«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МҰҒАЛЖАР ЖЫЛҚЫСЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ

«МҰҒАЛЖАР ЖЫЛҚЫСЫ — ҚУАҢШЫЛЫҚҚА, СУЫҚҚА, ЫСТЫҚҚА БІРДЕЙ ТӨЗІМДІ, ҚАНДАЙ АУА РАЙЫ БОЛСА ДА ӨЗІНІҢ КҮЙІН БІРҚАЛЫПТЫ ҰСТАП ТҰРА АЛАТЫН ЖЫЛҚЫЛАРДЫҢ БІРЕГЕЙІ». БҰЛ — АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР АЙБЫН ТӨРЕХАНОВТЫҢ БЕРГЕН АНЫҚТАМАСЫ. 1998 ЖЫЛЫ РЕСМИ ПАТЕНТТЕЛГЕН ЖЫЛҚЫНЫҢ БҰЛ ТҮРІ ӨЗ БАСТАУЫН 1930 ЖЫЛДАН АЛАДЫ ДЕГЕН ДЕРЕК БАР. СОЛ ЖЫЛДАРЫ ЕМБІ ЖЫЛҚЫ ЗАУЫТЫНДА РЕСПУБЛИКАДА БІРІНШІ БОЛЫП ЖАБЫ ТҰҚЫМДАС ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫСЫН АСЫЛДАНДЫРУ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ. ОСЫНДАЙ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАР НӘТИЖЕСІНДЕ ҚОСТАНАЙ ЖӘНЕ КӨШІМ ТҰҚЫМДАРЫ ӨМІРГЕ КЕЛЕДІ. ОЛАРДЫҢ ТҰҚЫМАРАЛЫҚ СЕЛЕКЦИЯСЫН ЖЕТІЛДІРУ АРҚЫЛЫ 1960 ЖЫЛДАРДАН БЕРІ ҚАРАЙ ҒАЛЫМДАРДЫҢ БІРНЕШЕ БУЫНЫНЫҢ ЕҢБЕКТЕНУІНІҢ АРҚАСЫНДА МҰҒАЛЖАР ЖЫЛҚЫСЫ ӨСІРІЛЕДІ. МҰҒАЛЖАР ЖЫЛҚЫСЫ- ӨНІМДІЛІКТІҢ ЕТ-СҮТ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫ ТҰҚЫМЫ. БҰЛ ТҰҚЫМ — ЖЕРГІЛІКТІ ЖЫЛҚЫ ТҰҚЫМЫ — ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫСЫНЫҢ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ЕМЕС «ЖАБЕ» ТҮРІНІҢ НЕГІЗІНДЕ ЗАУЫТТЫҚ ТҰҚЫМДАРДЫ ҚОСПАЙ ЖАСАЛҒАН ӘЛЕМДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЕТ-СҮТ ТҰҚЫМЫ. ДЕРЕККЕ СҮЙЕНСЕК, БҮГІНДЕ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА МҰҒАЛЖАР ЖЫЛҚЫСЫНЫҢ ЕМБІ, ҚҰЛАНДЫ ЖӘНЕ ҚОЖАМБЕРДІ ДЕГЕН ТҮРЛЕРІ БАР. ЕҢ АЛҒАШ БАСТАП ӨСІРІЛІП, АТАУЫН АЛҒАН МҰҒАЛЖАР ӨҢІРІНДЕ ДЕ ОСЫ АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ЖЫЛҚЫНЫ ӨСІРІП ОТЫРҒАН ШАРУАШЫЛЫҚТАР БАР. ОЛАР ТУРАЛЫ «МҰҒАЛЖАР» ГАЗЕТІ БІРНЕШЕ РЕТ ҚАЛАМ ТЕРБЕДІ. АЛ БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗ СОНАУ СЕМЕЙДЕ МҰҒАЛЖАР ЖЫЛҚЫСЫН ӨСІРІП, БАПТАП ОТЫРҒАН ЕРЖАН ЖАЗЫБАЕВ ЖАЙЫНДА.
Семей қаласында тұратын атбегінің мамандығы заңгер, өзі Семей көркем жарнамалық өндірістік фирмасында директордың орынбасары қызметін атқарады. Ал оның мал шаруашылығымен айналысқанына 8 жылдың көлемі болған екен. 2020 жылдан бері «Ардақ» шаруа қожалығын басқарып келеді.
Жалпы мал шаруашылығын 2016 жылдан бастап қолға алдым. Бұл кәсіп мен үшін таңсық емес, өйткені көзімді ашқаннан осы малдың басықасында жүріп өстім, — деп бастады ол сөзін.
Ал соның ішінде мұғалжар жылқысына қызығушылығы 2021 жылы Ақтөбе қаласына барғанында басталған. Сол жылы арнайылап осы тұқымнан 2 бас жабағы алып келген. Бүгінде мұғалжар жылқысының барлық түрін өсіріп отыр.
Сірә, біртүрлі естілер, бірақ жылқының дәл осы түрін өсіруге «Мұғалжар» деген атауы себеп болды. Таудың атауы берілген жылқыны өз көзіммен көруге асықтым. Көргеннен кейін жылқының түрі мен түсі ерекше екені байқалды. Әрі бұл жылқы түрі өзіміздің қазақтың мақтан тұтатын брендіне айналған десе де болады. Алдымекн шыны керек, мұғалжар жылқысының шығу тарихымен таныстым, біраз ғылыми еңбектерді оқыдым, ішінде түртіп көрсетер жұмыстар да бар. Мәселен, 1970 жылы профессор Ю.Н.Барминцевтың басшылығымен өткізілген жұмыстарды атап айтуға болады. Бертін келе Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең алғашқы мұғалжар жылқысын селекциялық жолмен өсіру заңдастырылып, селекционер ғалым Серікбай Рзабаевтың жетекшілігімен Қайыңды, Ем-бі типтері шығарылған екен, — деді атбегі Ержан.
Мұғалжар жылқысының тұқымы күй талғамайды, құбылмалы ауа райына төзімді, денсаулығы мықты, мол өнімді келеді. Сондай-ақ қатал ауа райы жағдайының өзінде өсіп, жетіле береді. Жайылымда қомданған мұғалжар жылқыларын сойса, 55%-60% ет пен май түседі. Ал биелерінен тәулігіне 14-16 литр сүт шығады. Мұғалжар жылқы тұқымының тұқымдық айғырлары өз қасиеттерін Арал өңірінің шөлінде, Бетпақ дала желінде, Шығыс Қазақстанның биік тауларында, Орталық Қазақстанның сары аязында төзімді екендігін дәлелдеген.
Мұғалжар жылқысының басқа жылқылардан ерекшелігі төзімділігінде, яғни қысы жазы тебінге әбден бейімделген жылқы. Бұл тұқым томпақ, қарынды, мойыны жуандау, жалдас, шоқтығы биік емес, аяқтары қысқалау, жуан, шашалы болып келеді. Қазіргі таңда етті, сүт бағытында өте керемет нәтижелер көрсетіп отыр. Ал мұғалжар жылқысының күтіміне келетін болсақ, көп күтімді талап етпейтін жайлы жылқы, күйін жақсы сақтап тұрады. Нағыз қазақы тебінге арналған жылқы. Мұғалжар жылқысы біздің өңірде енді танылып келе жатыр, сұраныстар да жетерлік. Әсіресе, жастар көп қызығушылық танытуда, — деп Ержан Уахитұлы жылқының ерекшелігіне де тоқталып өтті.
Атбегі өткен жылы Ақтөбе қаласында өткен мұғалжар жылқысына арналған Республикалық семинарға арнайы барып қатысқан.
Мұғалжар жылқы тұқымына 25 жыл толуына орайластырылған республикалық семинар өте жоғары деңгейде өтті. Оны » Мұғалжар жылқысы » ЖШС — нің басшысы Бауыржан Арин ұйымдастырыпты.

Семинарда елдің әр түкпірінен келген ғалымдар , ғылыми қызметкерлер мен атбегі мамандар бұл түлік түрін одан әрі жетілдіру және көбейту жолдарын талқылады. Сол жерде білгеніміз, асыл тұқымды жылқы елдің әр өңірінде кең тараған екен. Табиғаттың кез келген құбылысына төзімді жануарға шетелдіктердің де қызығушылығы бар екендігіне де сол семинарда куә болдық. Семинар барысында жылқыны шығару жолында ұзақ жыл табанды еңбек еткен, осы жылқы түрінің авторы Серікбай Рзабаев пен өзге де ғалымдарға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ «Мұғалжар жылқысы» ЖШС-нің ауласында арнайы көрме ұйымдастырылып, сол жақ бүйірінде таңбасы бар асыл тұқымды жылқыларды тамашаладық. Көп дүниелер көрсетілді, біраз рухани байып қайттым десем де болады. Жалпы осындай семинарлар, іс-шаралар жиі өтіп тұрса екен деймін, — деді семейлік атбегі Ержан Жазыбаев.
Айгерім МАНАСБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

МЕКТЕПТЕРДІ САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ ЖӘНЕ БЕЙНЕБАҚЫЛАУМЕН ҚАМТУ БАСТЫ НАЗАРДА

admin_mugalzhar

«ЖЕМ САМАЛЫ — 2021» ӘН БАЙҚАУЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

«Таза Қазақстан» акциясы және ақтөбеліктер үлесі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.