Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,8 млн гектар жерге егіледі

0
199

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,8 млн гектар жерге егіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін егістік алаңдарын әртараптандыру және рентабельділігі жоғары дақылдарды өндіруге көшу жұмысын жалғастыруда. Мәселен, 2021 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,8 млн гектар жерге егу жоспарлануда. Бұл 2020 жылғы қарағанда 186,6 мың гектарға көп. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды 15,8 млн гектар алаңға егу жоспарланып отыр. Майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылғы деңгейден 63 мың гектарға артық. Азықтық дақылдар 3,4 млн гектар болады. Бұл өткен жылға қарағанда 114,5 мың гектарға көп», – деді ол. Министрдің атап өтуінше, көкөніс, бақша дақылдары 16 мың гектарға артық егіліп, аумағы 280 мың гектарға жеткізіледі. «Осы жылдың 10 наурызында облыс әкімдіктері және қаржы институттарының қатысуымен көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дайындық мәселелері жөніндегі кеңес өткізілді. Онда жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік маңызы бар дақылдар алаңдарын ұлғайту мәселесіне жете көңіл бөлмей отырғаны аталып өтілді. Кеңес қорытындысы бойынша облыстық әкімдіктерге қарақұмық, картоп алаңдарын ұлғайту қажеттілігі туралы хабарламалар жіберілді. Мәселен, жергілікті атқарушы органдардың қарақұмықтық бұрын жоспарланған алаңын 89 мың гектардың орнына 103 мың гектарға дейін, картопты 197 мың гектардың орнына 209 гектарға дейін кеңейту ұсынылды», – деді Сапархан Омаров.