Жылыту маусымына дайындық қалай?

0
204

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппараттық жиын барысында аймақтағы эпидемиологиялық ахуал мен коронавирус инфекциясымен күрес, сондай-ақ жылу беру маусымына дайындық жайы талқыланды.

Әуелі облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың эпидемиологиялық ахуал туралы есебі тыңдалды. Оның айтуынша, 2 қыркүйек күні облыста бірде-бір КВИ оқиғасы тіркелмеген. Ал осы айдың басынан төсек жүктемесі 78 пайыздан 16,5 пайызға дейін төмендеді, резервте 2556 кереует бар. Жедел жәрдем бригадаларын шақыру 3 есеге, науқастарды ауруханаға жатқызу 10 есеге азайған. Сонымен бірге, облыста күзде болуы мүмкін аталған кеселге дайындық жұмыстары күшейтілді. Осылайша, жұқпалы аурулар ауруханаларында төсек-орын саны 337-ден 487-ге, провизорларда 1010-нан 3436-ға дейін артты. 1371 төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген.

3 стационар оттегімен және басқа медициналық газдармен қамтамасыз ететін орталықтандырылған жүйемен жабдықталған. Облыстық фтизиопульмонология орталығында оттегі өндіретін автономды станция орнатуға қаражат бөлінді.

Ақтөбе медициналық орталығындағы оттегі станциясын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін үш автономды дизельді электр генераторы қайта жаңартылып жатыр.

Мұнымен бірге, ауруханалар мен провизорларда дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының 2-3 айлық қоры бар, кадр мәселесі де шешілуде.

— Біз барлық шараларды қабылдауымыз керек және кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет. Аудан әкімдеріне медициналық мекемелерді, олардың дәрі-дәрмектермен және жабдықтармен қамтамасыз етілуін тексеру қажет. Барлық бағыттар бойынша жұмысты, соның ішінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтіңіздер. Босаңсуға болмайды, — деп атап өтті Оңдасын Сейілұлы.

Одан соң Нұржауған Қалауов 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық туралы хабарлады. Белгілі болғандай, жалпы дайындық 92 пайызды құрайды: 589 қазандық, 266,5 шақырым жылу, 136,5 шақырым сумен жабдықтау, 146,6 шақырым электр желілері, 1440 әлеуметтік нысан, 2 486 көппәтерлі тұрғын үй жөнделген.

Әлеуметтік нысандарда жылыту маусымының кідіріссіз өтуі үшін 34 486,6 тонна көмір және 2044 тонна сұйық отын дайындалмақ. Халыққа 35420 тонна көмір қажет болады. Қазіргі уақытта 8190 тонна көмір жеткізілді. Қатты отынның құны тоннасына 15600-16500 теңгені құрайды. Көмір Шұбаркөл, Екібастұз, Қаражыра көмір бассейндерінен жеткізіледі.

«Жылыту маусымына бір ай қалды. Сондықтан оған дайындық сіздің үнемі бақылауыңызда болуы керек. Қазандықтарды жөндеу, қатты және сұйық отынды жеткізу жұмыстарын жеделдетіңіз. Көмір таратушылармен тиісті жұмыстар жүргізу керек, отын тасымалдауды жандандыру қажет», — деп жиынды қорытындылады өңір басшысы.

Айта кетейік, шараға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент пен басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері бейнеконференция режимінде қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ

“Ақтөбе” газеті