ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-қа сілтеме жасап.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты ВАК карантиндік режимді жеңілдету бойынша бірқатар шешімді мақұлдады:
1. Ағымдағы жылдың 28 тамызынан бастап рұқсат беріледі:
ASHYQ жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің демалыс күндері сағат 24:00-ге дейін, ASHYQ жобасының көшбасшылары — ASHYQ қосымшасы арқылы расталған қызметкерлер мен келушілердің «жасыл мәртебесі» (вакцинацияланғандар, 7 күннен кем емес теріс нәтижесі бар ПТР тестінің болуы) болған жағдайда сағат 02:00-ге дейін;
сенбі күні — қоғамдық көлік қызметіне.
2. Биылғы 30 тамыздан бастап жұмыс күндері:
ASHYQ жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің жұмыс уақыты 22:00-ден 24:00-ге дейін, ASHYQ жобасы көшбасшыларының жұмыс уақыты 24:00-ден 02:00-ге дейін ұзартылды.
Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Алматы қаласында карантиндік шаралардың жеңілдетілуін а. ж. 4 қыркүйегінен бастап демалыс күндері, ал жұмыс күндері а. ж. 6 қыркүйегінен бастап енгізу жоспарланды.
Премьер-министрдің орынбасары ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін орындау үшін мынадай тапсырма берді:
- медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда, педагогтер мен техникалық персоналды вакцинациялауды аяқтау;
- санитариялық талаптарға сәйкес мектептердің толық дайындығын қамтамасыз ету;
- педагогтер, қызметкерлер және ата-аналар үшін барлық білім беру ұйымдарында «ASHYQ» жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету;
- білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау;
- мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау.
ВАК отырысында премьер-министрдің орынбасары басқа да бірқатар тапсырмалар берді.