«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚОҒАМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ЖҮРГІЗУШІ

40 ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТЫН КӨЛІК РӨЛІНДЕ ӨТКІЗГЕН АБДУЛҒАЗИЗ АЙТИМОВ БІРНЕШЕ ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН ӨЗ МАМАНДЫҒЫНЫҢ ҮЗДІГІ ДЕП ТАНЫЛҒАН. АЛ ӨТКЕН ЖЫЛЫ ОЛ «МҰҒАЛЖАРДЫҢ» ДА «ЖЫЛ ҮЗДІГІ» АТАНДЫ. БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗ ДА ҮЗДІК ТУРАЛЫ. СОНЫМЕН… ҚАЗІРДЕ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК АЙДАП ЖҮРГЕН КЕЙІПКЕРДІ АРНАЙЫ ІЗДЕП БАРДЫҚ.

Өмірінің көп бөлігін темір тұлпардың тізгінін ұстаумен өткізіп жүрген Абдулғазиз Айтимов 40 жыл автобус, Газель көліктерін айдап, қалаішілік қоғамдық көлік айдап келеді. 1980 жылы автобаза автомектебінде көлік жүргізуді үйренген бозбала еңбек жолын АТП-да (автокөлік кәсіпорны) бастап, 15 жылын осы жерде, кейін «Жолаушы» ЖШС-де жүргізуші болады. Одан соң «Ақжол» мекемесінде Қандыағаш-Ақтөбе арасында жолаушыларды тасыды. Ал 2006 жылдан бастап «Финлюкс» ЖШС-де қоғамдық көлікте жүргізуші болып келеді. Қазіргі таңда зейнет жасына шықса да, жұмысын жалғастыруда. Білікті жүргізуші бүгінде мамандығының майталманына айналған жан. Түрлі марапаттар мен алғыстардың иесі Абдулғазиз Айтимов ұжымдастарының арасында да өте сыйлы. Қоғамдық көліктің жүргізушісі көлікті еркін жүргізіп қана қоймай, оны жөндеуде де жауаптылық танытады екен.

— Жолда өткізген 40 жылдық тәжірибемде талай оқиғаға куә болдым. Темір болғасын, көлік те жиі сынады. Ондай жағдайда сапарды әрі қарай жалғастыру үшін және жолда қалмау мақсатында көлікті өзіміздің жөндеуімізге тура келеді. Сондықтан бұл істе шеберлік пен тәжірибе өте маңызды, — дейді кейіпкеріміз.

Таңғы 6-да жұмыстарын бастайтын жүргізуші алдымен медициналық тексерістен өтіп, жолдама алады. 6:30 да жолға шығып кетеді. Содан кешке дейін күндерін жолда өткізеді. Аптасына 1 күн демалыс болса болады, көлік аз болса, ол да жоқ. Күніне қаншама халықты бір аялдамадан екіншісіне жеткізу оңай жұмыс емес екені анық. Әңгіме барысында жүргізуші көліктің рөлінде отыруды жеңіл жұмыс санайтындардың қатты қателесетінін айтты.

— Кез келген жұмыс тәрізді көлік жүргізудің де өз қиындығы мен қызығы бар. Оның үстіне халықпен жұмыс жасау оңай емес, бәрінің көңілінен шығып, жұмысыңды абыроймен атқаруға тырысасың. Әрі соншама адамды тиеп алған көліктің рөлінде отыру екі есе жауапкершілік жүктейді. Көлік рөлінде отырып, ештеңеге алаңдамай, барынша сабырлы, тәртіпке сай діттеген жерге жетуді ойлап отырасың. Мен бүгінде өз жеке көлігіммен күніне 10 рейске дейін шығамын. Шүкір осы уақыт аралығында алған алғысым мен жеткен жетістігім аз емес, — деген Абдулғазиз Айтимов бұл — темірдей тәртіптен бөлек, қызметіне деген сүйіспеншіліктің арқасы деп біледі. Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ДИНАСТИЯ АЛТЫНБАЕВЫХ — ПРИМЕР ПАТРИОТИЗМА

admin_mugalzhar

Ануар ИСКАРИН: «МҰҒАЛЖАР» — МЕНІҢ МЕКТЕБІМ

admin_mugalzhar

ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗ МАХАББАТ КҮНІ ТОЙЛАНЫП ЖҮР МЕ?

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.