ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

0
422

ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР МЕН КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ ЖЫЛУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН “КОММУНАЛШЫ” МЕКЕМЕСІ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫН БАСТАП КЕТТІ.

“Коммуналшы” мекемесінде 5 жылу қазандығы бар. Атап айтсақ, орталық жылу қазандығы “Жастық” мөлтек ауданындағы 52 көпқабатты тұрғын үйді, “Достық” мөлтек ауданындағы 9 көпқабатты тұрғын үйді және “Самал” шағын мөлтек ауданы бойынша 1 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қандыағаш қалалық №2,3,4 орта мектептерін, спорт мектебін, “Күншуақ”, “Қарлығаш” балабақшаларын, мұражай, аудандық әкімшілік, прокуратура, сот, ХҚКО, Әділет басқармасы, “Қазпошта” мекемелерін жылумен қамтамасыз етеді. Ал №2 жылу қазандығы Жамбыл көшесіндегі 10 көп пәтерлі тұрғын үйге, Есет батыр көшесіндегі 2 көп пәтерлі тұрғын үйге, №5 мектепке, мешітке, Мәдениет үйіне, қалалық әкімшілік пен Желілік полиция бөліміне, Салық басқармасына және теміржол мекемелеріне жылу таратады. Т.Байкунов пен С.Шынтасов көшелерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер, Қандыағаш қалалық №1 мектебі, “Жансая”, “Бақытты бала” балабақшалары, аудандық ветеринариялық бөлімі орналасқан ғимарат №3 жылу қазандығы арқылы жылытылады. №4 жылу қазандығы Мұғалжар аудандық ауруханасын, №5 жылу қазандығы “Самал” балабақшасын жылумен қамтамасыз етеді. Бүгінде осы жылу қазандықтарының 4-уіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жылу трассаларының ауа шығарғыш крандары мен құрылғылары тазартылды.

– 15-ші тамызға қарай қазір қалып тұрған №2 жылу қазандығының (№5 мектеп) жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Осы жылдың қыркүйек айында жылу трассаларының қысымдарын тексеру жұмыстары жүргізілетін болады. Жылу қазандықтарының барлық монометрлері және газ есептегіш құралдары “Экспертиза және сертификаттаудың Ұлттық Орталығы” АҚ-нан жоспарлы тексеруден өтті. 2021-2022 жылдарға жылу беру маусымына дайындық жұмыстары “Коммуналшы” мекемесінің өз қаражат күші есебінен атқарылуда. Барлық жылу қазандықтары күзгіқысқы жылу беру маусымына дайын деуге негіз бар. Қыркүйек айында барлық жылу трассаларын тексеру жұмыстары жүргізіледі, – дейді мекеме басшысы Әбілбай Жукашев.

Н.ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ