АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ ЖӨНДЕЛУДЕ

0
173

Биыл аудан аумағындағы екі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстары маусым айында басталып, жаңа оқу жылына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Мектептерде ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары мен қатар, электр және жаңа жылу жүйесі толығымен жаңартылады.

Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан білім ордасының бірі – Құмжарған ауылдық округіне қарасты Шеңгелши ауылындағы ҚазССР-нің 30-жылдығына арналған негізгі орта мектебі. Аталған мектеп 1976 жылы салынып, 1977 жылы пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мектеп директоры Шамил Адиловтың айтуынша, бүгінде аталған мектепте 21 мұғалім 80 оқушыға білім береді.

– Жөндеу жұмыстарын “Ерзат” ӨК-і жүргізуде. Қазіргі таңда ғимарат шатыры түгелдей алынып, құрылыс жүргізілуге дайындық жұмыстары жасалып жатыр. Мектептегі барлық есік-терезелер ауыстырылып, едендерге жаңа төсеніштер төселіп, шатыры толығымен жаңартылады. Жөндеу жұмыстарына ауылдан әзірше 3 адам тартылды. Сонымен қатар жылу, электр жүйелері жасалып, ғимарат сырты қапталып, жаңадан қоршау қойылады деп жоспарлап отырмыз, – деді мектеп директоры.

Егіндібұлақ ауылдық округі Бұлақты ауылындағы Бұлақты орта мектебінің салынғанына 50 жылдан астам уақыт өткен. Бүгінде көне ғимараттың келбетін өзгертіп, ажарын ашу мақсатында жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. 3 айға созылатын күрделі жөндеу жұмыстарын “Техно С” ЖШС-і жүргізеді. Бөлінген қаржыға мектептің жылыту жүйесі жаңарып, шатыры мен есік-терезелері түгелдей алмастырылады.

– Бүгінде бұл екі қабатты білім беру мекемесінде барлығы 45 оқушы білім алады. Жүргізілгелі жатқан күрделі жөндеу жұмыстары ауыл тұрғындары мен оқушылар үшін үлкен қуаныш болды. Құрылысқа жауапты мердігер мекемелер келіп, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мектебіміздің жылу қазандығы көмірмен жылытылады. Оның да жағдайы мәз емес. Қысы қатты біздің ауылдарға ғимараттың жылы болып, балалардың білім алуы үшін дұрыс жағдайдың жасалуы маңызды, – дедімектепдиректорыНығметтулаСатаев

Н.КЕСІКҚҰЛ