Облыс басшысы іссапар барысында Мұғалжар ауданына қарасты 608 тұрғыны, 115 үйі бар Қаракөл ауылына барып, газ құбырын іске қосты. Өткен жылы басталған Жұрыннан Қаракөлге газ құбырын тарту жұмыстары биыл аяқталды. Қазіргі таңда көгілдір отынды үйлерге кіргізу жұмыстары жалғасуда.
Өткен жылы газ құбырын тарту кезінде жол бойында орналасқан «Дастан-1» ШҚ-н газбен қамту мақсатында қосылу нүктесі қалдырылып, қазіргі таңда шаруа қожалығы газды тұтынып отыр. Сонымен қатар 7 шақырым жерде орналасқан Жаңатұрмыс ауылын газбен қамту мақсатында арнайы газ құбырына қосылу нүктесі қалдырылып, ауылды газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды.
Кездесуде ауданның 2023-2027 жылдар аралығындағы даму перспективасымен, атап айтқанда, осы аралықта қандай ауылдар газбен қамтылатыны жөнінде облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Е.Мұздыбаев баяндады. Ол өз баяндамасында келесі жылдары Жарық, Мұғалжар, Жаркемір, Жаңатұрмыс ауылдарын газдандыру жоспарлануда екенін айтты. Сонымен қатар басқарма басшысы 2023-2024 жылдары Қожасай, Ащысай, Сабындыкөл, Бұлақты, 2024-2025 жылдары Құмсай, Ақсу ауылдарына газ тарту жұмыстары басталатынын да атап өтті.
Содан соң ауылдың ақсақалдары, қоғамдық кеңестің төрағасы Д.Тәженов және еңбек ардагері Қ.Тауланбаев көгілдір отынды қосу рәсімін жасады.
Осыдан кейін облыс басшысы Е.Тоғжанов «Берекет» ШҚ-ның басшысы М.Елжановтің үйіне барып, газ плитасының қосылуына қатысып, ауыл дәмінен ауыз тиді. 80 жастағы ауыл ақсақалы Қайболда Тауланбаев облыс әкіміне ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарына сәттілік тілеп, аулға келген газ, жөнделіп жатырған жол, ашылған өрт сөндіру бекеті мен орман шаруашылығы секілді жұмыстардың жалғасын табарына сенім білдіріп, өз батасын берді.
Алдыңғы