«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚҰТ ҚОНҒАН МЕКЕН

Құмсай — берекесі мен ырысы артқан, ынтымағы жарасқан, әлеуметтің тұрмысы түлеген ауыл. Ал құмсайлықтар — еңбекпен өрісін кеңейтіп, кәсібінен нәсіп тапқан, төрде басы, төскейде малы қосылған шаруа жандар. Бүгінгі мақаламыз бірлігі бекем осы ауылдың бүгінгі тұрмысы туралы болмақ…

685 ТҰРҒЫН, 163 ТҮТІН БАР

Бүгінгі таңда Құмсай ауылының әлеуметтік жағынан дамуына барынша жағдайлар жасалуда. Ауыл тұрғындарының жағдайларын жақсартуға, ауыл өмірін көркейту мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынған түрлі бағдарламалар құмсайлықтар үшін де өз нәтижесін беруде. Бірқатар әлеуметтік мәселелер де шешімін тапқан. Ауылда екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыссыз жүргендер де жоқтың қасы. Сондай-ақ бюджеттік мекемелерде еңбек ететін, жеке кәсіппен шұғылданатындар да баршылық. Жалпы саны 685 адам тұратын, 163 түтіні бар ауылда 6 мемлекеттік мекеме, 3 бөлімше жұмыс жасайды. Жалпы білім беретін орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, ауылдық Мәдениет үйі, кітапхана, интернат, ветеринариялық пункт, байланыс, «Қазпошта», электр торабының бөлімшелері халыққа қызмет көрсетеді.

«ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ»: 500 АҚБАС СИЫР АЛУ ЖОСПАРДА

Бұл ауыл төрт түлікті түгел өргізіп, өнімдерімен өздерін толық қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда 21 шаруа қожалығы, 11 кәсіпкерлік нысаны шаруаларын дөңгелетіп, кәсіптерін жүйелі жүргізуде. Округ аумағындағы ауыл шаруашылық мақсатындағы жер көлемі 44 593 гектарды, босалқы жер — 127 958 гектарды, ауылдық елді мекен жерлері — 25 416 гектарды құрайды. Кеңес үкіметі кезінде бұрынғы Құмсай совхозында 3700 мүйізді ірі қара, 36 мың қой болған. Бүгінгі құмсайлықтар да негізгі бағыты мал шаруашылығы болғандықтан, ата кәсіптен қол үзбеді. Округте 3391 қой-ешкі, 8526 ірі қара малы, 1132 жылқы, 2903 құс өсірілуде. Туған жерінің туын жоғары ұстап, ауылдағы ауыл шаруашылық саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген кәсіпкерлердің бірі «Қайыңдыбұлақ» шаруа қожалығының иесі — Қайрат Дарқұлов. Шаруа «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында 125 млн. теңгеге несие алып, қазақтың етті 500-ге жуық ақбас сиырын сатып алып, өсіруді жоспарлап отыр. Сонымен бірге, серіктестік 10 мың бас қой бордақылау алаңы мен жылына 250 тонна қозы етін өндіретін кешен салған. Ауырған малға арналған ветеринариялық іс-шаралар жоспар бойынша жүргізіліп отырады. Ауылдық округте мал дәрігері мен ветеринариялық санитар жұмыс жасайды.

КӘСІПКЕРДІҢ КӨМЕГІ КӨП

Ауыл әкімі Асылбек Тұғыров ҚР президенті Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауы аясында біршама жұмыстар жүргізілгенін айтады. «Бақытты балалық шақ» акциясы аясында мекеме басшыларының ұйымдастыруымен іс-шаралар өткізіліп тұрады. «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша құмсайлық кәсіпкер Қайрат Дарқұлов «Тама-Төлжан» мешітіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мешіттің жөндеу жұмыстарына 1 млн. теңге көлемінде қаржыны сыйға тартқан шаруа қожалығының иесі бұдан өзге мектеп, балабақша, мектеп жанындағы интернатты жөндеуге, 30 жылдық күл шығару жұмыстарына 2 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен. Ауыл азаматы Есет Оспанов «Туған жерген тағзым» акциясы аясында Құмсай ауылдық округінің өрт сөндіру бекетіне құны 3 млн. теңге тұратын ғимаратты сыйға тартқан. — Жергілікті қоғамдастық кеңесінің ұйымдастыруымен және ауыл азаматтарының демеушілігімен өрт сөндіру үшін су жинауға арналған пирс салынды. Құмсай ауылы және Шилі қыстағы арасындағы көпір жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылда ұйымдастырылатын іс-шараларға үнемі ауыл кәсіпкерлері К.Дарқұлов, М.Тлеубаев, Е.Бұрханов, Қ.Абылаев, М.Абылаевтар демеушілік көрсетіп отырады, — дейді ауыл әкімі.

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

Ауыл әкімі Құмсай ауылында жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандардың жоғын айтады. Барлық нысандар жаңа типтік үлгіге сай жабдықталған. Ауыл орталығындағы жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияда 9 адам жұмыс жасайды. Ауыл дәрігерлері тұрғындарды тексеру, емдеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырады. Осы жылы аудан орталығынан жылжымалы флюрография көлігі келіп, 250 ауыл тұрғыны тексерілген. 2020 жылдың жартыжылдығында жоспар бойынша 48 адам скринингтік тексерістен өткен. Биылғы оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған отбасы балаларына жәрдем ретінде көмек көрсетіліп, 50 мың теңге ақшалай, 40 мың теңге көлемінде киім-кешектер алынған. Ауыл мектебінде 39 педагог, 38 кіші қызметкер жұмыс жасайды. «Бәйтерек» бөбекжай-бақшасында 25 бала тәрбиеленіп, 24 адам жұмыс жасайды. Ауылда туу көрсеткіші де жоғары, жыл сайын 15-17 бала дүниеге келеді. «Іргесі берік ауылдың еңсесі де биік» демекші, ауылдың мәдени-рухани саласында да дамушылық бар. Шектеу шараларына дейін ауыл орталығында орналасқан Мәдениет үйінде түрлі мәдени шаралар жиі ұйымдастырылып келді. Ауыл кітапханасынан да оқырмандар легі үзілген емес. Қоғамдық тәртіпті қадағалайтын учаскелік полиция инспекторы да арнайы қызметтік бөлмемен қамтамасыз етілген.

200 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

Қоғам жұмысын жүйелі түрде қолға алған ауыл әкімі мен белсенді тұрғындар да көгалдандыру ісіне көзінің қарашығындай мұқият қарайды. Мінсіз қоршалған, мұнтаздай таза ауыл іші кенттегі кейбір көшелердің кейпінен ажарлы. Жергілікті атқарушы билік тарапынан елді мекен тұрғындарына абаттандыру, көркейту, көгалдандыру, санитарлық тазалық сақтау төңірегінде тұрақты түрде түсініктеме жүргізіп отыру дағдыға айналған. Бұл жұмыстарда округ әкімінен бастап ардагерлер, жастар, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар асқан белсенділік танытады. Елді мекенді көркейтіп, көгалдандыруға, абаттандыруға жыл сайын бюджеттен қаржы бөлініп, қаралған қаржы тиімді жұмсалады. Осы жылы ауыл аумағынан 200 тоннаға жуық қоқыс жиналып, белгіленген орындарға тасылған. Ауыл басшысы 2020 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде округке бөлінген 834 мың теңгенің ауылды абаттандыруға жұмсалатынын айтты.

70 ЖЫЛҒА ЖЕТЕТІН СУ ҚОРЫ БАР

Ауызсу мәселесі құмсайлықтар үшін түйіні тарқатылмай келе жатқан түйіткілді мәселе. Себебі, ауыл тұрғындарының көпшілігі суды құдықтан тасып ішеді. Кей тұрғындар өз күштерімен аулаларынан су ұңғымаларын қазып алған. Алайда, бәрінің тілегі — орталықтандырылған су жүйесіне қосылу. Көптің тілегі қабыл болып, ауыл тұрғындарының басты ауруына айналған ауызсу мәселесінің алдағы күндерде шешімін табу мүмкіндігі бар екенін тілге тиек етті ауыл басшысы. — Ауылдағы ауыз су мәселесін шешу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып жатырмыз. Құмсай ауылына ауызсу жүйесін жүргізуге жобалық-сметалық құжат дайын. Бүгінде барлығы мақұлданып, тек қаржыны күтіп отырмыз. Әлемді әбігерге салған індетке байланысты қаржы кешіктіріліп жатыр. Алдағы уақытта қажетті қаржы бөлінсе, ауыл орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылатын болады. Сол кезде ауызсуды үздіксіз беруге мүмкіндік туады. Барлығы уақыттың еншісінде. Әрине, жасалып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды, тек сабырмен күту қалды, — дейді Асылбек Тұғыров. Ауыл әкімінің айтуына қарағанда, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде округ аумағында 70 жылға жететін су қоры бары анықталған.

АУЫЛҒА ИНТЕРНЕТ КЕРЕК

Құмсайда «Қазақтелеком» АҚ-ы талшықты-оптикалық желісіне қосылған бірнеше тұрғын үй бар. Мемлекеттік мекемелер интернет тарататын байланыс мекемелерімен келісім-шартқа отырып, жұмыс жасауда. Алайда, қарапайым халықтың көпшілігі мобильді операторлар тарататын интернет желісіне мұқтаж. Тек қана сөйлесіп, хабар алысуға жарамды «Beeline» мобильді операторы кең жолақты интернет таратуға қауқарсыз. «Ауылды қолжетімді интернет желісімен қамтамасыз ету — заман талабы». Осылай деген ауыл әкімі алдағы уақытта ауылға «Activ» байланыс операторының антеннасын тұрғызуды жоспарлап отыр. — Бұл байланыс желісі тартылса, ауыл кең жолақты 3G жүйесіне қосылады. Бұл жоба біз үшін өте маңызды. Себебі, ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз етіп қана қоймаймыз, сонымен қатар, цифрландыру жоғары деңгейге өседі, ақпаратқа қолжетімділік артады, — дейді ауыл әкімі.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

БАҒА ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫНАН АЗЫҚ-ТҮЛІК ӘКЕЛІНУДЕ

admin_mugalzhar

ҚМДБ: Рамазан айында тарауық намазы мешітте жамағатпен оқылмайды

admin_mugalzhar

БИЗНЕС БАСТАУ ЖОЛДАРЫН ТҮСІНДІРДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.