«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ералы ТОҒЖАНОВ: «Журналистер көтерген бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды»

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов ақтөбелік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланған бейресми кездесуге 40-қа жуық журналист қатысты.

Халық пен билік арасындағы алтын көпірді жалғап жүрген журналистер қауымы өңір басшысына көптен бері шешімі табылмай жүрген мәселелерді ортаға салды.

Облыс жолдары, қала тазалығы, үш ауысымды мектеп, ауызсу, экология, өзен арналарын тазартып, кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асыру барысы кездесудегі әңгіменің арқауына айналды.

Әр журналистің сұрағына жеке-жеке жауап берген өңір басшысы көтерілген мәселенің бірде-бірі жауапсыз қалмайтынын, бірі уақыт күттірмей шешілсе, енді бірінің кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын жеткізді.

—   Облыс көлемінде қордаланып қалған мәселелермен таныспын. Қазір бірқатарының шешу жолдарын қарастырып, іске асырып та жатырмыз.    

Әлеуметтік желілерде көтерілген жол, тұрғын үй құрылысы үлескерлері мәселесі, «Елек» өзенінің көпіріне қатысты және тағы басқа ұсыныстарыңыздың арқасында көптеген шаруалар қолға алынып, кейбірі шешілу сатысында тұр. Бұл — сіз бен біздің ел мүддесі үшін ауызбіршілікпен атқарып отырған жұмысымыздың жемісі. Халқымызда«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген жақсы сөз бар. Мен алдағы уақытта да өздеріңізбен бірлесе жұмыс жасауға дайынмын. Журналистер көтерген бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды, — деді Ералы Тоғжанов.

Ал журналистердің өңірдегі апатты, үш ауысымды мектептер және тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуге байланысты қойған сұрақтарына облыс әкімі:

— Апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін 2025 жылға дейін 100 пайыз шешуді жоспарлап отырмыз.

Ауызсуға қатысты мәселе тек бір-екі ауылда бар деп ойламаймын. Барлығын нақтылап, анықтауға тапсырма беремін. Облыс тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етуді бақылауға аламын. Ол үшін қажетті шаралар қолға алынатын болады, — деді.

Сондай-ақ кездесуде инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала бойынша сұрақтар қойылды.

Айта кетейік, облыс аумағында бір айға жетпейтін уақыт ішінде бірқатар өзекті мәселе оң шешімін тапты. Мәслен, жол құрылысына қажетті битум мәселесі шешілді. Заречный тұрғын алабындағы Елек өзені арқылы өтетін көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кездесуде облыс әкімі күзгі құбылмалы ауа райына байланысты жолды толығымен күрделі жөндеу мүмкін болмағандығын, келер жылы көпір үсті толық күрделіжөндеуден өтетінін айтты.

Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Есет батырдың 355 жылдығы қарсаңында оның мемориалдық кешеніне дейін демеушілер есебінен жол салынды. Ал көпшіліктің талқысына түскен 41-разъездегі Ақтөбе қаласының Оңтүстік айналма жолы мен Ақтөбе-Қандыағаш жолының бір жақ бөлігі қазан айының ортасында ашылады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

ЖАБДЫҚТАЛҒАН КАБИНЕТ — БІЛІМГЕ АПАРАР ЖОЛ

admin_mugalzhar

АУЫЛДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ САЛЫНУДА

admin_mugalzhar

ӨНЕРПАЗДАР БАС ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.