«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨМІРШЕҢ ГАЗЕТ

Жақып ТОҚТАҚҰЛОВ — өмірінің басым бөлігін баспасөз саласына, журналистикаға арнаған адам. 40 жылға жуық уақытын өзі «өміршең газет» деп баға берген аудандық газетте өткізіп, басылымның уақытылы, сапалы жарық көруі жолында тер төгіп, мақалалары өз оқырманын таба білген газет ардагері. Сонау 1939 жылы бозбала кезінде Ырғыз ауданындағы «Колхозник» газетінде техникалық хатшы болып еңбек жолын бастаған Жақып Тоқтағұлов осы газетте корректор болып жүрген жерінен 1942 жылы соғысқа аттанған. Соғыстан оралғаннан кейін 1945- 1949 жылдары «Колхозник» газетіне жауапты хатшы болып жұмыс істейді. Кейін еңбек жолы аздаған уақытқа басқа салаға бұрылғанымен де, 1958 жылы журналистика саласына қайта оралып, 1984 жылға дейін аудандық газеттерде еңбек еткен. Осы жылдар ішінде сол кездегі Темір ауданындағы «Социалистік майдан» газетінде әдеби қызметкер, ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі, ауданаралық «Жаршы» газетінде радист және газет шығарушы, Қандыағаш аудандық «Октябрь туы» газетінде бөлім меңгерушісі, Октябрь аудандық «Октябрь туы»-«Знамя Октября» газеті редакциясында жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де аудандық басылымнан қол үзбей, редакцияның кейінгі буынына кеңесін айтып, білгенін үйретіп, үнемі байланыс ұстап отырған ардагер. Биыл газет ардагеріне 100 жыл толып отыр. Артында қалған ұрпағы әкелерінің есімін ұлықтап, ағайын-туманы, «Мұғалжар» газетінің кешегі және бүгінгі буынын жинап, ас беруді жоспарлапты. Біз де өз кезегімізде аудандық газетке еңбегі сіңген, сол еңбегі редакцияның кейінгі буынына үлгі болған ардагерімізді өзінің «Мұғалжарында» тағы бір мәрте еске аламыз… Осы мақсатта Жақып Тоқтағұловтың газет пен жалпы журналистикадағы жолы, сол кезде «Октябрь туы»-«Знамя Октября» деп аталған бүгінгі «Мұғалжар» туралы жылдар желісінде өзінің жазып қалдырған «Өміршең газет» атты мақаласы мен «Мұғалжар» газетінде редактор болған Бақытжан Ниеталы мен Қуаныш Кенжеғалиевтің аға әріптестері туралы жазып, редакцияға жолдаған естеліктерін жариялап отырмыз.

Ұлы Отан соғысынан кейін аптасына бір рет екі бет болып шығатын көптеген аудандық газеттер жетісіне үш рет екі есе үлкейіп шығатын болды. Осы кезде Ақтөбе қаласынан журналист Мұздыбай Тотаев екеуміз Темір қаласында шығатын «Социалистік майдан» газетіне облыстық партия комитетінің жолдамасымен келдік. Бұл 1958 жылғы 1 шілде болатын. Редактор Нұрғали Тастанбаевтан басқасының бәрі журналист емес, аудандық партия комитетінің ұсынысымен келгендер екен. М.Тотаев редактордың орынбасарлығына, мен әдеби қызметкерлігіне тағайындалдым. Жұмыс істеу өте қиын болды. Көлік жоқ. Ол кезде редакцияда хат бөлімі, олардың бәрінде бір бірден әдеби қызметкері болды. Мен ауыл шаруашылығы бөліміне әдеби қызметкер болып бекідім. Бөлім бастығы Сүлеймен Әбішевтың жекеменшік мотоциклімен екеуміз колхоздарға сапарға шығамыз. Мен мақала жазамын. Ол мені малшы ауылын, егін алқаптарын аралатып жүреді. 1962 жылғы 1 мамырдан «Социалистік майдан» — «Коммунизм жолы» болып аталды. Ойыл, Байғанин, Темір, Жұрын аудандық партия комитеттері Темір территориялық өндіріс басқармасына қарайтын еді. Байғанин ауданынан журналист Мыңбай Төлегенов, ақын Есенбай Дүйсенбаев, Жұрын ауданынан Жаңылша Балмағамбетова, Ойыл ауданынан Табыл Құлиясов, Шалқар ауданынанТауман Төреханов келді. Газет бұрынғыдан қызықты да, мазмұнды шығатын болды. Мақалалар әрі қысқа, әрі нұсқа. 1965 жылдан бастап көптеген аудандар қайтадан ашылып, жабылып қалған аудандық газеттер қайтадан шыға бастады. Аудан орталығы Темір қаласынан Қандыағаш станциясына көшті. Қандыағаш өндіріс ауданы тарап, Елубай Қодаров редактор болып келді. Н.Тастанбаев аудандық партия комитетінің қарамағына кетті. Абдош Досмұхамедов редакцияның жауапты хатшысы болды. Байғанин ауданынан келген Қарабай Досқұлов редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, мен әдеби қызметкер болып тағайындалдым. Темір қаласынан баспахананың құрал-жабдықтарын тасып алғанша және жаңадан алынған линотиптерді орналастырғанша А.Досмұхамедов екеуміз Ақтөбе қаласындағы №8 баспаханадан бір ай бойы газет шығардық. Бізге жетісіне үш рет газет шығару оңай болмады. Жіберген материалдар жетпей қалады. Оны ойдан толықтыруға мәжбүр боламыз, жетпес жерлеріне өзіміз жақсы білетін малшы, диқандарды жазып толықтырамыз.
Шамалы уақыт «Жаршы» аталған газет 1965 жылдың 2 шілдесінен «Октябрь туы» — «Знамя Октября» болып қазақ және орыс тілінде шыға бастады. Әскери тілші А.Вдовенко редактордың орынбасары, Н.Шуликин әдеби қызметкер, Р.Тұяқова аудармашы болды. Е.Қодаров аудандық атқару комитетінің жауапты хатшылығына кетіп, 1966 жылдың қараша айында Н.Тастанбаев қайтадан газеттің редакторлығына тағайындалды. Өткен жылдарға көз жүгіртсем, көптеген журналистермен қызметтес болған екенмін. Редактордың әр кезеңде орынбасары болған Бақытжан Жанасаевты, Елеусіз Кенебаевты ерекше атар едім. Олар күшті журналист екенін іс жүзінде көрсету мен бірге коллектив ұйытқысы бола білді, ынтымақты жұмыс істеуге күш салды. Талантты жастарды іскерлікке баулыды, қанаттандыруға қолынан келген көмегін аямады. Олар бүгінде о дүниелік болып кетті. Топырағы торқа болсын, көре алмай кеткен жақсылықты ұрпақтары көрсін дегім келеді. Қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы тілшісі Әмір Оралбаев, «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Амантай Өтегенов, «Ақтөбе» газетінің қызметкері Серік Омаров, аудандық газеттің әр кезеңде редакторы болған Жолдымұрат Сегізбаев, Бақытжан Неталин, қазіргі редактор Қуаныш Кенжеғалиев, фото тілші болған Смағұл Құдабаев, журналист Әдемі Сағымбаеваларға үйрете жүріп, олардан көп нәрселерді үйренгенімді жасыруға болмас… Бұл газетті өміршең дер едім. Көп аудандық газеттер жабылып қалғанда бұл газет жұмысын тоқтатпады. Журналистер төзімділік көрсетті, ыссы-суығын қайыспай көтерді. Осы газеттің өзінде ғана 26 жыл еңбек еттім. Соның 15 жылында жауапты хатшы болдым. 1967 жылы облыстағы аудан газеттерінің конкурсында көркемдеп шығарудан үшінші орын алдым. Бұл газет талай адамдарға, журналистерге қанат қақтырғаны осы мақаланың өзінен-ақ көрініп отырған жоқпа?! Осында жұмыс істеген Е.Кенебаев – Исатай ауданында, М.Төлегенов – Темір ауданында, Т.Төреханов – Шалқар ауданында, Н.Шуликин – Комсомол ауданында редактор болды. …
Журналистер жолы ауыр. Ертеректе көлік болған жоқ. Көліп күтіп, аңызақта ерін кезертіп, аш құрсақтажүрсек те, журналистика талабын орындай білдік деуге болады. Сол сияқты газеттің бүгінгі ұжымының да көздеген межеден шығатындығына сенімдімін.
Жақып ТОҚТАҒҰЛОВ

Ұқсас ақпараттар

ЖАҢА ҮЙЛЕР БИІК ЖЕРДЕ САЛЫНУДА

admin_mugalzhar

1 мамырдан бастап жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады

admin_mugalzhar

Маусымнан бастап тағы 18 жол учаскесі ақылы болады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.