«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖҰМЫССЫЗДАР ТЕГІН ОҚЫТЫЛАДЫ

Ауданда жұмыссыз азаматтар жаппай тегін оқытылуда. Соның бір дәлелі, өткен аптада «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Қандыағаш білім оқу орталығында» шаштараз кәсібін меңгергендер оқуларын аяқтап, емтихандарын сәтті тапсырып, қолдарына диплом алды.

Айта кету керек, «Қандыағаш білім оқу орталығы» 2018 жылы ашылғаннан бері аудандық жұмыспен қамту орталығымен келісім-шартқа отырып, жұмыссыз жүрген жандардың білім алуына жағдай жасап келеді. Осы уақыт ішінде талай жас маман аталмыш оқу ордасының куәлігін алып, маман атанды.

— Біздің орталықта жұмыссыз жандар бірнеше мамандықтар бойынша оқытылады. Ең алғаш тігінші мамандығын қолға алып, тігіншілікке оқытудан бастаған болатынбыз. Бүгінгі күнге дейін осы салада 150 адам оқып шықты, олардың 70%-ы тігіншілік жұмысқа орналасты. Тіпті мемлекеттік грант ұтып алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отырғандар да бар. Сонымен қатар, электромонтер мамандығы бойынша 35 адам білім алды. Соңғы 3 айдың ішінде электр газ дәнекерлеуші және міне, шаштараз мамандығынан 10 адам оқуларын аяқтап отыр. Бүгінгі шаштараз мамандығына оқып, сертификаттарын алған қыз-келіншектерге білікті маман Бикеш Асылова 3 ай бойы шаш қиюдың қыр-сырын үйретті, — дейді орталық басшысы Фарида Сарышова.

Маман иесі болам деушілер екі кезең бойынша шыңдалады. Олар: теориялық және практикалық дайындық. Бұған осы оқу орталығында барлық қажетті жағдай жасалған.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Назгүл Әбілғазинаның айтуынша, еліміздегі индустрияландыру бағытының қарқынды дамуы кәсіптік-техникалық мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Сондықтан да Үкімет «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» бірінші бағыты бойынша кәсіптік-техникалық мамандарды даярлауға ерекше ден қойды.

— Бағдарламаның мақсаты — азаматтардың қабілеті мен қызығушылығына, мүмкіндігіне қарай жұмысшы мамандығына даярлау, өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүргендерді қайта оқытып, кәсіптік біліктілігін көтеру. Оқу мерзімі — 3 ай. 1 ай теория, 2 ай практика. Осы аралықта бағдарламаға қатысушылар ай сайын шәкіртақы алып отырады. Ауданның басқа ауылдық округінен келіп оқитын жандар үшін де барлық жағдай жасалған. Биыл бағдарламаға қатысқандар саны 100 адамға жетеді, — деді орталық маманы.

— Мен бұндай курстардың бар екендігін декреттік демалыста отырғанымда естіп, жұмыс іздеп барған болатынмын. Жұмыспен қамту орталығы маған осы курсты ұсынды. Өзіме де шаштараздық жұмыс ұнайтын. Бүгін міне 3 айлық оқуымды аяқтап, қолыма дипломымды алып отырмын. Өте қуаныштымын. Алдағы уақытта алған мамандығыммен еңбек етеріме сенімдімін, — дейді оқуын аяқтап, дипломын алған Гүлнұр Омарғалиева.

А.МАНАС

Ұқсас ақпараттар

Тоқаев әлеуметтік көмек көрсетуде әлі күнге дейін нақты ұстаным жоқтығын айтты

admin_mugalzhar

АУДАН ӘКІМІНІҢ КЕЗДЕСУІ ҚАРАКӨЛДЕ ӨТТІ

admin_mugalzhar

Аудандық мәслихаттың кезектен тыс отыз бірінші сессиясын шақыру туралы

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.