ӘР ЖЫЛ САЙЫН ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ЖАҢАЛЫҚ ЕНІП ОТЫРАТЫНЫНА ҮЙРЕНІП ТЕ ҚАЛДЫҚ. БИЫЛ ДА БІЛІМ САЛАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНІП, ЖАҢА ЖОСПАРЛАР ҚҰРЫЛДЫ. МИНИСТРЛІКТЕН БАСТАЛҒАН БҰЛ ӨЗГЕРІСТЕР ОҚУШЫНЫҢ КИІМІН ДЕ, МҰҒАЛІМНІҢ БІЛІМ-БІЛІКТІЛІГІН ДЕ ҚАМТИ КЕТТІ. АЛ МҰҒАЛЖАРЛЫҚ БІЛІМ ОШАҚТАРЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚТАР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚТАРДЫ ЕНГІЗДІ. БҰЛ ТУРАЛЫ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ…
1390 БҮЛДІРШІН МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАЙДЫ
Аудан аумағында орналасқан 37 жалпы білім беретін мектеп жаңа оқу жылында 12777 оқушыны қабылдамақ. Аудандық білім бөлімінің берген мәліметі бойынша, аталған мектептерде жалпы саны 1573 мұғалім жұмыс жасайды. Оның 324-і бастауыш сынып оқушыларын білім нәрімен сусындатса, 1255 мұғалім түрлі пәндерден сабақ береді. Осы жылы аудан мектептеріне 12 жас маман жұмысқа қабылданған. Аудан бойынша осы оқу жылында 1-сыныпқа 1390 оқушы қабылданған.
МЕКТЕПТЕР ҚЫСҚА ДАЙЫН
Аудандық білім бөлімінің мамандары білім ошақтары қысқы маусымға толықтай дайын екендігін жеткізді. Орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылатын қала мектептерінің жылу жүйелері тексеріліп, ағымдағы жөндеуден өткен. Жоғарыда аталған 37 мектептің 14-і қатты отынмен, 1- еуі сұйық отынмен, ал қалғандары көгілдір отынмен жылытылады.
— Сапалы білім беру үшін ең бірінші балаларға жайлы жағдай жасалауы шарт. Қысы қытымыр біздің ауданда қыстың қамын жазда ойлауымыз қажет. Алдағы уақытта мектептер қыстан қысылмай шығуы үшін жылыту маусымына дайындықты қызу жүргізуде. Қатты отынмен жылытылатын мектептерге жалпы көлемі 2698,46 тонна көмір, сұйық отынмен жылытылатын мектепке 119,4 тонна сұйық отын сатылып алынып, бүгінде толықтай түсірілді, — деді білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жандос Байтақов.
МЕКТЕП ФОРМАСЫ ӨЗГЕРМЕЙДІ
Оқу-ағарту министрлігі биылғы оқу жылында мектеп формасын бірыңғай қою көк түске ауыстыруды енгізген еді. Дегенмен оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев бұл өзгерістің енгізілмейтінін айтып, «Алдағы оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгеріс енгізілмейді. Мектеп формасына қойылатын талаптар министрліктің 26-бұйрығына сәйкес сақталып қалды», — деді ол. Осыны ескерген аудандық білім бөлімінің басшылығы мектеп оқушыларының мектеп формалары мектептің ішкі тәртібіне сай былтырғы мектеп формасы күйінде қалдырылғанын айтты.
3 БІЛІМ БЕРУ НЫСАНЫНА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Олар — Қандыағаш қалалық №2 орта мектебі, Ембі қалалық №7 орта мектебі және Жем қалалық №3 Аула клубы. Ал ағымдағы жөндеуден 18 мектеп өткен. Қандыағаш қалалық №2 орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге бюджеттен 403 563,76 мың теңге қарастырылған. Ауыспалы кезең бойынша жөнделіп жатқан білім ордасына 2021 жылы 81 253 мың, ал биыл 322 310,76 мың теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тапсырыс беруші облыстық білім басқармасы «Алихан ойл З» ЖШС-мен, техникалық қадағалауға «ӘсемҚұрылыс-Қызылорда» ЖШСмен, авторлық қадағалау бойынша «Тенгри Строй Инвест» ЖШС-мен келісім-шарттарға отырған.
— Бөлінген қаржыға ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, терезе, есік, едендері алмастырылып, жылу жүйесі, электр желілері, өрт-дабыл жүйесі жөнделді. Сонымен қатар ғимараттың жертөле бөлігі, кәріз бен су жүйелерін жабдықтау, қасбетін қалыпқа келтіру, өрт дабылын орнату жұмыстары жасалды. Қазіргі уақытта нысанның 1-ші қабаты мен қасбеті жөнделуде.
Келісім-шарт бойынша жөндеу жұмыстары 2022 жылдың 30 тамызында толығымен аяқталады, — деді Жандос Байтақов Ал Жем қалалық мектептен тыс аула клубының ғимаратына күрделі жөндеуді «Стронеф» ЖШС-і жүргізеді. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 247 835,84 теңге бөлінді. Бөлінген қаржыға ғимараттың шатыры ауыстырылып, іші және сырты жөнделетін болады. Бүгінгі күні ғимаратта электр желілері жөнделіп, қабырғаларын кірпішпен қаптау, терезелерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған аула клубында қазіргі уақытта қолданбалы өнер, би, дебат, вокал, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, теннис сияқты үйірмелерге 250-ге жуық бала қатысып, уақыттарын тиімді пайдалануда. Жөндеу жұмыстары осы жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Ембі қаласындағы №7 жалпы білім беретін орта мектеп жанындағы интернатты жөндеуге бюджеттен 42 055 529,6 мың теңге бөлінген. Өткізілген конкурс қорытындысы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары «Намыс-Құрылыс» ЖШС-не жүктелген. Сонымен бірге интернат ішіндегі дәретханалар толығымен жөндеуден өтіп, асхана шатыры жаңартылып, сыртқы кәріз және жылыту жүйелері, электр желілері жаңаланады. Қазіргі уақытта 1-ші қабатта орналасқан дәретханалар жөнделіп, сыртқы қас беті толығымен жаңғыртылуда. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.
БІРНЕШЕ МЕКТЕПТІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ БАЗАСЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ
Оқушылардың ой-өрісін дамыту мен мұғалімдердің біліктілігін арттырудан бөлек мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтудың да маңызы зор. Бүгінде аудан аумағындағы білім ошақтарының материалдық базасын жаңғырту мақсатында бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын да жеткізді білім бөлімінің мамандары. Атап айтсақ, жаңа оқу жылында Мұғалжар орта мектебіне, Қаз.ССР 30 жылдық орта мектебіне, Құмжарған орта мектебіне, Қ.Жұбанов атындағы орта мектепке, А.Жұбанов атындағы орта мектептерінде физика, химия, биология кабинеттері жабдықталған. Енді ауыл мектептерінің оқушылары аталған пәндерді тереңірек меңгеретін болады.
ОҚУШЫЛАР ТЕГІН ОҚУЛЫҚПЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Аудан бойынша мектеп оқушыларына жаңа оқу жылында оқулық сатып алу үшін 157,779000 теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жандос Байтақов айтты. — Жергілікті бюджеттен оқулықтар мен көркем әдебиетті сатып алуға қомақты қаржы бөлінді. «Сатр», «НИШ», «Мектеп», «Мазмұндама», «Қазақ энциклопедия», «Атамұра», «Арман ПВ», «Келешек», «Оксфорд», «Фолиант», «Едустрим», «Алматыкітап», «Аль-наир» баспаларымен келісім-шарт жасалды. Биыл 2-сынып оқушылары жаңа оқулықтар алады. 1-11 сынып оқушылары оқу жылының басына дейін 100% тегін оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Оқушылар жоғарыда аталған баспахананың кітаптарымен оқиды, — деді ол.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ