«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТАЛДЫСАЙ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМЫ

Адам өмірінің ең бір қызықты, қимас шақтарының бірі әрі бірегейі — балалық шағы, оның ішінде мектеп қабырғасында өткен жылдары дер едім. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деп Мұқағали ақын жырлағандай, қолына сөмке ұстап келген бүлдіршін бала, мектеп қабырғасында өткен жылдар ішінде біліммен қаруланады, адамболып қалыптасады, тәрбие алады, есейеді. Сөйтіп жүргенде мектептегі 10 жылың да зымырап өте шығады. Кешегі бүлдіршін бала бозбала жігіт пен бойжеткен қызға айналып, өмірдің сан тарау, бұралаң даңғыл жолына аттанады… Ия, өмірдің заңы осылай. «Әттең, сол мектепте жүре берсемғой, бала болып алаңсыз күй кешсем ғой» деген тәтті қиял менің замандастарымның басына күнде болмағанмен, ара-тұра қылтиып кеп қалатынын мен жақсы білемін. Міне, біз де Талдысай орта мектебінің 1992 жылғы түлектері мектеп бітіргенімізге 30 жыл толуына орай туған жерімізге жиналып, балалық шаққа саяхат жасап, «Мектеп», «Ұстаз» деген киелі ұғымдарды санамызда жаңғыртып, балалық шағымыздың естелігіне айналған ақ бантигімізді тағып, туған ауылымыз Талдысайдың киелі топырағында түлектердің салтанатты жиынына қатысып қайттық.
Алтын ұя мектебіміздің аяулы ұстаздарымен, кластастармен сағынысып көрісіп, балалық шақтың естеліктерін айтып тауыса алмай, туған жердің топырағын шаңдатып, жусан иісін құшырлана иіскеп, өзгеше бір сезімде болып, көңіліміз көтеріліп, эмоцияға ерік беріп, сондай бір ғажап күйді басымыздан өткердік. Әрине, ең алдымен осы күнге жетіп, осындай сәттерді басымыздан кешкеніміз үшін Аллаға мың шүкір дейміз. Өйткені бүл күнге жете алмай, қыршын кеткен кластастарымыз да бар. 30 жылдық кездесуге орай ұйымдастырылған іс-шаралар барысында ең алдымен өмірден өткен кластастарымыз бен ең алғаш әріп танытып, қолымызға қалам ұстатқан алғашқы ұстазымыз Бағила Жантуренова (жақында ғана 100 күндігі өтті, әттең біздің 30 жылдық кездесуімізге жете алмады апайымыз, осыдан 10 жыл бұрын 20 жылдық кездесуде төрімізден орын алған болатын…) және Бағила апайдан бізді қабылдап алып, 5 класта класс жетекшіміз болған, өте білімді, сауатты, талапшыл ұстазымыз Гүлжамал Кенжебекованы (апай 22 жыл бұрын, тым ерте өмірден өтті) еске алып, оларға арнап құран бағыштап ас бердік.
Осы күні бізден басқа мектеп бітіргендеріне 40, 20 жыл болған түлектер дежиналып, бәріміз бір сахнада тұрып, тілектерімізді арнап, сыйлықтарымызды тарту етіп мәре-сәре болдық. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер ауылға барлық жабдықтарымен киіз үйді сыйға тартса, 1982 жылғы түлектер мектептің кіре берісіне орналастырылатын жарықтандырылған жарнамалық баннер сыйлады. Жалпы Талдысай түлектерінің белсенділігі ауылға Қазбек Аққайыр әкім болған уақытта ерекше арта түсті. «Жас келсе, іске» демекші, Республикалық ауыл әкімдері байқауының жеңімпазы Қазбек үлкенді ағалап, кішіні бауырына тарта білген, қағілез, туған ауылының шын жанашыры, Талдысайдан түлеп ұшқан түлектердің басын қосып, қаншама игілікті істердің бастамашысы бола білді. Бүгінде тыңғылықты ісі мен еңбекқорлығы еленіп, ауданның бөлім басшысы лауазымына дейін көтерілді.
Біз өз кезегімізде ауылдан бой көтеріп, кірпіші қалана бастаған 100 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталғаннан соң, мектептің кіреберісінде мен мұндалап тұратын Мемлекеттік рәміздер бұрышын сыйға тартуды өзмойнымызға алып, бірнеше үлгісін ауыл әкіміАйбек Мұқанов пен мектеп директоры Құдайберген Русланұлына табыстадық. Міне осылай, Талдысай түлектерінің ауызбіршіліктері мықты екенін тағы мәрте дәлелдеп, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, ауылды қимай қош айтыстық. Сөзімнің соңында әрқашан ынтымақтары жарасып, туған жерге деген сый-құрметтерін жарыса жасап, ауылымыздың көркеюі мен гүлденуіне өз үлестерін қоса беретін Талдысай түлектері жасасын деймін!
Айгүл ҚАНАПИЯ, Ақтөбе қаласының Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы басшысының м.а., Талдысай орта мектебінің 1992 жылғы түлегі.

Ұқсас ақпараттар

«Бір белдеу, бір жол» форумы басталды

admin_mugalzhar

Жұмыссыздық деңгейі — 4,8 пайыз

admin_mugalzhar

Ақтөбе-Қандыағаш» автомобиль жолының қайта жаңару жұмыстары қарқынды жүруде

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.