«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МӘМС АЯСЫНДА ТЕГІН КӨМЕК АЛЫП ЖҮРСІЗ БЕ?..

2020 ЖЫЛДЫҢ 1 ҚАҢТАРЫНАН БАСТАП ҚАЗАҚСТАНДА МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ІСКЕ ҚОСЫЛҒАНЫ БАРШАМЫЗҒА БЕЛГІЛІ. ОСЫ УАҚЫТҚА ДЕЙІН МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ІС ЖҮЗІНДЕ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАТЫНЫ, МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІҢ САПАСЫ МЕН ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ ТУРАЛЫ ГАЗЕТІМІЗДЕ БІРНЕШЕ РЕТ МАҚАЛА ЖАРИЯЛАНДЫ. ДЕГЕНМЕН АТАЛҒАН БАҒДАРЛАМАНЫҢ ИГІЛІГІН ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ ҚАНШАЛЫҚТЫ КӨРІП ЖҮР? БАСЫ АУЫРЫП, БАЛТЫРЫ СЫЗДАҒАН НАУҚАС МӘМС АЯСЫНДА ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІ АЛУҒА БОЛАТЫНЫН БІЛЕ МЕ? БҰЛ ТУРАЛЫ ХАЛЫҚ ҚАНШАЛЫҚТЫ АҚПАРАТТАНДЫРЫЛҒАН? АЛ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАНДЫРМАҒАН АЗАМАТТАР КӨМЕКТІ ҚАЛАЙ АЛАДЫ? ОСЫ СҰРАҚТАРҒА БҮГІН ДЕ ЖАУАП ІЗДЕП КӨРДІК…

Аудан бойынша 57 мыңнан астам адам денсаулығын сақтандырған

Ауданға қарасты ауруханалар басшылары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмысының «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Ақтөбе облысы филиалымен келісімшарт негізінде жүргізілетінін, бүгінгі таңда ауданда 57 158 адам денсаулығын сақтандырғанын айтып, сақтандыру қорына жарна аударып отырған әрбір адам МӘМС аясында көрсетілген барлық қызметтерді тегін пайдаланып жүргенін жеткізді. Бүгінде аудан аумағындағы ауруханалар облыс орталығында орналасқан «Көз Жарығы», «Айгерим», «Қуаныш» медициналық орталықтарымен, №7 қалалық емханамен, облыстық перинаталдық орталығымен, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетімен, «PULMONOLOG Aktobe», «Сенім-Clinic» емдеу-диагностикалық орталығымен, №3 қалалық емханасымен, облыстық патологоанатомиялық бюросымен, Ақтөбе медициналық орталығымен (Aktobe Medical Center), «Ақтөбе облыстық фтизиопульмонология орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен, «Зере Медикалс» ЖШС-і, Жедел медициналық жәрдем ауруханасымен (БСМП), Ұлттық сараптама орталығымен (НЦЭ), «БИОС» медициналық орталығымен келісім-шартқа отырған. Аудан тұрғындары жоғарыда аталған медициналық орталықтардан аудан аумағында көрсетілмейтін диагностикалық зерттеулерден өте алады. Айталық МРТ, КТ, ЭГГ, т.б. секілді аппараттарға тегін түсу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, аудан аумағында жоқ профильді дәрігерлердің кеңесіне бара алады. Ал бағасы қымбат тұратын лабораториялық зерттеулерді МӘМС аясында облыстағы ірі «ОЛИМП КДЛ», «INVIVO» секілді лабораторияларға тегін тапсырып, сараптама жасата алады.

40-тан астам орталықпен келісімшарт жасалды

Мұғалжар аудандық ауруханасының қызметкерлері 36 020 адамға медициналық қызмет көрсетеді. Оның ішінде 31 573 адам сақтандыру жүйесіне ай сайын шекті жарнасын аударып отыр. Мұғалжар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айбек Сүгіров  4447 адам белгісіз себептермен денсаулықтарын сақтандырмағанын мәлімдеді.

— Денсаулығы сыр беріп, ауырған адам емханаға келіп, өзінің учаскелік дәрігерінің қабылдауында болып, тексерістен өтеді. Дәрігер науқастың жағдайына қарап, түрлі ем-шараларын жүргізіп, диагностика өтуге жолдама береді. Бүгінде аурухана көптеген түрлі диагностикалық аппараттармен қамтамасыз етілген. Дегенмен ауруханада профильді дәрігерлердің жетіспейтінін жоққа шығара алмаймын. Бірақ аурухана басшылығы МӘМС аясында облыс орталығында орналасқан 40-тан астам медициналық орталықтармен келісім-шартқа отырды. Соның арқасында бізден көрсетілмейтін медициналық көмектерді облыстан ала алады. Сонымен бірге Қандыағаш қаласында орналасқан жекеменшік орталықтарға жолданады, — дейді ол.

Оның айтуынша, «ОЛИМП КДЛ» және «INVIVO» лабораторияларында жүргізілетін қымбат сараптамаларды аурухана ішінен медицина қызметкерлері қабылдайды. Тапсырылған түрлі анализдер облысқа жолданып, зерттеу жұмыстары лаборатория орталықтарында жасалады. Ал түрлі бактерологиялық зерттеулер Ақтөбе қаласындағы «Микролабсервис» медициналық лабораториясында жүргізіледі. Аталған орталыққа науқас дәрігердің жолдамасымен ғана бара алады. Ал денсаулығы сақтандырылмаған азаматтар алғашқы медициналық көмектерді, шұғыл емдомдарды пайданалана алады. Одан бөлек, денсаулығына байланысты есепте тұрған бекітілген 25 топқа жататын науқастар ауруына байланысты көмектің барлығын тегін ала алады. Атап айтар болсақ, созылмалы жүрек, бүйрек, бауыр, аллергия, астма секілді аурулар, қант диабеті, түрлі ревматологиялық ауруға шалдыққандарға тегін көмек көрсетіледі.

17 мыңға жуық ембілік тегін көмек алады

Бүгінгі таңда Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Бұхарбаев Ембі аймағы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмысы күнделікті жұмыс тәртібіне қойылғанын айтады. Дәрігерлер тарапынан да жергілікті тұрғындарға ақпараттар қолжетімді түрде берілетін көрінеді. Бүгінде Ембі аудандық аруханасы бойынша 19 847 адам тіркеуге алынған. Оның 16 906-сы өз денсаулығын сақтандырып, төлемақы төлеп отыр. Бұл адамдардың барлығы МӘМС аясында көрсетілген барлық қызметтерді тұтына алады.

— Аурухана басшылығы міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша облыс және аудан орталығындағы МӘМС аясында жұмыс жасайтын барлық емхана және ауруханалармен келісім-шартқа отырды. Денсаулығы сақтандырылған науқас тексерілу үшін ең бірінші кезекте учаскелік дәрігеріне баруы тиіс. Одан кейін учаскелік дәрігер тиіс анализге жолдама береді. Жолдама «ДамуМед» ақпараттық медициналық жүйесі арқылы жазылады. Ембі аудандық ауруханасында заманауи УДЗ және ЭКГ аппараттары бар. Науқастар ауруханада жоқ қызметтерді аудан, облыс орталықтарына барып ала алады. Атап айтатын болсақ, Мұғалжар аудандық ауруханасындағы КТ аппаратына, облыс орталығында орналасқан «Сенім-Клиник» медициналық орталығында орналасқан МРТ аппаратына түсу дәрігерлердің жолдамасы арқылы жүзеге асырылады. Олардың тегін әрі сапалы қызмет алуына барынша жағдай жасалған, — дейді бас дәрігер. Оның айтуынша, Ембі аймағында денсаулығын сақтандырмай отырған 2941 тұрғын анықталған. Дәрігерлер тарапынан тұрғындар арасында МӘМС туралы түсіндіру жұмыстары толыққанды жүргізіліп жатқанын айтқан бас дәрігер: «МӘМС аясында берілетін тегін медициналық көмек жөнінде науқастар 100% деңгейде хабардар. Ақпараттандыру жұмыстары дамылсыз жүргізілуде. Учаскелік дәрігерлер мен медбикелер тарапынан, аурухананың жеке инстаграм әлеуметтік желісі арқылы және әлеуметтік нысандарда орналасқан ақпарат тақталары арқылы ақпараттандыру жүргізіліп отырады», — деді.

24 285 науқас дәрігер кеңесіне жолданған

Қандыағаш қаласында орналасқан «Шапағат» жекеменшік ауруханасының дәрігерлері МӘМС бағдарламасы аясында осы уақытқа дейін 24 285 науқасты профилді дәрігерлердің кеңесіне жолдаған. Олар барлық тексерістен өтіп, кешенді ем қабылдаған. «Шапағат» ауруханасына тіркелген 6333 адамның 5738-і өз денсаулықтары үшін ай сайын жарналарын төлеп отырады. — Бүгінгі таңда өз денсаулығын сақтандырып, қорға төлемақы аударушылардың саны артып келеді. Соған сәйкес олар медициналық тегін көмекті де алып жүр. Жыл басында әртүрлі себеппен сақтандыру жүйесінен тыс қалған 1850 адам болатын. Бүгінде түсіндірме жұмыстарының арқасында сақтандырудан тыс қалғандар саны 595-ке кеміді. Дегенмен сақтандыру жүйесіне төлемақы төлемеген адамдардың өз себептері де жоқ емес. Күнкөріс деңгейі төмен жанұялар пандемияға байланысты табыс деңгейінің төмендегенін, жұмыссыз қалуын, ақысыз демалысқа шығуын айтуда. Сонымен бірге табыстарын жасыратындар да бар, — дейді «Шапағат» ауруханасының бас дәрігері Аманжол Адаев. Сондай-ақ ол қажетті төлемақыларды төлеп, сақтандырылған пациенттер МӘМС шеңберінде тексеруден өту үшін тіркелген жері бойынша емхананың дәрігеріне жүгініп, жолдама алып, қажетті талдауларды тапсыра алатынын жеткізді. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар туберкулез, ВИЧ, психикалық ауытқулар, обыр, созылмалы аурулар, қоғамға қауіпті жұқпалы ауруға шалдыққан науқастарға тегін медициналық көмектің түрлері қарастырылған

-МӘМС аясында берілетін тегін медициналық көмек жөнін-де халыққа үкімет тарапынан, барлық медициналық мекемелер мен қызметкерлер тарапынан да ақпараттандыру жұмыстары үнемі тұрақты жүргізілуде. Ауруханада телеролик көрсетіліп, бүктемелер, анықтамалар таратылып, газет арқылы хабарламалар жарияланып, лекция, жеке түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, көшедегі және ішкі баннерлер ілінеді, — деді ол.

«МӘМС мүмкіндігін қолданып жүрмін» дейді…

МӘМС жүйесі енгізілгелі көптеген аудан тұрғындары аталған бағдарламаның игілігін көріп келеді. Солардың бірі — Қандағаш қаласының тұрғыны Айдана Құлнияз. Ол сақтандыру жүйесі арқылы қажетті дәрігердің кеңесіне жазылып, зертхана орталықтарына қан және зәр талдамалар тапсырғанын айтады. Дегенмен мамандары жақсы, басқа да ірі орталықтармен келісімшарттардың санынын көп болғаны дұрыс деп есептейді. — Ай сайын маған жұмыс беруші тарапынан да, еңбекақымнан да МӘМС қорына қажетті жарна тұрақты түрде аударылып отырады. Осыған сәйкес, мен де ауруханаға барып, өзіме қажетті ем-домдарды қабылдап жүрмін. Жақын арада денсаулығыма байланысты облыс орталығындағы «Аман-саулық» медициналық орталығында ота жасаттым. Алайда ол жердің Мұғалжар аудандық ауруханасымен келісім-шарты болмады. Сол себепті ақылы түрде ота жасатып, ем қабылдадым. Осындай ауруханалармен келісім-шарттарды арттырса деген ұсынысым бар, — деді Айдана Серікқызы. Жақында ғана Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына барып, кешенді ем қабылдап келген Нұргүл Тілепова МӘМС жүйесінің тұрғындардың денсаулығы үшін ең пайдалы бағдарлама екенін жеткізді. Ай сайын еңбекақысынан 2 пайыздық жарна төлеу арқылы қымбат тұратын медициналық көмектерді тегін алу – қарапайым халық үшін пайдалы болып отырғанын да жасырмады.

— Менің нефротикалық синдроммен, яғни созылмалы бүйрек ауруымен ауырып жүргеніме екі жылдан астам уақыт болды. Осы аралықта қанша рет ауруханада ем қабылдап, кешенді тексерістен өттім. Көрсетілген қызметтің барлығы дерлік тегін көрсетілді. Сонымен бірге өзім тіркеуде тұрған емханадан қымбат тұратын дәрідәрмектерді де тегін алып отырамын. Бұл мен үшін үлкен көмек. Медицина қызметкерлері де әрбір адамды жылы қабылдап, қажетті көмекті көрсетеді, — деді Н.Тілепова.

P.S. Сөздің тоқетері, МӘМС – тегін медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Дертіне шипа іздеп, немесе денсаулығын тексеріп алуды мақсат тұтып ауруханаға барған әрбір жан осыны білсе болғаны…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

admin_mugalzhar

Е-АРХИВ: СЕМИНАР ӨТТІ

admin_mugalzhar

Ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесі әзірленді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.