«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БІР СӘТ ЖӘНЕ БҮКІЛ ҒҰМЫР

Бұл — 2011 жылдың 3 наурызында жарық көрген Ізгілік Тағанованың мақаласынан үзінді. Журналист журналист туралы жазады. Газетіміздің 90 жылдығы аясында «Мұғалжардың» қорынан» айдарымен газет естеліктерін жариялауды жөн көрдік. Осы мақсатта аудандық басылымда өз қолтаңбасын қалдырып, әріптестер есінде нағыз адам және білікті журналист ретінде қалған Роза Сүйіншалина туралы мақаланы қайта басып, назарларыңызға ұсынамыз.

Редакциядан: Орыс тілді қазақ журналист әйелдерінің алғашқы қарлығаштарының бірі болып саналған, оқырмандарының жүрегінен ойып тұрып орын алған, аяулы Роза Қортықбайқызы Сүйіншалина өмірден озды. Жаманат хабар төбемізден жай түскендей әсер етті. Төмендегі мақала Роза апамыздың көзі тірісінде жазылған еді. Апайдың әруағының алдында бас ие отырып, мақаланы «Мұғалжардың» мерекелік санында сол күйінде жариялағанды жөн көрдік. Өзі болмаса да, балалары, ағайын-туыстары оқып, Роза апайды тағы бір мәрте еске алып, мауқын бассын деген үмітпен…

Қалың ойдың құшағында отырған Роза жанына «әжелеп» жүгіріп келген немересі Айжанның даусынан селк етіп ұйқыдан оянғандай болды.

-Не болды, жаным?

-Әже, сен бәрін білесің ғой. Мына бір сөздің қазақшасы қалай? Осыған сөйлем құрастыру керек…

…Тағы да өзімен өзі оңаша қалды. Өткен өмірі кино лентасындай көз алдынан тізбектеліп өтіп жатыр…

«Журналист болсам» деген бала арманы еді. Сол періште арманы жетелеп, мектеп бітірген бойда КазМУ-дың журналистика факультетіне алып келді. Бағы жанып, I курс студенті атанды. Бәрі де өзі армандағандай, өзі бала кезінен қиял қанатында тербетілген сәттердегідей. Тек бір ғана алаңы — мектеп бітірген жылы мұз айдынына барып жүргенде танысқан Аманкелді деген бозбала жігіт. Екеуінің арасындағы бір көргеннен ғашық болу сезімі аяқсыз қалған жоқ. Екі жылдан кейін жарасымды жұп сөз байласып, бас қосты. Отағасы әскери училищені бітірген жас маман. Розаның журналистика әлеміне жаңа ғана қалам тербей бастаған кезі. Дүниеге бірінен соң бірі Эльмира, Ирина, Марсик атты сәбилер келіп, жас шаңырақты шаттыққа бөледі. Ойда-жоқта Аманкелдіні Германияға әскери қызметпен жіберетін болды. Сөйтіп, күтпеген жерден бұлар Потсдам конференциясы өткен әскери қалашықтан қоныс тепті. Отағасы таң атқаннан кеш батқанға дейін қызметте. Ирина мен Марсигі — балабақшада. Өзі гарнизонның әйелдер кеңесін басқарды. Есінде бір қалғаны — Совет Одағының Батыры, тұңғыш әйел-космонавт В.Терешкованың КПСС орталық Комитетінің мүшесі ретінде гарнизонға жұмыс сапарымен келгені. «Сүп-сүйкімді сәбилер екен» деп балаларының басынан сипап еді.

Өмір өз ағысымен өтіп жатты. Аманкелдінің әскери қызмет мерзімі аяқталып, өмірдің келесі бір сатысы басталды. Шет елден атамекендеріне оралып, тума-туыстарымен, жора-жолдастарымен қауышқан күн де қуанышты сәттердің бірі екен ғой. Ол кезде жас кадрлардың жұмысқа орналасуы бәлендей қиындық тудыра қоймайтын. Бұлар да еш кедергісіз отағасы Адамовка аудандық әскери комиссарының орынбасары, ал Роза аудандық газет редакторының орынбасары болып қызметке тұрды. 3-4 жыл осы жердің дәмін ішкен жас отбасы 1972 жылы өндірісі жаңа дамып келе жатқан жас қала — Қандыағашқа қоныс аударды. Аманкелді бастапқыда №1 орта мектебіне әскери жетекші, кейін республикалық екпінді жастар құрылысы деген атақ алып үлгерген Шилісай фосфорит кенішіне жұмысқа тұрды, ал өзі аудандық газетке машинистка болып қабылданды.

1976 жыл… Бұл жас отбасы өміріне орны толмас өкініш, қасіреті сөзбен айтып жеткісіз қайғы алып келген жыл. Айналасын сүп-сүйкімді қылықтарымен қуанышқа бөлеп жүрген екі бүлдіршін — Ирина мен Марсиктен қапияда айырылып қалды. «Қайғыдан әрең деп естерін жиған бұлар үшін тағы да біреуден ілгері, біреуден кеш дегендей күндер жалғасып жатты. Жұмысқа жан-тәнін сала кіріскен Роза ешкімнен қалыс қалмай, карьералық өсу сатыларын басынан өткерді. Машинист, аудармашы, тілші, хат бөлімінің меңгерушісі, редактордың орынбасары — міне, саналы ғұмырының көп бөлігін журналистикаға арнаған оның еңбек жолы. Нағыз журналист болып қалыптасқан жері де — осы жер.

…Осы сәтте мақалаға кейіпкер, дерек іздейтіні, оның қаншалықты нәтижелі болатындығын ойлап, көз іліндірмеген түндері ойына түсіп, бір жымиып қойды. Бірде көшеде келе жатып, бүкшиіп кетіп бара жатқан бір кейуананы кезіктірді. Тоқтатып, жөн сұрады. Сөйтсе, мына жалған әлемде тұлдыр жетім қалған кемпір екен. Қалалық әкімшілік араласып, ЖКХ-ның №18 жатақханасынан жарығы жоқ, жылу жүйесі дұрыс жасамайтын бір бөлме беріпті. Сол күні дайындалып жатқан нөмірге «Бабушка, ты жива?» деген көлемді мақаласы жарқ етіп шығып, оқырмандар арасында «живой резонанс» тудырып еді-ау… Іле-шала «Актюбэнергонефть» мекемесі әжені қамқорлығына алып, көпқабатты үйден пәтер алып берді. Содан бүкіл редакция ұжымы болып қуанып, мәре-сәре болып еді.

Ол қалам тартпаған тақырып жоқтың қасы. Өндіріс, мәдениет, денсаулық сақтау, құқық қорғау саласы — бұлардың бәрінде кезінде сұхбат беруші немесе кейіпкері болған жандар баршылық. Журналист еңбегі тасқа басылып қалған сарғайған газет беттерінен көрінеді емес пе! Талай мақалаларымен аудандық, облыстық байқауларда жүлдегер атанды. Республикалық III әйелдер съезіне, облыстық партия конференцияларына делегат болып қатысты.

Жандарына өшпестей жара салған сол бір қаралы оқиғадан кейін дүниеге келген Айнашты тағдырдың сыйы деп қабылдады. Қазір Аллаға разы. Күйеу баласы Ғалымжан алдынан кесе өткен емес, туған ұлындай мейірімді бала. Бір өкініші, отағасының ертерек кетіп қалғандығы. Күні бүгінге дейін сағынады, іздейді. Әйтсе де, шүкіршілік етеді. Айналасында қабағына сәл мұң үйірілсе, жанынан табылатын үлкен қызы Мирасы, қайнылары, қайын апа-қайын сіңлілері, бауырлары бар.

… Есік қоңырауы шыр ете қалды. Ашса, аудандық газет «Мұғалжарының» 80 жылдық мерейтойына арнайы шақырту билетін алып келген көршісі, газетте істейтін журналист Құрал тұр. Бәсе-бәсе… Бүгін күнімен өткені ойын сан-саққа жүгіртіп, дегбірін алып еді… Сезіп отырған болды-ау.

«Әже, кім келді?» деп қосарлана дәлізге бірге шыққан Айжанына шақырту билетін мақтана көрсетіп жатты…

P.S.   Роза апамызға өмірінің саналы бөлігін арнаған «Мұғалжардың» 80 жылдығын әріптестерімен бірге тойлауды Алла бұйыртпады. Алайда, оның бір мақаласы осы мерейтойға арналып шығарылатын «Қолтаңба» кітабына енеді.

                                           ӘРІПТЕСТЕР ЕСТЕЛІГІНЕН…

Мұқанбетулла Кемер:

                           «Ойланбастан, тоқтамастан жазатын»

Роза Сүйіншалинаны мен 2001жылы 26 сәуірде осы «Мұғалжар» газетіне жұмысқа келгеннен бері танитын едім. Газеттің бас редакторының орынбасары екен. Роза Қортықбайқызы әдеміше келген, аққұба өңді, орта бойлы, сөзі салмақты, кіммен болсын мәдениетті сөйлесетін, қарапайым, көпшіл адам екен. Жаңадан жұмысқа кіргеніммен мені де жақсы қарсы алды. Бір күні маған: «Мұқанбетулла, сен газетке тілші болып келгенде, дайын тілші болып келдің. Саған ешкім ешнәрсе үйреткен жоқ, бірден жұмысты алып кеттің», — дегені есіме түсіп отыр. Менің жұмысымды бағалағаны, әрі риза болғаны ғой.

Роза кейде машинканы өзі басып, материалын жазатын. Сонда әңгіме арасында: «Мен қалай машинканы басуға отырамын, жазатын сөздерім солай есіме келіп отырады. Яғни, ойланбаймын, ойыма келген сөздерді жазамын», — дейтін. Міне, нағыз журналистің сөзі. Ол кісінің жазған әрбір материалынан да сабақ алуға болады. Тастай қылып, ешбір артық жолы жоқ, материалы дап-дайын, газетке басатын етіп жазатын. Аудан халқы да оны сыйлайтын, бағалайтын. 2004-ші жылы Роза зейнет демалысына шығатын болды. Сол кезде мен ол туралы бір бетке толтырып мақала жаздым. Роза да мақала газетке шыққасын: «Мен сені осылай жақсылап жазады деп ойламап едім», — деп ризалығын білдірді.

Айтқан сөз де, жазған жазу да ескірер, бірақ халық жадында осындай жақсы адамдардың сөздері мен жақсы істері қалады. Адам істеген ісімен, айтқан сөзімен ардақты. Роза Қортықбайқызы да сондай жандардың бірі еді.

Әдина Таимова:

                           «Роза апай — нағыз журналист еді»

Мен Роза апаймен аудандық газетте 16 жыл бірге жұмыс жасадым. Ол кісі хат бөлімінің меңгерушісі, мен сол бөлімде тілші болдым. Менің журналистикадағы ең алғашқы ұстазым да осы кісі. Роза апай менің есімде адамдығымен, адалдығымен, шынайылығымен қалды. Ерекше жан еді өзі. Әрі әдемі, әрі нәзік, өте жұмсақ, мейірімді адам болды. Әйелге тән жұмсақтығымен бірге бойында журналистке тән жан-жақтылық ұштасып жататын. Ұзақ жылдар хат бөлімін басқарған апай әр хатты өз жүрегінен өткізе білетін. Бір де бір хатты назардан тыс қалдырмайтын. Қағаздың ар жағындағы әрбір адамның өмірімен танысып, мұңын тыңдап, қуанышын бөлісе білді. Өзі партия ұйымының хатшысы болды. Қоғамдық жұмыста да өте белсенді еді. Апайдың денаулығы сыр беріп жүргенде, бірде жұмысқа жедел жәрдем шақыруға тура келді. Сонда апай дәрігерлерге «мен ешқайда бармаймын, қазір партияның жиналысына қатысуым керек» деп азар да безер болғаны бар. Міне, жауапкершілігі қандай жан! Журналистика апайдың қанында бар еді. Өзі жазып, өзі теріп, өзі қатесін шығарып, бар жұмысты өзі жасай беретін. Мынау сенің, мынау менің жұмысым деп бөлмейтін. Менің түсінігімдегі нағыз журналист ол — Роза апай!

Ізгілік Тағанова:

                               «Апай менің ұстазым болды»

1984 жылы редакция табалдырығынан қорқақтай аттаған мені редакция мен баспахана ұжымдары жылы қарсы алды. Өзім баспагерлер әулетінің өкілі болғандықтан бұл орта маған етене таныс еді. Дегенмен, жаңа жерге бірден үйреніп, сіңісіп кету дегеніңіз оңай нәрсе емес. Ол кезде ұжым басшысы Ж. Сегізбаев болатын. Есімде қалғаны – қолыма Роза апайдың бір мақаласын ұстатып, тез аударып беруімді сұрады. Оқып шықтым. Түсінгенім, сөзбе-сөз аударуға болмайтындығы. Қолыма қалам алып, аудармаға кірістім. Менің жазғанымды оқып шыққан редактор бірден аудармашы етіп жұмысқа қабылдады. Ол кезде Роза апай хат бөлімінің меңгерушісі екен. Роза апай, орыс тілінің аудармашысы Әдина, мен – үшеуміз бір кабинетте отырдық. Сонда апаның жанында отырып, байқағаным – оның өз жұмысына, кейіпкерлеріне адалдығы. Қандай тақырыпқа болса да қалам тербей аларлық шеберлігі. «Отбасым,кішкентай балам бар» деп әйелдігін алға салмайтындығы. Апайдың жастарға бергені де көп болды. Орыс тілді Әдина, Салиха, қазақ тілді журналист мен де апайды ұстазымыз деп санаймыз. 

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда қанша адам вакцина салдырғаны белгілі болды

admin_mugalzhar

ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

admin_mugalzhar

Италиялық ғалымдар коронавирустың күшін толық жоюға қабілетті вакцина ойлап тапты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.