ТАМЫРЫ СОНАУ НЕОЛИТ ДӘУІРІНЕН БАСТАУ АЛҒАН ТӨРТ МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЕҢ КӨНЕ АСПАПТАРДЫҢ БІРІ САНАЛАТЫН КИЕЛІ ДОМБЫРА — ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ. ҚАЗІРГІ ТАҢДА ДОМБЫРА ҮЙРЕНГІСІ КЕЛЕТІНДЕРДІҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП, ҮЙРЕТУШІ МЕКТЕПТЕР МЕН ОРТАЛЫҚТАРДЫҢ ДА САНЫ АРТТЫ. АЛ МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНЫҢ БАЛАЛАРЫН ӨНЕРГЕ БАУЛЫП, БІЛГЕНІМЕН БӨЛІСІП ЖҮРГЕН СОНДАЙ ҰСТАЗДАРДЫҢ БІРІ – БАЛЫМБЕТ КҮЗЕМБАЕВ.
Қазақтың аспабын жанына серік еткен бүгінгі кейіпкеріміз Шалқар ауданына қарасты Байқадам ауылында дүниеге келген. Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік өнер институтын тәмамдаған ол 30 жылдық еңбек жолында музыка мектептерінде жұмыс жасап келеді.
—Жалпы домбыра жан толғанысын, ішкі тебіренісін ерекше үнмен жеткізуші аспап. Кезінде атақты күйші Құрманғазы атамыз өзіндегі жан толғанысын ғана емес, халықтың көңіл-күйін де күйлері арқылы жеткізген ғой. Міне, тыңдай білген адамға домбыраның айтар сыры көп. Сол үшін қазақ домбыраны қасиетті санап, оған төрден орын берген, — дейді ол.
Балымбет ұстаз 2002 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қандыағаш қаласындағы А.Жұбанов атындағы балалар музыка мектебінде домбыра класы бойынша ұстаздық етіп келеді. Сонымен қатар аудандық Мәдениет үйінде оркестр жетекшісі болып еңбек етеді. Музыкант, өнер адамы болған соң ансамбль, оркестрлерде жетіспеген аспаптарда ойнайтыны бар тағы. «Әр бала – жеке тұлға» деген ұстанымы бар ұстаз баланың болмысына, мінезіне, икеміне қарай домбыраға құлшынысын ашу үшін әртүрлі жол таба білу керектігін баса айтты. Айтуынша, саз мектебіндегі ұстаздардың жұмысы ешбір психологтан кем емес. Керек кезінде балалардың сырлас құрбысы да, жол сілтер ақылшысы да, жанашыры да бола алады.
—Музыка мектебінде сабақ үйірме ретінде емес белгілі бір жоспарлы түрде өткізіледі. Ал ғашқы аспапты үйренуге келген балаға аспаптың қыр-сырын, ойналу ережелерін түсіндіріп көрсетеміз. Домбыра аспабын үйренуге келген бала бірнеше кезеңнен өтеді. Бірінші, аспапты меңгерудегі ережелер, оң-сол қолдың қойлымдары, перне басу әдісі үйретіледі. Екінші кезең ноталық сауатын ашу, нотаны оқып үйрену кезеңі. Үшінші, бала екі кезеңнен жақсы өтсе, домбырадағы барлық әдіс-тәсілдерді меңгере отырып, орындаушылыққа бағыттаймыз, — деп түсіндірді домбыра класының ерекшелігін.
Ұлттық аспаптың тағы бір ерекше қасиетінің барын айтты домбырашы.
— Бұл аспаптың бір ерекшелігі, оны ойнаған сәтте адам денесіндегі 12 мүшенің барлығы да қимылдайды. Саусақтары, білезіктері қимылдап, орындықтағы отырысының өзіне дейін қадағаланады. Арқаны, мойын мен иықты тік ұстау сүйектің дұрыс қатаюына әсер етеді. Домбырада ойнау баланс сақтауға көмектеседі, мидың жұмысын жақсартады деп айтуға болады, — деді Балымбет Бисембайұлы.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, өнер иесінің айтуынша, өзге балалардың бойындағы дарынын ашып, артыңа із қалдыра білу де маңызды. «Білгеніңмен бөлісіп, үйретіп отырудың өзі бір ғанибет» деген пікірде ол. Еңбек жолында талай шәкіртті домбыраға баулып, өнер жолына қанаттандырған ұлағатты ұстаздан дәріс алған оқушылары бүгінде халықаралық, республикалық, облыстық байқау ларда жүлденің алдын бермей, жеңімпаз атануда.
—Жалпы ұстаз шәкірт тәрбиелеуде ерінбеу керек. Мәселен, өнер саласында жүрген мұғалімдер баланың қабілетімен көп жұмыс жасаймыз. Оның қандай аспапқа болсын ықыласын оятып, мотивация береміз. Кейбір оқушылар болады, нотамен үйренгеннен көрі есту арқылы тез қағып алады. Ондай балалармен жұмыс істеу өте оңай. Қазір өзім сабақ берген шәкірттерім оқу бітіріп, білім алған ордасына мұғалім болып келіп жатыр. Өнер жолымен қатар ұстаздық жолды бірге алып жүрген шәкірттер де баршылық. Атап айтар болсам, Амангүл Қоджаева Құлсары қаласында өнер мектебінде еңбек етуде. Мейрбек Маденов өнер жолында жүр, таланты, мықты музыкант. Елеу Елжан консерваторияда оқып жүр. Кеңесбай Өркен А Жұбанов атындағы музыка колледжде оқиды. Талантұлы Шыңғыс та сол колледже білім алып жатыр. Бұл аталған шәкірттер болашағынан үлкен үміт күттіретін өнер иелері, — деп шәкірттерімен мақтанып алды Балымбет ұстаз.
Кейіпкеріміздің ұстаздық қырынан бөлек, жеке ән-күй жазатын да өнері бар. Әңгіме барысында бұл туралы айтып беруін өтінгенде: «Шығармашылығымда әнкүйлерім бар. Дегенмен, «мынау менің әнім, мына күйді мен жаздым» деп жарияға жар салғанды ұнатпаймын. Арасында айтылып, орындалып жүр», — деп қысқа қайырды ол.
— Менің атап айтқым келетін, өзім жетістігім деп санайтын нәрсе — музыка мектебінде «Мұрагер» деп аталатын ансамблім бар. Ансамбльде тек бір оқытушының оқушылары ойнамайды. Әр оқытушыдан таңдап алынған оқушылар ойнайды. Ансамбль жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көптеген байқауларда Бас жүлде, 1 орындар алып лауреат атанып жүр. Жалпы осы «Мұрагер» ансамблінің құрамынан да екі оқушы музыка саласы бойынша оқуға түсуге талаптанып жатыр, — деді өзі.
Әңгімеміздің соңында ұстаздың алдағы жоспарларымен бөлісуін, қандай мақсаттары бар екенін сұраған едік.
—Жоспарым да, мақсатым да — ұлттық өнерді, құндылықты дәріптеу, насихаттау. Ал осы дарынымды пайдаланып, кәсіп қылып, өзгелер секілді тойға шығып ақша табу мен үшін өте жат қылық. Менің кәсібім де, нәсібім де осы ұлттық өнерді дәріптеп, мықты шәкірттер тәрбиелеп қана қоймай, болашағына бағыт беру, — деп аяқтады әңгімесін Балымбет Күзембаев.
Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ