Әсем әнімен, көркем жырымен аудан орталығында өткен Наурыз тойдың көркін келтірген аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары «Бақ мерекем, құт мерекем, Әз Наурыз!» атты мерекелік шара ұйымдастырды. Аталған шарада ауданға белгілі өнерпаздар Наурыздың абыройын асқақтатып, мерекелік ән мен жырдан шашу шашып, мың бұрала би билеп, сахналық қойылымдар қойды. Қазақтың домбырасы мен қобызынан күй төгіліп, жарапазан айтылып, Наурыз тойына келгендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен бірге «Қазақстан» саябағында театрландырылған «Наурыз» керуені өтті. Аталған керуенге тарихымыздың тамыры саналатын қазақ халық ауыз әдебиетінің белгілі «Қыз Жібек» көшін Қандыағаш қалалық №1 орта мектебі, «Жиренше-Қарашаш» көшін Қандыағаш қалалық №2 орта мектебі, «Айман-Шолпан» көшін Қандығаш қалалық №3 мектеп-гимназиясы, «Алдар көсе» көшін Қандыағаш қалалық №4 орта мектебі, «Ақан сері» көшін Қандыағаш қалалық №5 орта мектебі, «Жамбыл» көшін «Күншуақ» балабақшасы, «Ахмет Жұбанов» көшін А.Жұбанова атындағы саз мектебі алып шықты. Әр көш өз тақырыптарына сай киініп, халық арасымен жүріп өтті. Ал мереке жүргізушілері әр керуеннің тарихына тоқталып, олар туралы толық мағлұмат беріп тұрды.