«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАЙҒЫМЫЗ ҚАНТ БОЛҒАНЫ МА?..

Қолымыздағы ұялы телефонға жарты сағат сайын үңілмесек, бар әлемнен құр қалғандай күй кешетініміз жасырын емес енді. Сол телефондағы «әлемжәлем өмірді» ашып қалған едім, дүкен ішінде әлденеге таласып, жаға жыртысқан әйелдердің видеосы шошытты. «Не болып қалды» деп анығырақ қарасам, шекерке шүйлігіп, бірбірін түйгілеген жұрт. Ол ол ма, тап сол оқиға өзіміздің Қандыағаш қаласында орын алыпты. Осы видеоны қарап отырып, жұрт үшін өзімнің бетім қызарды. Себебі кешегі ата-бабамыздың көрген «құқайы» есіме түсті. Қазақтың басынан нәубеттің талайы өтті, ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада да, қолдан жасалған ашаршылықтан да аман өтті.
Жан-жағымызға көзімізді ашып қарасақ, әлемде аш құрсақ жүрген қанша жан, бораған оқтан «қалай аман қалам» деп жан баққан тағдыр бар. Осыны бір сәтке ойлайықшы… Бейбіт заманда қара қарынның қамы үшін жұлысқан жұрттың іс-әрекеті ырымға жаман, көзге дөреке көрінеді екен. Тіпті, бұл қолдан жасалған уақытша тапшылыққа жол ашып беріп отырған да өзіміз емес пе?!. Егер дүкен сөресіндегі қантқа таласпасақ, бұл жағдай осындай деңгейге жетпеген де болар ма еді… Жер бетінде қант өндірісімен қазына қазанына қыруар қаржы құйып отырған мемлекеттер баршылық. Ал біздің елімізге шекердің 90 пайызы сырттан жеткізіледі екен. Деректер елдегі бір адамның бір жылда орта есеппен 26 келі шекер пайдаланатынын көрсетеді. Осы сала мамандары елімізде қызылша өсіруді дамытуға үлкен мүмкіндіктердің де бар екенін айтады. Бірақ қолға күрек ұстап, шаруамен айналысатын жандар жоқтың қасы.
Айтпағым, бәлкім сөредегі шекер үшін жаға жыртысқанша, екі қолға бір күрек ұстап, сол шекердің шикізаты қант қызылшасын өсірумен айналысармыз?.. Әрине, бұл дегенім, сіз бен біздің, яғни бәріміз бірдей кетпен ұстап, алқапқа шық дегенім емес. Бастысы, сабырлық танытып, әрекетке көшу. Елдің мәдениеті халқының ішкі мәдениетімен өлшенетіні хақ. Осыны ұмытпасақ болғаны…
Қ.ЖАНПЕЙСОВА, Қандыағаш қаласы

Ұқсас ақпараттар

БІЛІМ ОШАҚТАРЫ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

admin_mugalzhar

Омикрон штамын жеңдік – Денсаулық сақтау министрі

admin_mugalzhar

Батыс Қазақстанда полицейлерге шабуыл жасалды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.