ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚАМҚОР БОЛҒАН САЯСАТ

0
631

 

ХІХ ғасырда Батыс Еуропа мен АҚШ елдерінде әйелдің құқығын көтеріп, ер азаматтармен тең дәрежеде сайлау секілді қоғам үшін маңызды науқандарға қатысу үшін үлкен қозғалыс орын алған болатын. Осы қозғалыс негізінде XX ғ. 60-шы жылдары әлемде жаңа “гендер” ұғымы пайда болды. Албұл жаңа ұғым біздің елге 1990 жылдардың аяғында еніп, “гендерліктеңдік” деген үлкен саясатқа  ұласты. Мемлекеттің қолдауына ие болған гендерлік теңдік аясында арнаулы заңдарда қабылданды.

«Ел Үкіметінің қабылдаған “Тұрмыстық зорлық – зомбылықтың профилактикасы туралы” және “Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы” заңдары тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға ықпал етеді. Президент әкімшілігі жанынан құрылған Отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссия отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұрып қана қоймай, әйелдердің саясатқа, үкіметтік органдар мен экономикаға араласып, бизнес салаларында бой көрсетуіне септігін тигізіп келеді. Әйелдер қай салада қызмет етпесін, өз беделдерімен қатар, сол сала жауапкершілігін де арттырып, жұртшылық құрметіне бөленуде. Бүгінде олар қоғам дамуының күретамырына айналған барлық салаларда еңбек етіп жүр.

6 ОТБАСЫНЫҢ НЕКЕСІ САҚТАЛДЫ

Аудан әкімдігі жанынан құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияға аудан әкімі Асқар Шериязданов төрағалық етеді. Әр саланың белді мамандарынан тұратын комиссия құрамы қайырымдылық және демеушілік көмек көрсету, жанжалдарды реттеу мен татуластыру, заңды кеңес беру секілді түрлі мәселелерді қарап, оңды шешімін табу үшін жұмыстанады. Комиссия хатшысы, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін үйлестіру бөлімінің бас маманы Ақзира Меирбекованың берген мәліметіне сәйкес, комиссия құрамына Қандыағаш және Ембі аймағы бойынша кәсіби-медиаторлар, мектептің әлеуметтік педагогтары мен кәсіпкерлері тартылған.

– Аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, аудан әкімдігіне жолданған, өңірде орын алған қылмыстар мен оқиғалар туралы ақпараттар, оның ішіндегі зорлық-зомбылық, отбасылық мәселелерге қатысты әкімшілік істер аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелеріне жолданады. Комиссия мүшелері түскен өтініш иелерімен кездесу өткізіп, екі жақты тыңдап, мән-жайды анықтай отыра, ерлі-зайыптылардың ажырасу алдындағы ісін сотқа дейін жеткізбей, қайта татуластыруға жұмыс жасайды, – дейді Ақзира Меирбекова.

2020 жылы аталған комиссия мүшелері жоспарлы 4 отырыс, жоспардан тыс қосымша 14 отырыс өткізген. Жоспардан тыс комиссия отырысының жиі өткізілуіне аудандық полиция бөлімінде тіркелген қылмыстар мен оқиғалар туралы ақпардың көп түсуі себеп болған. Осыған орай, комиссия мүшелері бірлесе отырып үйлерді аралау барысында зорлық-зомбылықтың орын алуы көбіне көп балалы, аз қамтылған, әлеуметтік қорғалмаған отбасыларда болатынын анықтаған. Комиссия құрамындағы аузы дуалы ақылгөй аналарымыздың отбасылық құндылықты дәріптеп, адамгершілік пен кешірімге негізделген ақыл-кеңестері мен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы 6 отбасының некесі сақталып қалған. Сонымен қатар комиссия мүшелері осындай отбасылардың күрмеуі қиын мәселелерін шешіп қана қоймай, құқықтық кеңес берумен қатар қаржылай, азық-түлік, материалдық көмектер көрсетуге ықпал етеді. Есепте тұрған қолайсыз отбасыларын айына бір мәрте демеушіліктің көмегімен азық-түлік, киім-кешектермен қамтамасыз етіп отырады.

КӘСІПКЕР ӘЙЕЛДЕР КӨБЕЮДЕ

Қоғамның қай саласында болмасын қызкеліншектердің әлеуеті артуда. Биліктің тұтқасын ұстап жүрген нәзік жандылардан мұнайлы өлке де кенде емес. Бүгінде аудандық мәслихаттағы депутаттардың 6-ы нәзік жандылар. Мәслихат аппаратын әйел адам басқарады. Аудан әкімдігінде 3 әйел бөлім басшысы қызметін атқарады. Ал 83 қыз-келіншек мемлекеттік органдарда еңбек етуде. Сонымен бірге әйелдер отбасы, ошақ қасында қалмай, кәсіпкерлікті серік етіп, бизнесті де бағындырып жүр. Облыстағы аудандар арасынан салыстырмалы түрде қарағанда, мұғалжарлық кәсіпкер әйелдер көш бастап тұр. Бүгінде аудан бойынша 1505 қыз-келіншек кәсіпкерлікпен айналысып, аудан экономикасының дамуына үлес қосып келеді. “Бастау бизнес” бағдарламасы арқылы 2019 жылы 275, 2020 жылы 52 әйел қысқа мерзімді курс оқып, бизнес  сабақтарын алған. Ал мемлекет тарапынан бизнес ашып, кәсібін дамыту үшін қолдауға берілетін мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайтарымсыз гранттар мен несиелерге 2019-2020 жылдары 237 әйел адам ие болған.

ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ ҚОМАҚТЫ

Қазіргі таңда әйелдер қоғамымыздың білім, денсаулық, әлеуметтік салаларында да белсенділік танытуда. Аудандық статистика бөлімінің берген мәліметі бойынша, аудан тұрғындарының жалпы саны 67 319 болса, оның 33 841-і нәзік жандылар. Өңірдің білім беру саласында жалпы саны 1640-қа жуық мұғалім болса, оның 1295-і әйел адамдар. Азаматшалардың 20-сы мектеп директорлығы қызметін атқарса, 21- і бөбекжай-бақшаларда меңгерушілік қызмет атқарады. Ал денсаулық саласын айтар болсақ, Мұғалжар аудандық ауруханасында жалпы саны 408 әйел адам жұмыс жасайды. Оның 247-сі орта буынды қызметкерлер, 115 әкімшілік қызметкерлер. Дәрігерлердің жалпы саны 76 болса, оның 46-сы нәзік жанды дәрігерлер. Ембі аудандық ауруханасында әйел дәрігерлердің үлесі 67,6, орта буындағы медицина қызметкерлерінің үлесі 97,7, әкімшілік қызмет бөлімінде қызмет жасайтындар үлесі 54,5 пайызды құрайды. Ауданның мәдениеті мен руханиятын көтеру жолында белсенділік танытып жүрген ақ жаулықтылардың да қатары көп. Бүгінде өңірдің мәдениет саласын әйел адам басқарады. Аудан аумағындағы мәдениет үйлері мен кітапханалард ажалпы саны 198 адам қызмет атқарса, оның 127-і әйелдер. Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қызмет жасайтындардың басшылықтан бастап, мамандар, әлеуметтік қызметкерлердің барлығы дерлік нәзік жандылар деуге болады. Бұл салада қызмет атқаратын ер адамдардың саны саусақпен санарлық.

СПОРТТЫ БАҒЫНДЫРҒАН АРУЛАР

Нәзік жандылар физикалық тұрғыда ауыр саналатын спорт саласында да биік белестерді бағындырып, жетістіктерге жетіп жүр. Аудан бойынша бүгінде спорт саласында жүргендердің 50 пайызы – әйелдер. Олар аудандағы спорт мектептері мен жалпы білім беретін мектептерде, спорт клубтарында дене шынықтырудан сабақ береді. Сонымен қатар, зілтемір көтерудің қыр-сырын үйретіп, күштерін білектеріне жинап, жұдырықтасу секілді ауыр спорт түрлерінен шәкірттерді машықтандырады. Атап айтсақ, пауэрлифтингтен Азия чемпионатының жеңімпазы Гүлнұр Бижанова аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінде қызмет атқарса, осы спорт түрінен әлем чемпионатының жеңімпаздары Инна Ведюшкина, Жарқын Абдуллина мектепте мұғалім қызметтерін атқаруда. Пауэрлифтингтен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Қазақстан Рспубликасының бірнеше дүркін жеңімпазы Жанат Тәжікенова кәсіпкерлікпен айналысады. Спорт мектебінің дзюдо бөлімінің жаттықтырушылары Гүлмира Сағи самбодан әлем чемпионатының жүлдегері болса, Ольга Черемисика пауэрлифтингтен Азия чемпионатының жеңімпазы. Тоғызқұмалақтан халықаралық жарыстардың жеңімпазы Гүлзат Бағытбергенова Ембі қаласында мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – ЖҮЙЕЛІ ЖҮРУДЕ

Гендерлік саясаттың негізгі мақсаты – әйелдерге қатысты мәселелерді жан-жақты қарастыру. Сондай-ақ әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тартумен қатар, анамен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу боп табылады. Ауданда отбасы мен гендерлік саясатқа ерекше көңіл бөлінетінін төмендегі деректерде де байқауға болады. Мұғалжар өңірі бойынша 2019 жылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың 3 фактісі тіркелсе, 2020 жылы 1 ғана дерек тіркелген. Әрине, бұл статистика әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың төмендегенін көрсетеді. Ал 2020 жылы жұмыссыз ретінде тіркелген әйелдердің саны артқан. 2019 жылы 30 әйел, өткен жылы 219 әйелтіркелген. Дегенмен “Еңбек” бағдарламасы арқылы өткен жылы 2529 әйел жұмысқа орналасқан. Өңірде “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы ауылдыкөркейтіп, дамытуғабарғанмамандардың да басым көпшілігі нәзік жандылар. Аталған бағдарлама арқылы 2019 жылы 25 маман, 2020 жылы 19 маман жұмысқа орналасқан.

P.S. Иә, қазіргі әйел бейнесінің қырысан-алуан. Әйел – отбасы ұйтқысы, ардақты ана, аяулы жар, бала тәрбиелеуші, сарабдал саясаткер, көлік жүргізуші, заңгер, ұшқыш, экономист, журналист… Жіпке тізсең, жетіп артылады. Дейтұрғанмен, олар қандай қызмет атқарса да, қандай биік шыңды бағындарса да, сол баяғы жаратылысы нәзік, сұлу, жүрегі мейірімге толы қалпында қала беретіні анық.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ.