АБАЙЛАҢЫЗ! ДЕРТ ДЕНДЕП БАРАДЫ!

0
283

Ауданда өткен аптада 115 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Ал 3 адам COVID19 белгілері бар пневмониямен сырқаттанып қалған. Ауданның санитариялық дәрігерлері аурудың өсіп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.

Бүгінгі таңда Мұғалжар ауданы бойынша инфекциялық бөлімдерде коронавирусты инфекциясы диагнозымен 30 науқас, коронавирусты пневмония диагнозымен 7 науқастар ем қабылдауда. Үй карантинін сақтау шарттарының міндетті түрде орындау туралы қолхаты негізінде 568 адам медициналық бақылауда. Барлық науқастардың үйжәнежұмыс ошақтарында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарымен алдын-ала және індетке қарсы шаралар жүргізілуде. Үй және жұмыс орыны бойынша қарым-қатынаста болған тұлғалар анықталып, оқшауланған. Барлық қарым-қатынаста болған адамдардан сынама алынып, ПТР әдісімен зерттеу мақсатында зертханаға жолдануда. Аудандық санитариялық дәрігерлердің берген мәліметіне сәйкес, 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Мұғалжар ауданы бойынша коронавирус инфекциясы 767 жағдайы тіркелген. Аты жаман індеттен 2020 жылы 6 науқас көз жұмса, 2021 жылы 10 адам қайтыс болған.

– Ақтөбе облысының бас санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 30 маусымдағы №ПГСВ24 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулысы қабылданды. Аталған қаулыға сәйкес, індеттің алдын алу және өзін қорғау мақсатында сақтық шараларын сақтай отырып, шұғыл жағдайларды қоспағанда, 2021 жылдың 2 тамызынан бастап меншік нысанына қарамастан барлық амбулаториялық-емханалық ұйымдарда (емханалар, стоматологиялық, гинекологиялық және басқа да медициналық ұйымдарда) эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін науқастарды жоспарлы амбулаториялық-емханалық емдеуге қабылдау тоқтатылды. МСАК объектілерінде кәсіптік медициналық тексерулердің барлық түрлерін, кезекті скринингтік тексерулер жүргізуге, жағажайлардың қызметіне, сондай-ақ су қоймаларының белгіленбеген жерлерінде шомылуға тыйым салынады. Сенбі-жексенбі күндері сауда орындары жұмыс жасамайды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар жанынан ұйымдастырылған мобильді топтар тарапынан кәсіпкерлік объектілерінде шектеу карантиндік шараларын сақтау бойынша мониторингтің күшейтілгенін еске саламыз. Бетперде тәртібін, әлеуметтік қашықтықты және карантин талаптарын қатаң сақтаңыздар, қорғаныс құралдары инфекцияның таралуын азайтуға көмектесетінін түсінгендеріңіз абзал. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар, – деді Болатбек Шағалбаев.

Н.КЕСІКҚҰЛ