«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Коронавирусты анықтауға арналған жаңа зертхана ашылды

Ақтөбеде коронавирус инфекциясын анықтауға арналған  «Зере-Мед» зертханасы ашылды. Жаңа медициналық мекеменің ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов қатысты.

Зертхананың жетекшісі Серік Тәжіғұлов ғимаратты аралатып, аппараттардың мүмкіндіктерімен таныстырды. Бұл жерде коронавирус инфекциясын анықтау үшін ПТР-тест жүргізіледі. Қытай, Германия, АҚШ елдерінен әкелінген аппараттар бес сағаттың ішінде вирустың бар-жоғын анықтап береді. Күніне мыңға жуық тест өткізуге мүмкіндік бар.

— Әзірге бағасы бекітілген жоқ. Бірақ тоғыз мың теңгеден төмен болады. Барлығы автоматтық жүйе арқылы анықталады. Аппараттардың қуаттылығы өте жоғары, — деді зертхана жетекшісі.

Індеттің бірінші толқыны кезінде облыста зертханалар ПТР-тестті уақытында өткізе алмай біраз қиындықтар болған еді. Бұндай жағдай тек біздің облыс қана емес, еліміздің барлық аймағында да орын алды. Осы мәселеге орай, яғни бірінші толқын кезіндегі қиындықтар қайталанбас үшін Үкімет тарапынан мемлекеттік зертханалармен бірге жеке зертханалардың да жұмысын жандандыру туралы тапсырма берілген болатын.

Нұржауған Қалауов қазір облыста төрт зертхананың жұмыс жасап жатқанын айтты. Олардың күніне 1900  тест өткізуге мүмкіндігі бар.

— Қазір орта есеппен тәулігіне 1000-1200 тест өткізіледі. Оның ішінде науқастар мен оның туыстары, шекара бекеттерінен өтетіндер, вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар бар. Бүгін, міне, облыста жаңа жеке зертхана ашылып отыр. Бұл да вирусты уақытында  анықтауға мүмкіндік береді. Тағы бір кәсіпкер зертхана ашу туралы жоспарлауда. Сондай-ақ ішінде ПТР-тест өткізуге арналған аппараттары бар бір көлікті дайындап жатырмыз. Қазір тіркеуден өтуде. Егер шекарадағы жағдай күрделене түссе, сол жаққа жібермек ойымыз бар, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Қазір облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Аурушаңдық көрсеткіші бойынша облыс жасыл белдеуде тұр.

— Әзірге блок-бекеттер қоятындай ахуал күрделенген жоқ. Бірақ жағдайды бақылап отырмыз. Қарғалы ауданына қарасты Әлімбет ауылында ғана шектеу шарасы күшейтілді. Себебі  көліктер ауыл ішімен жүреді. Ауылдағы алты дүкен азық-түлікті тек терезеден сатады. Артық қозғалыс болмайды. Егер аудандарда аурушаңдық өссе, бір күнде он адам тіркелген жағдай болса, қатаң шектеу шарасын енгізу мәселесі қарастырылады. Әзірге аудандардағы ахуал тұрақты, — деген облыс әкімінің орынбасары жағдайдың бақылауда екенін, күн сайын мониторинг жүргізіліп отырғанын айтып,  тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтап жүруге шақырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Елімізде несиеден өз еркімен бас тарту жүйесі енгізілмек

admin_mugalzhar

Выплаты во время ЧП: ПОЛОЖЕННОЕ, ВЫПЛАТИМ

admin_mugalzhar

КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗҒАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.