«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУЫЛДАҒЫ ӘЖЕЛЕР АНСАМБЛІ

Мұғалжар ауданы Жұрын ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Сәулем-ай» аналар ансамблі 2018 жылдың наурыз мерекесінде тұңғыш рет халық алдына шықты. Содан бері бірнеше рет көркемөнерпаздар байқауына қатысып, ел ішіне таныла бастады. Ансамбльдің он бір мүшесі Жұрын ауылында әртүрлі салада еңбек еткен ана-әжелер. Мәселен, Рабиға Құлмұрзина, Ажар Дүзелбаева, Сәлима Утуллина, Гүлнар Сариманова, Күлданай Исимбетова — зейнеткер болса, Гүлжан Терекбаева — теміржол саласында медбике, Мәншүк Рахметова — кәсіпкер, Гүлмира және Гүлшарат Құлмағанбетовалар, Жанар Алдабергенова — үй шаруасындағы әйелдер, Света Дербісалина — мұғалім. Қайқайсысының да арнайы музыкалық білімі жоқ болса да, қазақтың ән-күйін жаны сүйетін, өнерге жақын жандар. Ансамбль жетекшісі — Мира Байсеңгірова. Ол Жұрын ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып жұмыс істейді.
«Өнерге, домбыраға жақын болуым атам Байсеңгірден дарыған деп ойлаймын. Менің туған жерім Байғанин ауданы — ән мен жырдың бесігі, қазақтың салт-дәстүрін ерекше сақтаған топырақ. «Сәулем-ай» әжелер ансамблінің құрылуына Жұрын ауылдық округі әкімі Рамазан Үргенішбаевтың ықпалы зор болды. Ауыл басшысы әжелер ансамблін құру арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұмыт болып бара жатқан халық әндерін жаңғырту қажет деген оймен жан-жақты қолдау көрсетті. Қазір репертуарымыз кеңейді, үлкендерден естіген халық әндерін жазып алып, әннің шығу тарихы, орындаушылары жөнінде де деректер жинастырамыз. Ертеде Қарақамыс жәрмеңкесінде Қызыл әншінің әндері өте танымал болған. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары аштықтан өлген осы әншінің мұраларын жинастырмақшымыз. Өкініштісі, ел ішінде барлық әннің тарихын жатқа білетін қарттарымыз өмірден өтіп кетті. Соған қарамастан халық әні болып айтылатын әннің жұрнақтарын ел ішінен әлі де кездестіруге болады. Әр мереке сайын сахнаға шыққанда, жаңа бір халық әнін дайындауға тырысамыз», — дейді Майра Бурабайқызы.
«Сәулем-ай» ансамблінің мүшелері қоғамдық жұмыстарға да өте белсенді қатысады. Ауылдағы тұрмысы төмен, жалғызбасты аналарға аналық ақыл-кеңес айтып, бала тәрбиесі жөнінде тәжірибелерімен бөліседі. Пандемия кезінде «Біз біргеміз!» акциясы аясында ауылдағы жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі жандарға бетперде тігіп, тегін таратты. Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында өткен «Ел іші — өнер кеніші» аудандық көркемөнерпаздар байқауына қатысып, «Ең үздік аналар ансамблі» атанды. Жұрын елді мекенінің мәдениетін көтеруге белсенді түрде кіріскен аналардың ауылдарды аралау жоспары бар.
Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ, Ақтөбе қаласы

Ұқсас ақпараттар

«СӘБИЛЕРІ СҮЙКІМДІ ТОП» АНЫҚТАЛДЫ

admin_mugalzhar

Елімізде 13,5 млн тонна астық бастырылды

admin_mugalzhar

Балаларға арналған барлық мемлекеттік мекеме тексеріледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.