ӨЗЕННІҢ ТАРТЫЛУЫ – ӨЗЕКТІ

0
347

 

Аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Ержановтың төрағалығымен Ойыл өзенінің тартылуына байланысты жиналыс өтті. Жиналысқа ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов, Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұлов, Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Бейбіт Кадимов, «Казгидромет» РМК, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев, «Казгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Саиров қатысты.

Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов Ойыл, Жем өзендері Ақтөбе облысынан бастау алатынын, ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тұрған сәттерінде өзендердің тартылуына байланысты анықтау, зерттеу жұмыстарына қатысқанын жеткізді. – Құрметті жиынға қатысушылар, Ойыл өзенінің тартылуы үлкен алаңдататын мәселе. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі бұл мәселені бақылауға алып отыр. Сондықтан мәселені анықтау мақсатында Мұғалжар, Темір және Ойыл аудандарында болып, тұрғындармен кездесу өткізудеміз. Осы мақсатта өздеріңізбен осы мәселені талқылауға, пікірлеріңізді тыңдауға келіп отырмыз, – деді Сәрсенбай Еңсегенов. Жиналысқа арнайы Атырау облысы, Қызылқоға ауданынан келген белсенділер де қатысты. 2019 жылы ауданға Атырау облысынан арнайы экспедиция келіп, Ойыл және Жем өзендерінің бастауына дейін барып, ешқандай адами фактордың әсері жоқтығын білді. Тек табиғаттың әсері, яғни қардың, жауынның жоқтығы, қыстың жылы болуы себеп болып отыр. Жиында сөз алған Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұлов алдағы уақытта осы мәселеге қатысты Ойыл өзеніне құятын кішігірім өзендерді түгендеп, сай саладағы бұлақ көздерін ашып, өзен арналарын тазартудың қолға алынатынын, зерттеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

«МҰҒАЛЖАР-АҚПАРАТ»