік. Өздері газеттің алғашқы нөмірінен бастап, тоқсан жылдық өмір жолында әр кезеңде басылымның оқырманына жетуі жолында еңбек етіп, өткен өмір мен сол кезеңнің шындығын сөзбен өріп, бүгінге аманат еткен, қаламның құдыретін түйсініп, оны ел үшін қолдана білген жандардың есімі ұмытылмасын деген ой…

Сонау жылдары қорғасын әріпті қолмен терген уақыттан бері қарай, линотип, «Ризограф» баспа машиналарымен басылып, технология дамыған заманда компьютерге иек артқан басылым қазір арнайы баспаханадан жарық көреді. «Мұғалжардың» бүгінгі ұжымы да ауданның ақпарат айдынындағы өз мақалаларымен оқырман жүрегінен орын алып келеді.

Бүгінде ақсақал жасқа жетіп, көргені мен білгенін көңілге түйіп, көпке таратқан, аудан тарихының алтын қоры, тұрғындарының рухани демеушісі, ұрпақтар жалғастығының дәнекері болып келген Сіздің «Мұғалжарыңыз» алдағы уақытта да жаныңыздан табылады деп біліңіз, оқырман.