БІР СУРЕТТІҢ СЫРЫ

0
1388

Бірде көршім, зейнеткер ұстаз Асия Өтеғұлқызы Нұрғазина өздеріңіз көріп отырған фотосуретті беріп: “марқұм қайынапамның бірқатар суреттерін саралап отырсам, осы бір суретттің тарихының тағылымы мол екен, осыны сен зерделеші” деп берді. Суреттегі кімдер екенін іздестіру барысына бірқатар тағылымды деректердің куәсі болдым. Өкінішке орай, фотодағы жанның біразы бұл өмірден өтіп кеткен екен. Аталмыш сурет сонау 1976 жылдың күзінде мұғалімдер күні қарсаңында Жұрын совхозындағы орта мектебінде Мұғаджар аудандық комсомол мен оқу бөлімінің бірігіп өткізген “Жас мұғалімдер слеті” шарасында түсірілген. Слет жас ұстаздардың білімін шыңдап, шеберлік сағаттарын жүргізу мақсатында Жданов атындағы мектепте өткізілген. Қазір бұл мектеп Құмжарған орта мектебі деп аталады. Суретті сөйлетсем: бірінші қатардың ортасында отырған салиқалы ақ жаулықты ана Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері Балым Бірімова, сол жағында отырған мектеп директоры, математика пәнінің мұғалімі болған Өмірбай Мырзабеков аға екен. Ағаның өз кезінде көзін көрген апайлардың естелігінде: “Өмірбай ағай тоқ жүйесі арқылы картамен оқушыларға математикалық сандықты тез үйретуде байланысты таблицаны ойлап шығарған болатын. Сол таблица арқылы оқушылар көбейту кестесін тез жаттайтынеді” деп сөзетті. Балым апаның оң жағында отырған Аманолла Әбдікәрімов қазақ тілінен сабақ берген және сол кезде оқу ісінің меңгерушілік қызметтерін атқарған.

Ары қарай жіктесем, Зейнеш Сәлменова – аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі, Әсия Елеусізова – пионерлер үйінің директоры, марқұм Өмірбай ағаның сол жағында Ақлима Көшербаева – аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Гүлшара Қайырлапина №49 орта мектебінің неміс тілі мұғалімі, Дүсіп Назарбаева – Жданов атындағы орта мектептің орыс  тілі мұғалімі, Байсұлтан Мамырова талмыш мектептің физика пәнінің мұғалімі. Ал екінші қатарға келсек, Людмила Репина Эмба-5 қаласының №1 орта мектебінің орыс тілі мұғалімі, кейін Россияға көшіп кеткен екен. Ольга Тодаренко Құмсай орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі болған, кейінгі тағдыры белгісіз, Рахила Көшербаева – Жданов мектебінің пионер вожатыйы, Райса Ибадулина – аталмыш мектептің тарихшысы, Татяна Бондаренко – осы мектептің бастауыш мұғалімі, кейінгітағдырын білмедім, Асия Дауенова – аудандық “Білім” қоғамының хатшысы, өкінішке орай келесі апамыз белгісіз, Гүлжан Нұртазина – математика пәнінің мұғалімі болған және сурет осы кісінікі болатын. Мансия Ерназарова – Новогодний орта мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі, келесі апамыз белгісіз, Тахим Аймағанбетов – Ломоносов атындағы орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі болған. “Елу жылда ел жаңа” дегендей, бұл фотосуретке 45 жылдай болған екен. Өмір ағысымен қанша кезең өтсе де, суреттегі әр тұлға білім саласының өркендеуіне өзіндік бір жемісін қосып, өскелең ұрпақтың саналы, тәрбиелі болулары жолында еңбек етіп, еліміздің жарқын болашағын армандаған жандар екені сөзсіз.

Ұлболсын КЕРЕЙҚЫЗЫ, Ембі қаласы