Шетелдерден келгендерге 440 орындық стационар ашылды

0
153

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында жылыту маусымына дайындық пен өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты мәселелер қаралды. 

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Отырыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді.

— Облыста коронавирус инфекциясы бойынша жағдайлар анықталған жоқ. Науқастардың 98,3 пайызы ауруханадан шықты. Төсек-орын жүктемесі 78 пайыздан 14,6 пайызға дейін  азайды. 315 инфекциялық кереует дайындалды. Резервте әлі 3588 кереует бар. Алты зертханада 155 544 ПЦРтест, 21 653 экспресс-тест алынды, — деді Н.Қалауов.

Ол Қазақстан шекарасындағы өткізу бекеттерінде коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында өңірде 6 қазаннан бастап 440 орындық карантиндік стационарлардың жұмыс жасайтынын айтты.

Оның айтуынша, 72 сағат ішінде COVID-19-ға ПЦР арқылы тест тапсырғандығы туралы анықтамасы жоқ шетелден келген азаматтар екі тәулікке А.Досжанова атындағы жатақханаға, Мәртөк ауданы Жайсаң ауылындағы колледжге, Қарғалы ауданы Әлімбет ауылындағы интернатқа жатқызылатын болады. Сондай-ақ стационарлардағы кереуеттер саны қажет болған жағдайда 315-тен 3603-ке дейін, соның ішінде реанимациялық бөлмелердегі орын саны 401-ге дейін көбейеді.

Бүгінге дейін облыста медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын күшейту, жабдықтау шаралары қабылданды. Атап айтсақ, 1547 төсек-орынның 93 %-ы оттегімен, үш стационар орталықтандырылған оттегімен қамтылған. Медицина мекемелерінде дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс заттарының екі айлық қоры жасақталды. Сонымен қатар облыста 37 бақылау тобы мыңнан аса заңбұзушылықты анықтап, 633 адам жауапқа тартылды, 79 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Облыс әкімі шетелдерден келген өңір тұрғындарына сақтану шараларын қатаң орындау, бақылау топтарының жұмыстары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Бұдан кейін жиында жылыту маусымына қатысты мәселе қаралды.

Нұржауған Қалауов барлық автономды қазандықтардың, инженерлік жүйелердің, әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына толықтай дайын екенін баяндады.

Бүгінгі күні аудандарда 397 білім беру, 204 денсаулық сақтау, 75 әлеуметтік нысан, 271 тұрғын үй жылумен жабдықталған. Ақтөбеде мектептердің 87,5 %-ы,  балабақшалардың 86,7 %-ы, мектепке дейінгі мекемелердің 64,7 %-ы, медициналық нысандардың 62,9 %-ы жылумен қамтылған. 427 көппәтерлі үй орталықтандырылған жылуға қосылды. Бюджеттік ұйымдар қатты отынмен толық қамтылды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне айтылған мәселелерді  бақылауда ұстауды, жылыту маусымы кезінде коммуналдық желілердегі технологиялық заңбұзушылықтарды жою бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.