«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Облыстағы білім беру мекемелері жаңа оқу жылына дайын

«Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы». Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин осындай тақырыпта брифинг өткізді, — деп хабарлайды «Ақтөбе» газеті.

Жаңа оқу жылында өңірдегі 402 мектепте шамамен 158 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның 19 мыңнан астамы — 1-сынып оқушылары.

Жиын барысында облыс әкімі санитарлық қағидаларды сақтау, алдын алу шаралары,оқушыларды оқулықтармен және электрондық құрылғылармен қамтамасыз ету, білім беру нысандарын пайдалануға беру, жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, білім беру мекемелерін қажетті мамандармен толықтыру туралы жан-жақты айтты.

— Біріншіден, санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар қатаң сақталады. 

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай әлі тұрақталған жоқ. Осыған байланысты жаңа оқу жылында  бірқатар ерекшеліктер болады. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Өйткені сапалы білім берумен қатар, балалар мен мұғалімдеріміздің денсаулығын да ойлауымыз қажет, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Облысымызда індеттің таралу қаупін алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылданып жатыр.Эпидемиологиялық жағдайға қарай жаңа оқу жылында екі түрлі әдіс бойынша білім беріледі. Бірі — қашықтан, екіншісі — дәстүрлі оқыту. Шалғай ауылдардағы 207 шағын мектептегі балалар толықтай штаттық режимде оқитын болады. Олардың саны — 15 448 бала (жалпы мектеп оқушыларының 9,7 пайызы). Облыс әкімінің айтуынша, қалған 195 мектептегі 143 033 оқушы (90,3 пайыз) қашықтанбілім алады.  Олар — Ақтөбе қаласындағы және аудан орталықтарындағы сыйымдылығы көп мектептердің оқушылары.

— Төменгі сыныптарда бала саны 10-15 оқушыдан аспайтын кезекші сыныптар жұмыс жасайды. Кезекші сыныптарда білім алатын балалардың дене қызуы тұрақты өлшенетін болады. Кабинеттердің ауасын тазарту, кварцтау және ылғалды тазалау режимін күшейту тапсырылады. Арақашықтықты сақтау үшін оқушылар бірнеше ауысымда оқытылады.

Айта кету керек, кезекші сыныптарға балалар тек ата-аналардың рұқсатымен ғана қабылданады. Яғни баланың мектепке келіп оқуын ешкім міндеттемейді. Егер ата-ана балаларының үйден оқуын қаласа, олардың өтініш-тілектері орындалады, — деді облыс басшысы.Жаңа оқу жылында шамамен 1793 кезекші  сынып ашу жоспарланып отыр. Бұл жағдайда педагогтерге бюджет есебінен лауазымдық жалақыға қосымша үстемеақы төлеу қарастырылады екен.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе оқулықтармен қамту бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілген.  Бұл мақсатта облыс бюджетінен 1 млрд 717,0 млн теңге бөлініпті. Қазірде 18 баспамен 182 келісімшарт жасалған. Барлық аудандар мен Ақтөбе қаласы бойынша оқулықтарды тасымалдаушылар анықталып, баспалардан жеткізу жұмыстары қолға алынған.

— Қазір оқулықтарды қоймалардан жөнелту кестесі бекітілді. Оқулықтарды облысқа жеткізу бекітілген кестеге сәйкес жүргізілетін болады. Облыстағы барлық оқушыны тиісті оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар, — деді Оңдасын Оразалин.

Үшіншіден, жас ұрпаққа сапалы білім беру мақсатында электронды техникалық құрылғылармен қамтамасыз ету де жіті бақылауда тұр.

— Қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін әрбір оқушыға интернет  желісіне қосылған компьютер қажет екені белгілі. Білім беру ұйымдарының балансындағы барлық компьютердің жай-күйі тексерілді. Қорытындысында, жарамды компьютердің үлесі — 12 550. Бұл техникалар өте мұқтаж балаларға таратылып берілуде, — деді өңір әкімі.

Оның айтуынша, облыстағы білім беру мекемелері үшін жалпы 44 485 компьютер керек. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекшеқажеттіліктері барбалалар үшін 20 мыңға жуық компьютералуқарастырылып отыр. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сондай-ақ10 мыңға жуық компьютер  облыстық бюджет есебінен алынатын болады.

— Осы алынған компьютерлер жоғарыда аталған отбасыларға тең таратылып беріледі. Ашығын, нақтысын айту керек, оқу жылының басында мұқтаж оқушылардың барлығын бірден компьютермен қамтимыз деп айта алмаймын. Өйткені талап етіліп отырған тиісті заңдылық процедуралар біршама уақыт алады. Сол себепті осы жағдайды ескеріп, ата-аналардың түсіністік танытуларын сұраймын, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Өңірде жалпы саны  43 колледж бар. Оның  26-сы— мемлекеттік,  қалған 17-сі —  жекеменшік оқу орындары. Бұл білім шаңырақтарында шамамен 19 мыңнан астам оқушы білім алады.

Жаңа оқу жылында ауылдық жерлердегі 13 колледжде сабақ(2264 оқушы)  штаттық режимде, 28 колледжде (17200 оқушы) қашықтан ұйымдастырылатын болады. Қалған 2 жекеменшік колледж тек статистикалық есепте ғана тұрғаны болмаса, оларда ешбір оқушы жоқ.

Сараптау барысында колледждерге де компьютер жетіспеушілігі анықталды. 538 компьютер қажет. Қазір бұл мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып жатыр.

— Тағы бір мәселе, 538 студенттің интернет желісіне қосылу мүмкіндігі жоқ екені анықталды. Осы мәселені шешу мақсатында бюджет есебінен 24 605 роутер мен модем алу жоспарлануда.

«Жас маман» жобасы аясында  колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылатын болады, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Сапалы білімді қамту мақсатындағы жұмыстардың төртінші бағыты — жаңадан салынған білім шаңырақтарын ел игілігі үшін пайдалануға беру. Сондай-ақ қазір бірнеше білім беру мекемесінің құрылысы жалғасып жатыр, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан ғимараттарда жетерлік. Бұл туралы Оңдасын Сейілұлы былай деді:

— Қазір үш ауысымды және апатты, ескі мектептерді жою мақсатында 20 мектептің (13 мектеп, 7 қосымша құрылыс) құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін кемінде 9 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Соның ішінде 3 мектеп қыркүйек айында ашылатын болады. Олар: Ырғыз ауданының орталығындағы 100 орындық интернатымен бірге 300 орындық мектеп, Ақтөбе қаласының «Рауан» тұрғын үй аумағындағы 300 орындық мектеп және  облыс орталығындағы №56 орта мектептің қосымша құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

Жыл аяғына дейін  құрылысын аяқтау жоспарланған 6 мектеп:«Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 900 орынға арналған жаңа 2 білім ордасы еңсе тіктейді. Темір ауданыШұбарқұдық кентінде 60 орындық интернатымен 320 орындық орта мектеп бой көтереді, Қарғалы ауданы Бадамша ауылында 70 орындық интернатымен бірге 300 орындық мектеп ашылады. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы №53, №68  орта мектептердің маңындағықосымша құрылыстар салынып болады.

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы және «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 60 білім беру ұйымын жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын.Қазір 6 жоба бойынша жұмыстар толық орындалды. Жаңа оқу жылына дейін 48 нысанның жөндеу жұмысын аяқтау жоспарланып отыр.Ал қалған 6 ғимараттағы  жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталуы тиіс.Жөндеу жұмыстарының барысы облыс әкімдігінің жіті бақылауында тұр.

Айта кету керек, І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыста 851 орынға арналған 10 балабақша ашылды. Биылғыбасты мақсат — балаларды мектепке дейінгі біліммен толық, яғни 100 пайыз қамту.

Жаңа оқу жылына әзірлік әрі сапалы білім беруді қамтамасыз етудегі бесінші бағыттағы жұмыстар — білім беру мекемелерін қажетті кадрлармен қамтамасыз ету.

— Облыс бойынша әлі де 251 педагог жетіспейді. Олар, негізінен, орыс мектептеріндегі бастауыш сынып, математика, химия, физика, ағылшын тілі, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері. Кадр тапшылығын жою үшін біз облыстық бюджеттен жыл сайын қажетті мамандарға арнайы грант бөлудеміз. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша тапшы мамандар  жоғары оқу орындарын бітіріп, диплом алған түлектер есебінен шешіледі, — деді облыс әкімі.

Облыстағы қашықтан оқытатын мектептер BILIMLAND, DARYN.ONLAIN платформалары бойынша білім береді. Аталған интернет платформаларды пайдалануды еркін меңгеру үшін мұғалімдер «Қашықтан оқытуды  үйренемін» онлайн-курстарында тегін білім алуда.

— Қорытындылай келе айтарым, облыстағы барлық білім шаңырақтары жаңа оқу жылына дайын. Қандай форматта болмасын, білім беру сапасы өз деңгейінде жүргізілетін болады. Алдымызда қандай мәселелер туындаса да, оларды оңтайлы шешуге дайынбыз. Ең бастысы, қандай жағдай болмасын, өскелең ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуы тиіс. Қоғам болып, ел-халық болып бірігіп, ынтымағымызды арттырсақ, ұстаздардың еңбегін бағалап, оларға әрдайым қолдау көрсетсек, ел ертеңіне ие болар лайықты толқынды тәрбиелеп шығаруымызға толық мүмкіндік бар. Жақсы күндер жақын болсын, — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда запастағы офицерлер екі жылға әскери қызметке шақырылады

admin_mugalzhar

ЕЛЕК АУЫЛЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

admin_mugalzhar

Ербол Данағұлов жаңа қызметке тағайындалды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.