«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ауылдағы кәсіпкерлерге грант беріледі

Еліміздің төрт облысында — Ақтөбе, Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, тұрғындардың қоғамдық маңызды шешім қабылдау процесіне қатысуына мүмкіндік беретін пилоттық Community орталықтары құрылады.

— Бұл орталықтарда сарапшылар тұрғындарға жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамдық маңызды шешім қабылдау процестеріне қатысу мүмкіндіктері туралы кеңес береді.  Яғни тұрғындардың жергілікті жерлерде жиналыстар ұйымдастыру, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамалық нормалар туралы толыққанды ақпараттар алуына мүмкіндігі болады.

Орталықтар Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» атты гранттық жоба аясында құрылып, жұмыс істейтін болады, — дейді Ақтөбедегі Community орталықтың өкілі Абай Мырхин.

Осы гранттық жоба аясында Қазақстанның 8 облысында —  Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар және Қарағанды облыстарының ауылдық жерлеріндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік идеяларын іске асыру үшін шағын гранттарға байқау жарияланды.

Байқауға үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтар қатыса алады.

Сегіз өңірге бөлінетін гранттың жалпы көлемі  — 8 миллион теңге. Байқау аясында жеңімпаздар анықталып, әрқайсысы 100 000-500 000 теңге көлемінде шағын грант алады.

— Community орталықта осы гранттарға қатысқысы келетін үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтар өкілдеріне де көмек көрсетіледі. Байқаудың мақсаты — ауылдық жердегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды іске асыру, ауыл тұрғындарын елді мекендердің проблемаларын шешу ісіне тарту, осындай әлеуметтік жобаларды қолдау тетіктерінің қолжетімділігін арттыру. Жобалардың негізгі бағыттары әр өңірдегі ауылдық жерлердің қажеттіліктеріне жүргізілген бағалау негізінде айқындалады, — дейді Абай Мырхин.

Сондай-ақ жоба аясында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған семинарлар ұйымдастырылады. Бұл семинарларда халықтың қаржылық сауаттылығы және жергілікті бюджеттерді басқару процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі туралы ақпараттар беріліп, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне арналған әлеуметтік жобалау және бастамашыл топтарды қаржылдандыру бойынша оқыту курстарын өткізу жоспарланып отыр.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Ұшақ апатында қаза тапқан 12 адамның аты-жөні белгілі болды

admin_mugalzhar

АУЫЛ ШАРУАЛАРЫ ЕЛОРДАДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕГЕ ҚАТЫСТЫ

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХІХ маусымы басталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.