МҰҒАЛІМ ДИДАР

0
212

БҮГІНГІ МАҚАЛА ҮШІН АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНЕ ХАБАРЛАСТЫҚ. ОНДАҒЫ МАҚСАТЫМЫЗ – АУДАННЫҢ БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАСТАРҒА ҮЛГІ БОЛАРЛЫҚ ЖАН АТАНЫП ЖҮРГЕН, МҰҒАЛІМДІК МАМАНДЫҒЫН МАҚТАН ЕТЕТІН, ӨЗ ЕРТЕҢІН ОСЫ САЛАМЕН БАЙЛАНЫСТЫРА АЛАТЫН, ЖАНЫП ТҰРҒАН ЖАС ІЗДЕДІК. АУДАН ОРТАЛЫҒЫНАН ШАЛҒАЙ- ДА ЖАТҚАН МҰҒАЛЖАР АУЫЛЫНДАҒЫ ДИДАР АЛЕНОВ ТУРАЛЫ ОСЫЛАЙ БІЛДІК. СӨЗ САПТАУЫМЕН СӨЙЛЕУ МӘНЕРІ ТІЛ МАМАНЫ ЕКЕНІН БІРДЕН АҢҒАРТҚАН ЖАС “МЕН ҮШІН ҚАСТЕРЛІ ДЕ, ҚАСИЕТТІ МАМАНДЫҚ – ҰСТАЗДЫҚ” ДЕП БАСТАДЫ ӘҢГІМЕСІН…

“Өзімнің кіндік қаным тамған туған ауылымда еңбек ету – еш ойлануды қажет етпейтін шешім болды”

Осы мақсатпен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2012 жылы филология мамандығы бойынша аяқтаған Дидар өзі білім алған мектепке жұмысқа орналасты. Қазір Мұғалжар жалпы білім беретін орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. “Мектебіміз аудандағы ауылдық мектептердің беделділерінің бірі десем, артық айтпаған болармын. Себебі, білім ордамыз ақылын аямайтын алдыңғы буын ұстаздар мен жаңашылдыққа жаны жақын жас мамандардың шоғырланған білім ордасы”, – деп мектебімен мақтанып алды Дидар мұғалім. Жас ұстаз “білім – әлемге жол ашады” деп біледі. “Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман” деген Міржақып Дулатовтың сөзін мысал еткен ол: “21- ші ғасыр – білім ғасыры. Болашақта өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазіргі таңда білім беру сапасын арттыру, әлемдік білім беру кеңістігіне ену, интернет жүйесін жүйелі пайдалану, электрондық оқулықтарымен жұмыс жасау – білім саласындағы жаңашылдыққа бастама болар қадамдар. Біз де көшкен көштен қалмай, осы үдеден шығуға тырысуымыз қажет”, – деді. “Әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы” деп білетін Дидар мұғалім баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы екенін және осы қағиданың оқушы тәрбиелеудегі өзінің ең басты әдісіне айналғанын айтты.

“Арманым өзім үшін тым бөлек, тым ерекше еді”

Бір қызығы, кейіпкеріміздің бала кезгі бұл арманы – ұстаз болу емес, сахнаға шығып, ән айту болған екен. “Шіркін, киелі сахнаның төрінде халықтың алдына өнер көрсетсем, әуелетіп ән салсам, менен бақытты жан болмайтын болар” деп ойланып, толғанатынмын. Бірақ, есейе келе, ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ екенін ұғындым. Ер жігіт мамандық және жар таңдауда қателеспеуі керек болса, шүкір екеуінен де қателеспедім”, – деді өзі ол туралы. Ұстаздық жолдағы ең алғашқы сабағы Орал қаласындағы №40 ЖББОМ-де тәжірибеден өту кезінде өтіпті. Ол кездегі көңілдегі қорқыныш пен әлі ысылмаған жас жігіттің өзіне деген сенімсіздігі әлі есінде. Ше- шінген судан тайын- бас деп, бір терең демалып, класқа кіріп барған жастың көзі өзіне жәудірей қарап отырған оқушыларға түсіп, одан сайын абдырағаны бар. Алғаш рет “Дидар ағай” деген де сол оқушылары. Жаны- на жақындығы да содан. Ағайлап отырып, сабақта белсенділік танытып, қобалжыған мұғалімдерін барынша қолдаған оқушылар мен жас маманның сабағын жоғары бағалап, төбесін көкке жеткізген әріптестері таңдауының дұрыстығын тағы бір дәлелдеп өткендей болды. “Ия, әрине, қазір дәл сол күнгідей абдырамасам да, әр сабаққа кірген сайын аздаған қобалжудың болатыны рас. Ол сабақ беруге деген қорқыныштан емес, шәкірт жүрегіне жол тапсам деген үміттен болар деп ойлаймын”, – дейді Дидар.

“Мен үлгі тұтар жан көп”

Дегенмен, Дидардың ең басты үлгі тұтар биігі – өз әкесі. “Әке көрген – оқ жонар” деген мақалдың мақамымен айтсақ, Дидарды алға жетелеп келе жатқан қасиеттің бірі – әке берген тәрбие екен. Жалпы кейіпкеріміз өмір жолында жолыққан әрбір жаннан жақсы қасиет алуға тырысатынын айтады. Өзі бағалайтын жандардың арасында мұғалімдік жолды таңдауына себепкер болған ұстазы – Сатаева Рая апайы да бар. “Қазіргі таңда зейнеткерлікке шыққан апайымыздың өзін өзі ұстауы ерекше еді. Шәкірттеріне берген тәлім-тәрбиесі мен білімі өмірдің соңына жететін азық іспеттес”.

“Менің марапатым – шәкірттерімнің жетістігі деп білемін

Осылай деп аудандық, облыстық және интернет арқылы республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген шәкірттерімен мақтанған жас ұстаздың өзі де қара жаяу емес. Ең алғаш 2017 жылы Мұғалжар аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен “Үздік жас қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі” байқауына қатысып, бас жүлдеге ие болды. Осы жылы “Жастар – жасампаз елдің болашағы” атты форумда аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал 2018 жылы “Ұстаздыққа қадам” байқауына қатысып, аудан деңгейінде бас жүлдеге ие болып, облыстық кезеңге жолдама алды. Ақтөбе қаласында өткен бұл байқауда барлық аудан және қала мектептерінен келген жас мамандар бақ сынап, Мұғалжар ауданының намысын қорғаған жас жүлделі екінші орыннан көрінді.

“Достарым кітапқа деген қызығушылығымның оянуына себепші болды”

Расымен оқушы кезінде кітап оқуға аса құмар болмаған Дидар студент шағында қасында жүрген жақын екі досының өзін кітап оқуға үйреткенін мақтана тілге тиек етті. “Ержан Дәулеталиев пен Ералы Бақдәулет есімді жігіттермен алғаш танысқанда, сөйлеген сөздеріне, байыптылықтарына қатты қызығатынмын. Кейін жақын таныса келе олардың бос уақыттарында кітап оқитынын білдім. Мен де болашақ тіл маманы болғаннан кейін сөздік қорымды дамытып, сөз саптауымды дұрыстау үшін кітап оқу қажеттігін түсіндім. Содан кейін достарым да үнемі сыйлыққа кітап беретін. Міне, осылай достарым мені кітап әлемімен достастырды”.

“Ұстаз болу жүректің батырлығы

“Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе, бала тәрбиеле” дейді халқымыз. Осы жолда қызмет етіп жүрген барша ұстаздар қауымын алда келе жатқан төл мерекелерімен құттықтаймын! “Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін білім” деп Мұхтар Әуезов атап көрсеткендей, егемен елдің келешегіне жасап жатқан еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!”

“Жиырма бесте жасым бар”

1995 жылы наурызда дүниеге келген Дидар ағайынды үш баланың кенжесі, қара шаңырақтың иесі. Өткен жылы әкесі Төлебай мен анасы Әсемайға Орқаштың Нұржайнат атты қызын келін етіп түсіріп, бүгінде Ғибрат есімді батырдың әкесі атанды.

Б.КАРИМАН .