«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

САБАҚ БАСТАЛАДЫ. ДАЙЫНСЫҢ БА, ОҚУШЫ?

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ӘНЕ-МІНЕ БАСТАЛҒАЛЫ ТҰР. ЖЫЛ САЙЫН ҚЫРКҮЙЕК ҚЫЛАҢ БЕРГЕННЕН БАСТАЛАТЫН ОҚУҒА ДАЙЫНДЫҚ НАУҚАНЫ БҮГІНДЕ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ ДЕСЕ ДЕ БОЛАДЫ. АТА-АНАНЫҢ ҚАЛТАСЫНА КӘДІМГІДЕЙ САЛМАҚ ТҮСІРІП КЕТЕТІН БҰЛ НАУҚАН БИЫЛ ДА ҮРДІСІНЕН ЖАҢЫЛМАДЫ. ОНЫ АЙТАСЫЗ, БИЫЛ БЫЛТЫРҒЫҒА ҚАРАҒАНДА БАҒАНЫҢ КӨККЕ ҰШҚАНЫ АЙТПАСА ДА БЕЛГІЛІ. СОНЫМЕН, ОҚУ ЖЫЛЫНА КІМ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛДЫ, ҚАНША ҚАРЖЫ ЖҰМСАДЫ? БАЗАРДАҒЫ БАҒАНЫҢ БАҒАМЫ ҚАЛАЙ? АТА-АНАЛАРДЫҢ ӨЗІ НЕ ДЕЙДІ?

Қала орталығында үлкен базар да, бірнеше дүкен де бар. Иә, бұл жерлерден балаға қажеттінің бәрін табуға болады. Алайда, үйдегі көңілді базардағы құбылған баға бұзады. Баланың мектепке киетін формасы мен аяқ киімі, сөмкесі мен өзге де қажеттілігі арзан тұрмайды.

Біз алдымен бастауыш сыныпта оқитын ер балалардың мектеп формасынан бастадық. Біз барған дүкендерде ер баланың костюм-шалбары орташа есеппен 16-18 мың теңге тұрады. Ал аяқ киімнің түр-түрі бар. 7 мың теңгеден басталған туфлидің бағасы жоғары қарай шарықтай береді. Ақ жиденің бағасы 5-10 мың теңгенің маңайы. Галстук пен белбеудің құны 500-1500 теңге болады. Ал қыз балалардың костюм-белдемшесін 10-15 мың теңгеден табуға болады. Ақ жидесі 3000 теңгеден басталып, 15000 теңгеге дейін барады. Ал аяқ киімі 7000-15000-ның аралығы. Оған шашына тағатын бантигін, ұсақ-түйек заттарын қосыңыз. Оның бағасы 1000-3000 теңгеден саудалануда.

Енді спорттық киімге ауысатын болсақ, спорттық киімнің арзаны 8 мың теңгеден басталады. Ол киімдердің де өндіруші ел мен сапасына қарай бағасы өсіп отырады. Ал спорттық аяқ киімдердің бағасы сапасына қарай бөлінеді. Арзандары 7000 теңгеден басталса, сапасына байланысты 15- 20 мың теңгеден асып түседі. Ал ақ футболка 1000 теңге мен 5000 теңгенің айналасы.

Дүкендер мен базарларда сөмкенің де түр-түрі толып тұр. Сөмкенің ең арзаны 3 мың, 3 жарым мың теңгеден басталып, 10-15 мың теңгеге дейін жетеді. Әрине, бұның бәрі қалтаңдағы ақшаңа, қандай сөмкені таңдағаныңызға байланысты. Материал жинақтау барысында базар ішіндегі баласын ерткен сатып алушыларды сөзге тарттық.

— Мен көп балалы ана, «Күміс алқа» иегерімен. Екі балам студент болса, үш балам мектепке барады. Кішкентайым балабақшада. Бүгін бір балама 17 000 теңгеге костюм, 9200 теңгеге спорттық киім, 5 800 теңгеге жилет, 3 800 теңгеге көйлек, 16 000 теңгеге туфли алдым. Жиыны барлығына 51 800 теңге кетті. Екі қызыма әлі алынған жоқ, екеуіне шамамен 150 000 теңге кетеді деп ойлап отырмын. Себебі қыздарға қажетті ұсақ-түйек заттардың қатары көп қой. Сонымен бірге спорттық киімдері бар, — деді қала тұрғыны Жанна Айбекова.

Өткен жылы ғана екі баласын 180 000 теңге жұмсап, оқу жылына бастан-аяқ дайындағанын айтқан қала тұрғыны Асел Айтуарова, осы жылы тек қажетті киімдерін алғанын жеткізді.

— Биылғы оқу жылына дайындық кезінде балаларыма тек қана қажетті заттарын алдым. Себебі өткен жылы алған киімдері биыл да киюге жарап тұр. Дегенмен биылғы қымбатшылық қысып барады. Қажеттісін алдым дегенде де 80 000-ға жуық қаржы жұмсадым. Арзан бағадағы киімдердің сапасы сын көтермейді. Бір жерінің тігісі кетіп тұрса, бер жерінің жібі шығып тұрады. Ал арзан аяқ киімдердің жағымсыз иісі болуы мүмкін. Енді жетіліп, дамып келе жатқан балаға тым арзан аяқ киім алып беруге жүрексінеміз. Денсаулыққа да мән берген абзал. Ал оқу-құралдарды әлі алмадық. Олардың да бағасы қымбаттап кеткен деп естіп жатырмын. 12 беттік қарапайым дәптерлердің өзі 45-50 теңге дейді ұзыққұлақтар. Қалған оқу құралдың қанша болғанын осыдан-ақ бағамдап отырмын, — дейді ол.

Мақала дайындау барысында мектеп формасын сататын бірқатар дүкенші-сатушылармен де сөйлестік. Олар да сатып тұрған

киім-кешегінің қымбат бағаға келетінін, шетелден жеткізілетін барлық тауардың бағасы АҚШ долларының құнына байланысты құбылатынын жеткізді.

— Сауда саласында жүргеніме бірнеше жыл болды. Жалпы мектеп формасы бір маусымда ғана жүретін сауда ғой. Сол себепті мектеп формасын сапасына қарай таңдап, тапсырыс береміз. Мен сататын мектеп формасының бағасы да сапасына қарай өзгереді. Келушілер де өздерінің қалтасына қарай таңдау жасап жатады. Қырғыздардың сапасына қарағанда түріктердің сапасы жақсырақ болады. Бүгінде Өзбекстаннан да тауарлар келіп жатыр. Бірақ өзіміздің отандық өнімдер мүлдем жоқ. Егерде осы киімдерді өзіміздің кәсіпкерлер қолға алып, жеңілөнеркәсіпті дамытса, киімдердің де бағасы арзан болар ма еді ойлаймын. Көпбалалы аналарға қолымнан келгенше бағасын түсіріп беруге тырысамын. Олардың кейбірі қарызға да алып жатады. Бір мезгілде барлық балаға киім сатып алу оңайға соқпайды, — деді саудагер Айжан Беркінбек.

Сонымен қала орталығындағы базарлар мен арзан дүкендерді аралап, баламыздың киім-кешегін түгендеп, аяқ киімін де алдық делік. Ендігі кезек — сабаққа қажетті оқу құрал. Олардың бағасына да көз жүгіртіп көрейік. Сауда сөресіндегі ең керекті дүниенің құнына көз жүгіртсек, ең қажетті саналатын 12 беттік дәптердің бағасы қала бойынша 45 теңгеден басталады. Ал қалың дәптерлер беттерінің көптігіне қарай 150-350 теңгенің аралығы. Қара қарандаш 25-30 теңге, қалам 20-150 теңге, «Балапан» дәптері 550 теңге, пәндік дәптер 800 теңге, сурет дәптер 120 теңге, фломастер 350 теңгеден басталып 500 теңгеге дейін, сызғыш 35 теңге, желім 180 теңге, ермексаз 420 теңге, өшіргіш 35 теңге, ұштағыш 80-150 теңге, күнделік 450-600 теңге, қайшы 250 теңге, санағыш 150 теңге, дәптер қап 10 данасы 200 теңге, кітап қап 10 данасы 800 теңгеден саудалануда. Қарындаш, қаламдар салатын сауыттар 450 теңгеден басталып 2000 теңгеден асып жығылады. Сонымен ең қажеттісін алып, барлығын есептегенде, жобамен 10 000 теңгеге жетіп жығылады.

Біз барған дүкен иелері сабаққа қажетті оқу-құрал бағаларының күн сайын өзгеріп келетінін жеткізді. Есімдерін жариялағысы келмеген көпшілігі бүгінгідей қымбатшылықтың қысып тұрған шағында қайырымдылық үшін аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға арзандатып, төмен бағаға сатып отырғандарын айтты.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АРМАНЫ — ОЛИМПИАДА ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРУ

admin_mugalzhar

ЖЕҢІСПЕН КЕЛДІ БАЛАЛАР

admin_mugalzhar

Түтінсіз темекіге тәуелділер саны артып барады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.