«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕСІРТКІ… ЕРТЕҢІҢ МЕН ЕРКІНДІГІҢНЕН АЙЫРАДЫ!

Нашақорлық дерті жалпы әлем жұртшылығын алаңдатып отырған басты мәселе. «Алыстан арбаламайақ, жақыннан дорбалатар болсақ» ресми деректер елімізде бүгінде есірткіге еліткендердің саны 18 мыңнан асып жығылатынын айтады. Ал Ақтөбе облысында есірткіге тәуелділігі бар 8499 адам есепте тұр екен.
Оның 7325-і ер адам болса, 1174-і әйел. Ал ғасыр дертіне айналған есірткінің зардабын ауданда 8 мұғалжарлық тартып жүр. Оның ішінде токсикоманияға шалдыққан жасөспірімдер де бар. Бұл — аудандық полиция бөлімі мамандарының берген нақты дерегі. Толығырақ төменде тарқатамыз…

АУДАНДА 8 НАШАҚОР ТІРКЕУДЕ ТҰР
Бүгінде жалпы қоғамда есірткіге тәуелділік деңгейі өсіп барады. Қоғам үшін қауіпті саналатын бұл дерт жас та, жыныс та талғамайды. Ересектермен қатар көптеген жасөспірімдер де осы дерттің шырмауынан шыға алмай жүр. Есірткіге қарсы күрес әлем бойынша жүргізіліп келеді. Арнайы мамандар жастарды аталған зиянды әдеттен алыстату үшін кеңінен ақпаратпен қамтып, оның адам өміріне әкелетін қасіретін түсіндіріп, жаман қылықтан жирендіруге тырысып-ақ жүр. Бірақ, қасіреті сол, есірткіге елітіп, еліретіндердің қарасы азаймай келеді… Аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Дәурен Аманғали бүгінде аудан бойынша жаман әдетпен әуестенген 8 адамның есепте тұрғанын жеткізді.
— Жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелді болып, есепте тұрғандар жоқ . Бірақ түрлі иістер иіскеп, токсикома — нияға әуестенетіндердің бары жасырын емес. Нашақорлық қылмысының алдын ал мақсатында мектептерде оқушылармен, колледждерде студенттермен кездесулер өткізіп, оларға есірткінің зияны туралы толық мағлұмат беріп, одан келетін зардаптар жөнінде ескертеміз. Есірткі пайдаланудың арты аса ауыр қылмысқа апаруы мүмкін екенін де айтудай-ақ айтып жүрміз. Бүгінде балаларды ессіз қылықтан алыстатудың бірден-бір жолы — спорт. Спортпен шұғылданатын жастар зиянды әдеттерге бара бермейді, — деді ол.
Полиция капитаны Дәурен Аманғали есірткі саудасымен айналысып, қалталарын қалыңдататын қылмыскерлердің де барын жасырмады. 2022 жылдың бүгінгі күніне дейін есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылдар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296 бабы бойынша заңсыз есірткі затын сақтау дерегі бойынша 6 қылмыстық оқиға тіркелген. Аталған істің барлығы да сотқа жолданып, бүгінде қылмыстары толық дәлелденіп, заңды жазасын алған. Сонымен қатар жақын арада бір азамат есірткі затын заңсыз сатқаны үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 297 бабы бойынша ұсталып, уақытша тергеу изоляторында отыр екен. Бүгінгідей ғаламтордың шарықтап тұрған шағында әлеуметтік желі арқылы ашық сауда жасайтындар да көптеп кездеседі. Аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің мамандары мен Ақтөбе қаласындағы есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері бірлесе отырып, интернет желісін пайдаланушылар арқылы жасалған есірткіге қатысты бірнеше қылмыстың бетін ашқан.
— Біз есірткі қылмысына қарсы тұру, есірткі заттарын өндірумен, тасымалдаумен, сатумен, сондай-ақ синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін таратумен айналысатын адамдардың қылмыстық іс-әрекеттерін әшкерелеу және жолын кесу мақсатында жеделіздестіру шараларын жүзеге асырдық. Нәтижесінде, интернет арқылы заңсыз есірткі заттарын сатқан үш тұлғаны анықтап, жолын кестік, — деді Дәурен Аманғали.

ЖЕЛІМГЕ ЖЕЛІККЕН ЖЕТКІНШЕКТЕР ДЕ БАР
Жасөспірімдер әуестенетін тағы бір кесапат әдет — токсикомания. 20 жылдан астам Мұғалжар аудандық ауруханасында нарколог дәрігердің медбикесі болып қызмет атқаратын Гүлжанар Неталина токсикомания наркоманияның бір түрі екенін айтады. Оның сөзіне сүйенсек, токсикомания — бұл желім, лак және басқа да тұрмыстық химиялық препараттар секілді денсаулыққа улы, зиян, уытты заттар мен кейбір медикаменттерді мөлшерден тыс пайдалану.
-Қазіргі уақытта 9-15 жас аралығындағы кейбір балалар көбіне желім , лак секілді денсаулыққа зиянды, уытты заттарды пайдаланады. Қандыағаш қаласы бойынша 2 жасөспірім токсикоман ретінде тіркеуде тұр. Оның біреуі 2005 жылы, екіншісі 2006 жылы туылған. Біз бұл балаларды ай сайын бақылып, қадағалап отырамыз. Жақында оның біреуі Ақтөбе қаласындағы емдеу орталығына барып, емделіп келді. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Айта кету керек, бізде тіркеуде тұрған екі бала да қолайсыз отбасының балалары. Екеуі де өгей әкелерімен тұрады. Балалардың осындай жағдайға тап болуы отбасылық, әлеуметтік жағдайының дұрыс болмауына байланысты сияқты. Бүгінде токсикоман екенін көбісі мойындамайды. Көбіне ата-аналары мен жақындары байқап, бізге әкеліп жатады. Біз барынша көмегімізді тигізуге тырысамыз., — деді Жанар Бақтыбайқызы.
Осы орайда психолог мамандармен сөйлесіп, олардың да пікірін тыңдадық. Ембі аудандық ауруханасының психологі Жания Бұхарбаеваның айтуынша, жас жеткіншектердің токсикоманияға ұрынуына баланың өміріндегі кез келген мәселенің пайда болуы, баланың жүрген ортасы әсер етеді екен.
-Біз мектептегі барлық сынып — тарға арнайы бас сұғып , токсикомания мен наркомания бойынша алдын алу шарасын жүргіземіз. Психолог болғаннан кейін мұндай жағдайларға бейжай қарай алмаймыз. Баланың тәртібі мен тәрбиесін қадағалап, көзден таса қылмау — әр ата-ананың басты міндеті екенін айтудан шаршаған емеспіз. Әркез ата-ананың қадағалауында отырған балалар басқаша болады, жауапкершілікті сезініп, жан-жағына қарап, ақ бен қараны ажырата алады. Қалай болғанда да, бұл өте өзекті әрі өткір мәселе. Бұл жерде мұғалімдер де жауапты. Егер күнделікті қызмет кезінде шәкірттерінің бірінің сабаққа құлықсыздығын, үнемі шаршаңқы күйде жүргенін байқаса, педагог ретінде бақылау жүргізіп, ата-анаға және дәрігерлер мен психологқа хабар беруі тиіс, — деді ол.

ЕСІРТКІНІ ЕМДЕУДЕН, АЛДЫН АЛУ МАҢЫЗДЫ
Ембі аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нартай Теңізбаев аталған ауруханада нашақорлық бойынша диспансерлік есепте 2 адамның, консультативті есепте 3 адамның тұрғанын, оның ішінде нағыз инъекциялық есірткіні қолданатындардың жоқ екенін жеткізді. Ал токсикомания бойынша 2000 жылы туылған бір ер адам есепте тұр. Сондай-ақ ол есірткіге елігіп, жаман әдеттерге әуестенетіндерді емдеуден бұрын, оның алдын алу қажеттігін де тілге тиек етті.
-Ауруханада есірткіге тәуелді адам — дарды оңалту бойынш а жұмыстар жоспар бойынша атқарылу — да. Нашақорлықты медициналық алдын алудың маңызы зор. Емдеу химиялық тепе-теңдiктi үнемi қалпына келтiре бермейдi және пациентке өз өмiрiн бақылау қабiлетiн қайтарып бере алмайды, сондықтан да, емдетумен қатар нашақорлықты медициналық-әлеуметтiк оңалту және алдын алу маңызды орын алады. Десек те, алдын алудың өзара байланысқан мынадай екi бағыты болатынын ескеру қажет. Айталық, әлеуметтiк бағыттағы алдын алу және медициналық бағыттағы алдын алу. Олар өзара бiрлесiп, науқас адамның нашақорлыққа түскен жағдайдан шығуының толық процесiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Алдын алу әуел бастан кешендi сипатта болуы тиiс. Сондықтан оны денсаулы қ сақтау жүйесінiң ғана емес, басқа жүйелердiң де барлық ұйымдарына енгiзу және ол аталмыш мәселеге белгiлi бiр дәрежеде қатысы бар барлық ведомстволарда жүзеге асырылуы тиiс, — деді Нартай Сабыржанұлы.
Дәрігер нашақорлықтың адамның ішкі құрылысына, жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі, асқазан мен ішек жолдарына және тағы басқа ағзаларына өте үлкен көлемде залал әкелетінін де ескіртті. Оның соңы өліммен аяқталуы мүмкін екенін айтып, нашақорлық әлемдегі проблемалардың ең ауыры болып отырғанын тілге тиек етті.

Дерек пен дәйек
Әлемде 150 миллионнан астам адам есірткі пайдаланады. Ал кокаин мен апиынға 20 миллиондай адам құмар. Есірткі тұтыну жағынан Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Америка, Кариб бассейні аймақтарының тұрғындары алда тұр. Ал оны өндіруші әрі тасымалдаушы аймақ ретінде Орталық Азия елдері ерекше аталады. Деректерге сүйенсек, Ауғанстан әлемдегі наша өндірісінің 90 пайызын бір өзі қамтиды. Наша саудасында әр жылы 300-500 млрд долларға дейін ақша айналады. Ал Қазақстанда жыл басынан есірті саудасымен айналысатын 3 топ ұсталған. 22 нарколаборатория тәркіленген. 1400 сайт анықталған. 18 мың есірткіге тәуелді азамат есепте тұр. Оның 2500-і әйел, 94-і жасөспірім. Тіркеудегілердің басым бөлігі 14 пен 25 жас аралығындағылар.
P.S. ТОҚСАН АУЫЗ СӨЗДІҢ ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІНІН АЙТАТЫН БОЛСАҚ, НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСУДІБҮГІННЕН БАСТАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ. БАҚЫТТЫ БОЛАШАҚ ҮШІН БАЛАЛАРЫМЫЗДЫ ҚОРҒАП, САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН НАСИХАТТАЙЫҚ!
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Елімізде 13,7 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

admin_mugalzhar

ЖАҒАБҰЛАҚТАҒЫ ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ

admin_mugalzhar

«Таза Қазақстан» акциясы және ақтөбеліктер үлесі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.