«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбенің жолы жаңарады

Биыл Атырау жақындайды, келесі жылы Қандыағашқа қиналмай барамыз

Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толды. Өткен ғасырдың 10 жылы мен жаңа дәуірдің 20 жылында не істелді? Ел жаңарды, ал жол жаңарды ма? Ақтөбе облысының жолдары осы уақыт ішінде қаншалықты жақсарды? Жасыратыны жоқ, көрші облыстармен салыстырғанда өңіріміздің жолы сын көтермейді. Мұны Ақтөбеге қызметке келген тұста облыс әкімі Оңдасын Оразалин де ашық айтты. Басқа жағынан қарқынды дамығанымызбен, жол жөндеуден сәл ақсаңқырап қалғанымыз рас еді.

Соңғы 2-3 жылда қала, аудан, тіпті шалғай ауылдардың көшелеріне дейін асфальт төселіп, тұрғындардың тақтайдай тегіс жолға табаны тиді.  Жол жаңалығы мұнымен бітпейді.

30 жылда жол жаңа

Жайсыз жолдың жайын қысқаша елдің есіне салып кеткен артық болмас.

Республикалық Самара-Шымкент тасжолын жалғайтын ең алғаш салынған Ақтөбе-Хромтау жолы 2005 жылдың ірі жаңалығы болды. Облыстағы республикалық жаңа жолдың бастауы осы кез десек те болады. Тақтайдай тегістігіне қарап, «кеседегі су шайқалмайды» деген 3-санаттағы жол сол уақытта ауыздан түскен жоқ.

Одан кейін облыста шалғай аудандардың бірі саналатын Ойылдың ойдым-ойдым жолы жасалды. Бұл облыстық маңызы бар жолдардың қатарына жатады. Бұрын облыс орталығына келуге 5-6 сағатын арнайтын ойылдықтар қазір 3 сағатқа жетпей «зыр» ете қалады.

Жұрттың айтуынша, тәуелсіздік алғалы ең алғашқы салынған жолдардың бірі де осы екен. Бірақ сапалы салыныпты.

Одан кейін 12 сағатсыз қалаға келе алмайтын республикалық маңызы бар Ырғыздың жолы дұрысталды. Қазір бұл жол 4 сағатқа қысқарды. Байғанин, Темір аудандарында да жолдың жыры бітті. Басқа аудандарға баратын жолдың бүгінгі жағдайы жайсыз деуге келмес, бірақ Шалқар ауданы мен Қандыағашқа баратын жол жолаушыларды шаршатып бітіп еді. Ұзындығы 303 шақырымға созылған Ақтөбе-Атырау республикалық жолында өндірісті-мұнайлы төрт аудан жатыр.  Бұл жол түгелдей жаңартылды. Енді толғағы әбден пісіп, құрылысы биыл басталған Ақтөбе-Қандыағаш тасжолы жаңадан салынып жатыр. Жол болғанда да бұрын-соңды облыста болмаған 1-санаттағы 4 жолақты жол болмақ. Алдымен осы екі араның дәл қазіргі жайына тоқталсақ….

Облыс орталығынан аудан орталығына дейін жолдың ұзындығы — 100 шақырым. Бұл жолдың жұрт біле бермейтін ерекшелігі көп. Әрине, 1-санаттағы жол болғаннан кейін сапасы да соған сай болады. Әлеуметтік желілерде тұрғындар жолдың кейбір жері тым биік, бір жері аласа болып салынып жатқанын әңгіме етуде. Бұл жол бұрынғы жолдан өзгерек. Екі бөлікке бөлінген жолды екі мердігер салып жатыр.

Ескі жолда сай-сала, ойыстар көп. Жаңартылған 1-санаттағы жол соның бәрін тегістеп өтпек. Тым аласа жерлер сол себепті биіктетіледі. Жыл аяғына дейін 18 шақырым жол пайдалануға беріледі. Қазір жолаушылар жаңадан салынған 10 шақырым жолмен жүріп жатыр. Жол құрылысы 2023 жылы аяқталады дегенімен, келесі жылы біраз бөлігі бітіп қалмақ. Мердігерлердің де техникалық-материалдық базасы мықты. Асфальт шығаратын ірі зауыттары бар. Айталық, «Сине Мидас Строй» ЖШС-да «АМАН» зауыты сағатына 240 тонна асфальт шығарады. Ал жолдың екінші бөлігін жасап жатқан «Ассана ДорСтрой» ЖШС-ның меншігінде әрқайсысы сағатына 160 тонна асфальт шығаратын германиялық «Бенихофен» және корейлік «Спека» атты екі зауыт бар. Зауыттар күндіз-түні жұмыс жасайды. Жолға қыруар қаражаттың жұмсалатыны айқын. Себебі асфальттың бағасы шарықтап тұр. Жолға қажетті материалдардың ең қымбаты битум қоспасы екен.

 — Келесі жылы жолдың бір жақ бағыты бітіп, пайдалануға беріледі. Қосымша екінші бағыты да салына береді. Жолға екі қабат қиыршық тас төселіп, үстіне екі қабат асфальт салынады. Осы екі қабат асфальтты  салып болғаннан кейін жолды аша береміз. Ал төрт жолағы да дайын болғаннан соң үшінші беткі  қабаты төселеді. Қиыршық тастар Бершүгірден тасылады. Әзірге материалдардан тапшылық жоқ. Биыл 18 шақырым жолды жасап үлгердік. Бірақ жұмыс тоқтамайды. Қыстай көпір, су өткізгіш құбырлар қойылады. Содан кейін екінші жақ беті төселеді. Яғни қазіргі жүріп жатқан жол бұзылып, қайта жасалады, — деп түсіндірді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Марат Махамбетов.

Қазір жолдың сапасын  әкімдер мен жолға жауапты мамандар ғана тексермейді. Бұл іске тұрғындар да араласады. Демек, мердігерлердің істеп жатқан жұмыстары жолаушылар арқылы әлеуметтік желіге жарияланып, көптің назарында болады.

Бұрынғыдай сала басшылары мен мердігерлер арасындағы сыбайластық, жолды қабылдау үшін пара беру секілді жағымсыз әрекеттерге көз жетпей тұрып сенбеген дұрыс. Әрине, қыруар қаржы жұмсалатын, ауқымды шаруада әртүрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Бірақ жолшылар арасындағы жемқорлыққа жол болмау керек екенін әрбір басшы біледі. Дер кезінде талап та қоя алады.

Жолдың сапасын, құрылысын, салынуын бақылау — біздің міндетіміз. Әуелі жолдың табанына құм төселіп, тегістеледі. Құм арнайы ауыр  техникамен нығыздалады.  Одан кейін бірыңғай қиыршық тас төселеді. Міне, сол қиыршық тастардың орнына  құм төгетіндер бар. Мұндай жағдай кездесті. Мен оған жол бермедім. Ол құм күндердің күнінде шөгеді. Асфальт үстіндегі көлік кілт тоқтағанда астындағы құм сырғиды. Сөйтіп, жол ең астынан бастап бұзыла бастайды. Кейде зауыттардан қиыршық тасқа құм араласып келеді. Бұл лас материал болып есептеледі. Тасты құмнан айыру керек. Кім болса да ақша үнемдейді ғой. Бірақ жол халықтікі. Мердігерлер жұмысын жасап кетеді. Елде мен қаламын. Сондықтан сөз келмеу үшін сапалы болуын қадағалау —азаматтық парызым, — дейді филиал басшысы М.Махамбетов.

Оның айтуынша, облыста 1868,966 шақырым республикалық жол бар. Оның 842 шақырымы қайта салынып, жаңартылған. Ал 1-санаттағы төрт жолақты жол аудан орталығына дейін алғаш рет салынып отыр.

Одан басқа қаладан шығатын 1-санаттағы 42 шақырым жол бар екен. Хромтау бағытына шығатын Бекқұл баба ауылына дейін 20 шақырым жолдың 10 шақырымы және Мәртөк ауданы бағытындағы 9 шақырымнан астам 1-санаттағы жол  республикалық жолдың үлесінде. Қобда ауданына шығаберістегі 1-санаттағы 13 шақырым жол облыстың меншігінде. Ал Ақтөбе-Атырау республикалық жолының ұзындығы — 303 шақырым.

Ендігі кезекте Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ тасжолы 1-санатты жолға айналмақ. Көлік қозғалысының көптігі 1-санаттағы жолдарды көбейтуге сұраныс тудырып отыр. Бұған жобалық-сметалық құжатын дайындау үшін 100 миллион теңге бөлінген. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын жолдың құрылысы 2025 жылға дейін аяқталмақ.

Ақкемерліктердің алғысы

Ақтөбе қаласынан шыққан жол Бестамақ ауылының ішімен өтіп, Алға қаласының сыртымен айналады. Айналма жол 18 шақырымды құрайды.

Ұзын жолдың ауыл ішімен өтуі, әрине, қауіпті көбейтеді. Оның үстіне тұрғындардың да қарсылығы бар. Бірақ жобада солай жасалған. Сол себепті ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың пікіріне құлақ аспасқа болмайды. Тұрғындардың айтуынша, жолға жақын үйлер күндіз-түні көлік даусынан мезі болады. Сондықтан жолдың екі жағына қабырға орнатылады. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Үш жерге бағдаршам қойылмақ. Ал көлік шуын бәсеңдету үшін жолдың екі жағына қойылатын қабырғаны да түгел жауып тастамау керек. Тұрғындардың ыңғайына қарай жаяу өтетін жер, көлік шығып-түсетін белгілер болмақ. Көшедегі электр бағандары жаңартылып, жарықтандырылады. Одан басқа көше бойында дүкендер, сауда үйлері мен қызмет көрсету орындары бар. Солардың алды ашық болуға тиіс. Мұның бәрі ескеріледі. Бұған дейін де ақкемерліктердің көтеріп келген мәселесі мал өткелі еді. Енді жолды кесіп өту екі есе ұзарды. Республикалық жол болғаннан соң жылдамдықты да шамадан тыс шектей беруге де болмайды. Бұл мәселе биыл шешілді. Осыған дейін малдарын жолдың бетімен өткізіп келген ауыл тұрғындары енді жолдың астымен айдайды. Ешқандай қауіп жоқ. Жобада мал өткелі бар. Бірақ ауылдан 2 шақырым қашықтықтан түскен. Тұрғындар бұған келіспейді. Өйткені ол жақ алыс әрі мал бағытынан жаңылады. Сол үшін ауылдың тұсынан мал өткелі салынып берілді. Өткелдің екі жағынан мал жолға шығып кетпеуі үшін 40 метрдей қоршау жасалады. Бұл өткелмен күн сайын 250 ірі қара, 300 қой өтеді. Ақкемерліктер бұған дән риза.

Жол құрылысы басталған күннен бастап  мал өткелін салу жайлы мәселені көтердік. Осы араға жиі келеміз. Біздің ұсынысымызды тыңдап, бұл шаруаны жасап берді. Жалпы, жол құрылысына көңіліміз толып отыр. Барлығы да ойдағыдай жасалуда. Күніне бұл бағытқа 250-дей ірі қара шығады. Мал өткелі кең әрі биік. Кептеліс болмайды. Жолдың сметалық-жобалық құжатында көрсетілмесе де, біздің пікірімізбен санасып, шешіп берген азаматтарға ауыл тұрғындары атынан алғысымды білдіремін, — дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Кәрібаев.

Ауыл әкімі Дамир Қожаниязовтың айтуынша, жолда ауылдан 25 адам жұмыс істейді. Ал мал өткелінің құны — 34 миллион теңге.

Ақкемерліктердің ендігі тілегі — жол бойындағы талдарды алып, көріністі кеңейту. Қар ұстау үшін егілген талдар теміржолдың меншігіне қарайды.

Жол құрылысы аяқталар тұста бұл шаруаны да бітіріп кетпек.

Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Марат Махамбетов су өткізу үшін қойылған ескі құбырларды округ аумағындағы жолдарға пайдалануға болатынын айтты.

Кемпинг көптік етпейді

Жол салынса, көпір де қоса жаңарады. Ақтөбе мен Қандыағаштың арасында 18 көпір, 66 су өткізетін құбыр салынады. Жалпы облысымыздағы 1869 шақырым жолда 97 көпір мен 1013 су өткізгіш құбыр бар екен.

Жол — бизнестің бұлағы, жергілікті тұрғындар үшін табыс пен кәсіптің көзі. Жол бойындағы ірі кемпингтер мен дәмханалар, жанар-жағармай бекеттері, басқа да қызмет көрсету орындарында мыңдаған адам жұмыс істейді. Бір ғана Ақтөбе-Атырау жолымен тәулігіне 7500 көлік өтеді екен. Облыста мұндай 8 бағыт бар. Республика бойынша А санатындағы ірі 14 кемпинг болса, оның 5-еуі Ақтөбе облысында. Демек, жол бизнесін жандандыруда ақтөбеліктердің белсенділігі жоғары болғаны ғой.

 Атырау алыс емес

Жолдар жасалып жатыр. Бірақ жолда жүру ережесі әлі де дұрыс сақталмайды. Сол себепті жол-көлік оқиғасы жиі қайталануда. Тегіс жолға шыққан жүргізушілер жылдамдықты арттырып, жол белгілеріне назар аудармайды екен. Қыстың басталуына да санаулы күндер қалды. Жолдың да күтімі бар. Қыста қардан дер кезінде тазартылып, көктайғақта төселетін құм мен тұз жеткілікті болуы тиіс.

Жалпы, облыс аумағында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жобалардың жүзеге асырылу барысы мен қысқа әзірлігі, қауіпсіздігі туралы арнайы баспасөз  мәслихаты өтті. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Марат Махамбетов биыл Қандыағаш-Мақат тасжолының құрылысы толықтай аяқталатынын айтты. Бұрын Атырау облысына бару үшін ақтөбеліктер Батыс Қазақстан облысы арқылы қатынайтын. Енді тіке ашылған жол қашықтықты екі есеге қысқартты. Жүк көлігінің бір білігіне түсетін салмақ бұрын 8 тонна болса, қазір бұл көрсеткіш 13 тоннаға жетті.

Сонымен қатар 16 жылдан бері жаңартылмаған Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ жолы қайта салуға  жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Ал Орталық-Батыс дәлізі жобасы бойынша Нұр-Сұлтаннан шыққан жол Ырғыз-Шалқар-Қандыағашты жалғайды. Филиал басшысының айтуынша, 518 шақырымды құрайтын жолда 11 телім бар. Оның 5 телімі мемлекеттік сараптамадан өткен.

Баспасөз мәслихатына қатысқан «Қазақавтожол» ЖШС директоры Жанғазы Жаркенов қысқы маусымға 87 техника дайын тұрғанын айтты. Бұған дейін 5 техника жөндеуден өтіп, жетіспейтін 21 техниканы жалға алу жұмыстары жүргізілуде.

Қысқа 15 мың текше метр инертті материалдар жиналған. 1500 тонна тұз дайындалды. Жылдамдықты шектейтін 74 дана жол белгісі қойылған. Сондай-ақ 14 жылыту бекеті бар. Әр аудандағы жылыту бекеттері 50 адамды сыйдыра алады.

Қысқы жолдарды күтіп ұстап қана қоймай, жол мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Алайда жүргізушілер жолда жүру ережесін қатаң сақтаса дейміз. Өйткені жол-көлік оқиғасы азаймай отыр. Негізгі себептері — жылдамдықты шамадан тыс арттыру, жол белгілеріне назар аудармау, қарсы бетке шығу, ұйықтап кету болып отыр. Қыста далада қалып қойған жолаушылар үшін диспетчерлік қызмет күндіз-түні жұмыс істейді. Қандайда бір қиын жағдайға тап болған адам 8-777-554-32-07 ұялы байланыс нөміріне хабараласа алады, — дейді «Қазақавтожол» ЖШС директоры Жанғазы Жаркенов.

Самат НАРЕГЕЕВ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Вакцинация паспорты «Ashyq» қосымшасымен біріктіріледі

admin_mugalzhar

Сенат депутаты адам құқығын бастауыш сыныптан бастап оқытуды ұсынды

admin_mugalzhar

ҒҰЛАМАЛАР ШЫҚҚАН ӨЛКЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.