21 МАМЫР — АУДАНЫМЫЗДЫҢ РУХАНИ ДАМУЫНА ЖӘНЕ БАЙ МӘДЕНИ МҰРАМЫЗДЫ ДӘРІПТЕУГЕ ЗОР ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕН МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МЕРЕКЕСІ. ӘРДАЙЫМ АЙНАЛАСЫН ДУМАНҒА БӨЛЕП ЖҮРЕТІН ӨНЕР ИЕЛЕРІНІҢ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ САНАЛАТЫН АУДАННЫҢ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР, САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЖАСАЛҒАН ЖАҒДАЙ ТӨҢІРЕГІНДЕ СӨЗ ҚОЗҒАҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІК. СОНЫМЕН…
Бүгінде ауданымызда мәдениет саласын дамыту жүйелі жүзеге асырылып келеді. Сонымен бірге мемлекеттік тіл мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәуле Хамзина бүгінде ауданның мәдениет саласының қызметкерлері тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында көптеген жоспарлы және жоспардан тыс мәдени көпшілік, спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылатынын жеткізді.
— Соңғы жылдары мәдениет саласына, оның ішінде ауылдағы мәдениет ошақтарына жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп келеді. Атап айтатын болсам, соңғы жылдары елді мекендердегі мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өткізілуде. 2022 жылы Ақкемер мен Жұрын ауылдарындағы мәдениет үйі жөндеуден өтті. 2025 жылы Қаракөл, Егіндібұлақ ауылдық мәдениет үйі, Ембі қалалық мәдени орталығының ғимараты жөндеуден өтті. Сонымен қатар барлық ауылдық мәдениет ошақтары компьютермен, музыкалық аппаратурамен, сахналық киімдермен қамтамасыз етілді, — деді Сәуле Хамзина.
Бөлім басшысының айтуынша, бөлімге қарасты 18 кітапхана мен 18 мәдениет үйлері халыққа қызмет көрсетеді. Барлық мәдениет ошақтары халықтың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жоспарлы мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырады. Әртүрлі деңгейдегі аудандық, облыстық, республикалық байқауларға өнерпаздарды қатыстырып, өнерлерін шыңдап, жүлделі орындарға ие болуларына қолдау көрсетеді.
—Жастарды өнерге баулу жолында да көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мәдениет үйлерінің жандарынан би, көркемсөз, театр, вокал, домбыра, терме, ақындық өнер секілді үйірмелер жұмыс жасайды. Мұғалжар ауданында «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар 13 өнер ұжымы бар. Ақтөбе облысы бойынша ауданымыздағы «Халықтық» театр, «Көкай» әзіл-сықақ театры, «Триумф», «Алтынзер», «Құралай» би топтары, «Халықтық» ұлт-аспаптар оркестрлері, «Көзайым», «Қыздар» вокалдық тобы, «Жасын», «Қазына» вокалды аспапты ансамбльдері, «Ақ көгершін» балалар хоры, «Асыл әжелер» ансамблі алдыңғы қатардағы өнер ұжымдары деп айтсам, артық айтқаным емес, — деді ол.
Мұғалжар ауданының мәдениет саласында биыл да елеулі шаралар ұйымдастырылуда. Бөлім басшысы Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесін бекіту туралы» 2023 жылдың 24 ақпандағы №60 бұйрығымен бекітілген атаулы даталар, жоспарлы мәдени көпшілік шаралармен қатар, жерлес ақын-жазушыларға арналған республикалық, облыстық байқаулар өткізіліп жатқанын жеткізді.
—Жақында ғана 26 сәуір күні Ақтөбе қаласында Ахмет Жұбановтың шығармашылығына арналған «Саз әлемінің сардары» атты жеке аспапта орындаушылардың республикалық байқауын өткіздік. Аталған шараға Алматы, Астана, Атырау, Орал, Петропавл, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе қалаларынан өнерпаздар қатысты. Сонымен «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылына» орай, сәуір айында Мұғалжар аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аудан аумағындағы барлық мекемелердің арасында «Үздік кәсіпорын» аудандық байқауы ұйымдастырылды, — деді Сәуле Абдуллақызы.
Қай саланың болмасын қозғаушы күші кадрлар болғандықтан оларға қояр талап та, міндет те жоғары. Сол себепті бөлім басшысы мәдениет пен өнерді өркендету үшін ең бірінші кадрлардың біліктілігін, кәсіби деңгейін үнемі арттыру үшін орталық тарапынан кешенді шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
—Шын мәнінде мәдениет — қиындығы мен қызығы қатар жүретін үлкен сала. Сахнада ән салып тұрған әнші сырт көзге уайымы аз, жұмысы жеңіл болып көрінуі мүмкін. Көпшіліктің «ән айтып, қыруар ақшасын алып кетті» деп те ойлауы ықтимал. Бірақ сол бірнеше минут ән айтып шығу үшін, оның сыртында көптеген дайындық жұмыстарын жүретінін бірі білсе, бірі біле бермейді. Ауыл мәдениеті мен өнерін көтеруде клуб жұмысы уақыт талабына сай түрленіп, мәдени қызметтің жаңа тәсілдері мен әдістерін, түрлерін өмірге әкелді. Олар тұрғындардың әртүрлі талап-тілектерін қанағаттандыруға, талантты өнерпаздардың қабілеттерін дамытып, шығармашылығы үшін қажетті мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, әлеуметтік өмір салтын байытуға, жоғары рухани байлығын қалыптастыруда жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінде аудан бойынша мәдениет саласында 207 қызметкер жұмыс жасайды. 2024 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2 маман Қаракөл ауылдық мәдениет үйіне жолданып, бүгінгі таңда қызмет жасауда. Сонымен қатар ауылдық мекемедегі мамандар жыл сайын жылу маусымы кезінде бір жолғы отынмен қамтамасыз етіледі, — деді бөлім басшысы.
Ол алдағы уақытта жоспарланған мәдени шараларды өткізу, мәдениет ошақтарына интернет желісін қондыру, материалдық техникалық жағдайын одан әрі жақсарту, мәдениет мекемелерінің ғимараттарын кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізуді жоспарланғанын айтты.
—Мұғалжар ауданы облыс көлеміндегі ең үлкен аудан. Біздің ауданның мәдениет саласында өнердің барлық түрлері дамыған десек, қате айтпаған болар едік. Жоғарыда аталған халықтық, үлгілі ұжымдардың, одан бөлек термеші, күйші, эстрадалық әнші-лерінің жетістіктері өте көп. Біздің қазіргі таңда аса мән беріп отырған жұмыстарымыздың бірі — ол мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайы. Ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу, ауылдарда коворкинг орталықтарын ашу, сахналық киімдермен, компьютермен, музыкалық аппаратурамен қамтамасыз ету, — деді ол.
Бөлім басшысының айтуынша, ауданда 83 тарихи-мәдени мұра объекті бар. Оның ішінде 45 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген. Оның — 35-і археологиялық, бесеуі киелі, үшеуі монументтік өнер құрылысы, 38-і — ескерткіш. Тарихи мәдени мұра объектілерінің төртеуі біздің бөлімнің балансына алынған. Ал тоғызы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осыған сәйкес, ҚазақстанРеспубликасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 11-бабы негізінде, 2024 жылға арналған «Облыс аумағында тарихи және мәдениет ескерткіштерінің орнатылуы, қорғалуы және сақталуына арналған кешенді іс-шаралар жоспарын» басшылыққа ала отырып, қала және округ әкімдіктерімен өңір аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін зерделеу, төлқұжаттарын жинақтау, рәсімдеу, алдын-ала есепке алу тізіміне енгізу, және ары қарай пайдалану мен сақтау бойынша нәтижеге бағытталған тиісті жұмыстар жүргізілуде екен.
Аудан аумағындағы кітапханалар ұжымы ҚР «Мәдениет туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, ҚазақстанРеспубликасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын, аудан тұрғындарына мемлекеттік тілді насихаттаужұмыстарынжүргізеді. Сонымен бірге «Оқитын ұлт» жобасы бойынша республикалық «Бір ел – бір кітап», облыстық «Оқитын өлке» акциялары, «Әдеби өлкетану», «Нағыз оқитын кез» жобалары бойынша жұмыстар атқаруда.
—Кітапханашылардың мақсаты — көркем әдебиетті насихаттау, көрнекті қоғам қайраткерлерін, ғалымдарын, ақын-жазушыларын, өнер адамдарын дәріптеу шараларын ұйымдастыру. Осы орайда олар дөңгелек үстел, тақырыптық кеш, ақын-жазушылармен кездесу кештері, кітапханалық сабақ секілді дәстүрлі форматпен шектеліп қана қоймай, әдеби вернисаж, қонақжай, бенефис, батл секілді жаңа формалар да ұйымдастырылады. Сонымен қатар кітапханашылар заман талабына сай аудиторияларда, әлеуметтік желілердеақпараттықысқаданұсқа, ұтымды вариантта ұсыну жолдарын қарастырып, Inshot, VN, Capcut секілді видеоредактор бағдарламаларын меңгеруге ұмтылып, қазіргі актуальный медия, мобилография, копирайтинг саласын игеруге ұмтылуда. Сонымен бірге даталы күндерге байланысты іс-шаралар барысындағы осы аталмыш тақырыптар бойынша 35 әдістемелік басылым, яғни буклеткітапшалар, библиографиялық көрсеткіштер, ұсыныс тізімдері, жарнама парақшалары, флаерпарақшалар шығарылып таратылды, — деді бөлім басшысы.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ